Қазір қандай кітапқа сұраныс жоғары? Соның ішінде қазақстандық кітаптардың қайсысы өтімді? Осы сұрақтың жауабы бәріне қызық-ау.
Әрине, соңғы кезде оқырманның сұранысы өзгерген. Оларды бұрынғыдай ақын-жазушылардың өлеңі не көркем дүниесі қызықтырмайтын секілді. Есесіне, психологиялық шығармалар – трендте. Оның басым көпшілігі әлеуметтік желі арқылы кітабын насихаттап, таралымын арттырып жатқан блогерлер. Ал Instagram желісінде психолог-тренерлердің кітабы өтімді болып тұр. Алайда биылғы жылдың кітап дүкендеріндегі ең үздік қазақстандық кітаптарды анықтауға тырыстық.
«Меломан» сауда желісінің менеджері Гүлмира Карпованың айтуынша, ең бірінші психологиялық және кәсіптік кітаптар сұраныста. Әсіресе, Дейли Карнеги мен Луиза Хейдің қазақ тіліне аударылған кітаптары өтуде. Одан кейін әлемдік әдебиет, әсіресе, классиканы оқитындар көбейген. Төртінші, орында – балалар әдебиеті тұр.
Кітап бойынша тізімді бастап тұрған – Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы мен «Абайдың қара сөздері».
– Биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Ұлы тұлғамыздың шығармалары үлкен сұраныста. Соған орай, өзіміздің Meloman Publishing баспамыздан бұл кітаптарды орыс және қазақ тілдерінде қайта басып шығардық, – дейді Гүлмира Карпова.
Екінші орында – Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы. Бұл көркем қиялдан жасалатын үйреншікті әдеби туынды емес, панфиловшылардың аты-жөндері толық сақталып, олар қатысқан ұрыстар сол қалпында суреттелетін әскери-документті шығарма. Онда кітап үшін тек Александр Бек жауап беріп қоймайды, сонымен бірге кітаптың шындығы үшін панфиловшылардың аруағы алдында, тарих алдында және замандастар алдында Бауыржан Момышұлы қоса жауап береді. Сондықтан повестің басты кейіпкері – әйгілі Панфилов дивизиясы батальонының командирі Бауыржан Момышұлы.
Үшінші орында Қуаныш Шомбайдың – «Екінші болма!» кітабы. Мұнда автор мысал келтіре отырып, тұлғаны және бизнесті дамыту жолы көрсетіп, екі жарым жылда «Rumi Group» мейрамханалар желісі ең дәмді, танымал және беделді брендке айналдырғаны жазылған.
Astana kitap кітап дүкеннің әкімгері Жадыра Ілиясованың айтуынша, оларда да үздік кітаптардың алдын бастап тұрған – «Абай жолы» және екі томдық Абай Құнанбаевтың шығармалар жинағы мен қара сөздері.
Төртінші орында – Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы. Ал Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі бестікте тұр.
Бұл халқымыздың XX ғасырдың басындағы этнографиялық энциклопедиясы іспетті аса құнды, қазақ руханиятының қазынасы. Салт-сана, дәстүр, ұлттық келбеті өте шынайы суреттеледі. Бауыржан Момышұлы Мемлекеттік сыйлыққа (1976) ие болған. «Ұшқан ұя» кітабында он алтыншы жылдың дүрбелеңі мен күштеп ұжымдастыру кезіндегі тартыстар батыл айтылып, Кеңес өкіметі қалыптасуының алғашқы жылдары кеңінен қамтылған.
Сондай-ақ ненің жақсы, ненің жаман екенін әжесінен үйренгенін мақтан етеді. Әкесі Момыш өз бетімен сауат ашқан, сол кездегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен танымал болатын. Бауыржан 3 жасқа келген соң анасы Рәзия қайтыс болады да, әжесі Қызтумастың қолында өседі.
Жетінші. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» шығармасы. Әдебиет әлемінде мәңгілік тақырыпқа айналған «махаббат мәселесі» – бұл романның асыл арқауы… Кезінде қалың оқырманның тұмарындай сүйікті шығармасы болған кітап бүгінгі күннің оқырманын да бей-жай қалдырмаған.
Жазушы Шерхан Мұртазаның қаламынан туған «Қызыл жебе», «Бесеудің хаты», «Сталинге хат», «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді» сынды туындыларының қай-қайсысы болмасын, оқырманның ыстық лебізіне ие болған кесек шығармалар. Әсіресе, көпшіліктің көңілінен шыққан «Бір кем дүниенің» орны тіптен бөлек. Бұл туындысында жазушы өмір жолындағы көрген-білгендерін, көңіл түкпіріндегі ойларын бүкпесіз баяндаған. Мұндағы аз сөзбен көп нәрсені аңғартатын әрбір ой-толғанысының негізгі түйіні «бір кем дүниеге» келіп тіреледі. Бүгінде бұл шығарма 8 орынға табан тіреді.
Кітап дүкендерінің өкілдері «ақын-жазушылардың еңбектері сұраныстан түсіп қалды» деген пікірмен келіспейді. «Жалпы, қазіргі таңда ондай тенденцияның бары рас. Дегенмен өз оқырмандарымыздың сұранысы негізінде көркем әдебиет оқылып жүр. Классик ақын-жазушыларымыздың дүниелері, танымал тұлғалар биографиясы, өлкетану кітаптары, аударма әдебиеттер», – дейді Qazyna кітап сауда үйі әкімгері Жанна Орынбек.
Тоғызыншы орынды – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі. Әлі күнге дейін бұл шығарма қолданыстан түскен жоқ. Кітапханаға да келушілер осындай классикалық шығармаларды көбірек іздейді. Ондықтың соңғы нүктесін қойған жазушы Мұхтар Мағауиннің кітаптары сұранысқа ие.
Жыл сайын ЮНЕСКО ең көп кітап оқыған елдің қаласын анықтайды. Мысалы, Picodi.com компаниясы өткен жылы Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка және Австралия елдерінен 7 800 адамға сауалнама жүргізген. Зерттеу барысында Picodi.com компаниясының сауалнамасына қатысқан қазақстандықтардың 67 пайызы кітап сатып алады екен. Тұрақты түрде кітапханаға барушылар 13 пайыз болса, кітапты достарынан сұрап алып оқитындардың үлесі 5 пайыз.
Жалпы статистика нәтижесі жаман емес: ерлердің 67 пайызы, әйелдердің 77 пайызы соңғы бір жылда кем дегенде бір кітап сатып алғандарын айтқан. Статистика көрсеткендей, елімізде ерлерге қарағанда әйелдер көбірек кітап оқиды екен. Сауалнамаға қатысушылар арасында аудиокітап тыңдаушылардың үлесі 3 пайыз ғана. Бұл елімізде баспа кітаптарға сұраныс әлі жоғары екенін көрсетеді.