Жамбылда жалған діннің жетегінде кеткен 135 азамат қоғамға бейімделді
Жамбылда жалған діннің жетегінде кеткен 135 азамат қоғамға бейімделді
118
оқылды
Қазіргі таңда ең өзекті әрі тым нәзік сала – дін екені белгілі. Діннің атын жамылып өзінің жымысқы ойын жүзеге асырушылардың да белең алып кеткені жасырын емес. Тіпті бұқара қазір қай діннің хақ, ал қайсысы санаға теріс ағымның уын сеуіп жатқанын ажырата алмайтын  күйге түсті. Десе де Үкімет тарапынан жат  ағымдардың жолын кесу бағытында жан-жақты жұмыстар жүргізілуде. Жыл ішінде Жамбыл облысында да жалған діннің жетегінде кеткен 135 азамат қоғамға қайта бейімделген. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров  Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баян етті. Спикердің сөзіне сүйенсек, есепті кезеңде өңірде 4 жаңа мешіт тіркеуден өткен екен. Сонымен қатар тағы 13 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Алайда облыста  тіркелген 312 мешіттің 22-інде ресми бекітілген имам жоқ. Қазіргі таңда аймақта 400 діни қызметкер жұмыс жасайтын болса, оның 304-і имам-молдалар. 37-і найб имам. 31 азаншы болса, 28 ұстаз.
- Өңірдегі мешіттердің жалпы сиымдылығы 54090 адамға шақталған. Христиан шіркеулеріне келушілер 3800 адамды құрайды. Бүгінде деструктивті діни ағымдардың ықпалындағы 1000-нан астам азаматпен қоғамға бейімдеу бағытында жеке адрестік жұмыстар ҚР АҚДМ ұсынған критерийлерге сай жүргізілуде. Биылғы жылы жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде деструктивті діни бағыттағы 135 азаматты қоғамға қайта бейімдедік, - дейді Дін істері басқармасының басшысы.
 

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы