Шетелдіктер Қазақстанның бес аумағында заңсыз қаржы пирамидасын ұйымдастырған
Шетелдіктер Қазақстанның бес аумағында заңсыз қаржы пирамидасын ұйымдастырған
158
оқылды
Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті шетел азаматтарының қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегін анықтады, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі. Баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өздерін «Unique finance» шетел компаниясының өкілдері ретінде таныстырып, тұрғындарға қаражаттарын «Pepsi», «Nike», «Microsoft», «Ford», «BMW» секілді халықаралық ірі компаниялардың бағалы қағаздарына инвестициялауды ұсынғандығы белгілі болды. Салымшыларға ай сайын жалпы салған сомаларының 6%-ы көлемінде, сондай-ақ, жаңадан тіркелген серіктестің салым сомасынан 5% пайда алатыны уәде етілген. Осы компанияға ең төменгі салым 1000 АҚШ долларын құрағанын атап өткен жөн. Бірақ шындығында пирамида ұйымдастырушылары салымшыларға «бренд» компаниялардың жалған акцияларын ұсынып, олардың қаржысын иеленіп отырған. Олар мұндай заңсыз қызметті Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларында жүргізген. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР ҚК 217-б. 2-б. сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Құрметті азаматтар! Ақтөбе облысы бойынша ЭТД егер «Unique finance» компаниясына ақша қаражатын салған болсаңыз, ресми арызбен жүгіну қажеттігін хабарлайды»,-делінген хабарламада.