Адам саудасымен, адамдарды заңсыз бас бостандығынан айырумен, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеумен байланысты қылмыстарды анықтау мақсатында Атырауда 10-14 қараша аралығында республикалық «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев хабарлады. Жедел шара барысында облыс орталығында сексуалдық сипатта қызмет көрсету мақсатында адамдарға тиісіп тұрғандар анықталып, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 449 бабы «Қоғамдық орындарда тиісу» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, әрқайсысына 9723 теңгеден айыппұл салынды. Тексеру кезінде, олардың екеуі Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің азаматшалары, бірі Шымкент қаласынан келген 25 жасар бойжеткен болып шықты.