Ынтымақ ұйыған, ырыс құйылған шаңырақ
Ынтымақ ұйыған, ырыс құйылған шаңырақ
211
оқылды

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассам­блеясы кеңесінің отырысы өтті. «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» тақырыбын арқау еткен жиын жұмысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үкімет мүшелері, Пар­ламент депутаттары, өңір әкімдері, ҚХА төрағалары, этно­мәдени бірлестік өкілдері мен қоғам қайраткерлері қа­тысты.

Татулыққа тірек болған ұйым

Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен, тұғырлы ұлт пен өзге эт­ностар арасындағы достық ке­лі­сімнің қазақстандық үлгісіне үле­сін қосқан Қазақстан халқы Ас­­самблеясына биыл 25 жыл тол­ды. ҚХА қазіргі кезде ұлыстың бір ұйытқысы, мемлекеттік тілді да­мытушы орталық, қазақтың қа­ра шаңырағы астында өзге эт­нос­тардың да дәстүрлерін сақ­тап, жаң­ғыртушы ұйым ретінде жұ­мы­сын жалғастыруда. Кездесу басында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ас­сам­б­леясының құрылу тарихы мен қалыптасу процесіне тоқ­тал­ды. – Мерейтойлық меже өткенді ба­ғамдап, атқарылған жұмысты сал­мақтауға себеп болып отыр. Ассамблея қиын уақытта құрыл­ғаны мәлім. Ол КСРО-ның күй­реуі, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығының қалыптасуы, тарихи тайталасулар, ертеңгі күнге деген сенімсіздік заманында іргесін көтерді. Соған қарамастан біз дәл сол тұста ұлтаралық татулық бас­ты байлығымыз болуы керегін ұғын­дық. Сондықтан 1992 жылы 14 желтоқсанда өткен Қазақстан ха­лықтарының форумында мен жұр­тымыздың келісімі, ұлы­сы­мыз­дың бірлігі, елдігіміздің бел­гісі болуы тиіс Ассамблеяны құру жөнінде бастама көтердім. Ал 1995 жылы 1 наурызда ҚХА құру ту­ралы Жарлыққа қол қойдым, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Елбасының айтуынша, осы ширек ғасырда Ассамблея консуль­тативтік-кеңес­ші органнан – Пар­ламентте өкілдігі бар жалпы­ұлттық институтқа айналды. – Ол азаматтық қоғамға тән әмбебап құрылымның озық үлгісін көрсете білді. Дос­­­тық, бейбітшілік, тыныштық пен се­нім – қоғам өмі­рінің ажырамас бөлігіне айна­луына маңызды үлес қосты. Тәуел­сізді­гі­міздің дамуы мен ұлттың қа­лып­тасуы жолында дәл осы құн­ды­лықтар негізгі алғышарт қыз­метін атқарды. Бұл жетістікке бүкіл халқымыздың, әрбір азаматтың арқа­сында қол жеткіздік, – деді Ассамблея Төрағасы. Оның пайымдауынша, бей­бітшілік, келісім және бірлік – мемлекеттік саясат­тың шешуші ба­сымдықтары болды, солай болып қала бермек. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станда тиісті заңдар қабылданғанын, соған сәйкес этносаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін кез келген әре­кет Кон­ституцияға қайшы деп таныла­тынын атап өтті. – Біз барлық азаматымыздың құқығын қорғаймыз. Қазақстанның бұл саладағы саясаты халықаралық талаптарға толық жауап береді. БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты іргелі ұйымдар еліміздің ұлтаралық қатынастар моделіне және ұлт бірлігін ны­ғайтуға бағытталған күш-жігеріне үнемі жоғары баға беріп келеді, олар оны өзгелерге ұдайы үлгі етеді, – деді Елбасы. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назар­баев «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасын жүзеге асыру бары­сында қол жеткізілген нәти­желерге тоқталды. – Қоғамдық сананы жаңғырту үшін «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын қолға алдық. Оның мақ­саты – жаңа жағдайға сай халқы­мыздың санасын, ақыл-ойын, өмір салтын өзгерту, жаңғырту. Мұны терең ұғы­на білгеніміз жөн. Біздер, яғни аға буын өкілдері Кеңес тұсында, бөтен идеологияда өмір сүрдік. Бөлек психологиялық қалыпта, мұрат-мақсатта тәрбие­лендік. Енді өмір өзгерді. Қата­рымызға тәуелсіздік аясында дү­ниеге келген жаңа буын өкілдері қосы­луда. Ендеше бүгінде бәрін қайта қарап, заман талабына сай келтіруіміз қажет. Сананы, ойлау­ды, болашаққа деген көзқа­расты өзгерту керек, – деді ол.

Тіл – текті елдің тұғыры

Тұңғыш Президент мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлі барлық этнос тарапынан қолдау тапқанын баса айтты. Сондай-ақ коронавирус індеті жайлаған пандемия кезінде Ассамблея өкілдерінің халыққа қолдау көрсету бағытында атқарған жұмы­сына ерекше тоқталды. Мәселен, Елбасы бастамашы болған және Ассамблея ілгерілеткен «Туған жер» бағдарламасы аясында 12 мыңдай меценат кіндік қаны тамған өлкесіне жалпы сомасы 270 миллиард теңге инвестиция са­лыпты. Нәтижесінде, ауыл-ай­мақтағы 4 мың 700-ден аса әлеуметтік, мәдени нысан жөндеу­ден өткен, қайта жаңғырған. Н.Назарбаев бұл ізгі жұмыс ары қарай жалғасын табуы керегін нықтады. Назарбаев Тұңғыш Президент қазақ ті­лінің – бірлікті нығайтушы, елді тұтастырушы фактор ретіндегі әлеуе­ті зор екенін нықта­ды. Мем­лекеттік тіл этносаралық қарым-қатынас тіліне айналуы үшін оны үйренетін адамдардың санын, топ­­тарын және са­наттарын кезең-кезеңмен ұлғайта түсу қажет. – Елде қазақ тілін тегін үйре­тетін 90 орталық жұмыс істейді. Алайда олардың тиімділігі жұмсарта айтсақ, әділетті сын тудырады. Демек, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктері мем­­­лекеттік тілді меңгеру жүйесінің тиімділігін барынша көтеруі тиіс. Біз әрбір бала мектептен түлеп ұшқанда қазақ тілінде еркін сөйлеп, оқып, жаза білетін күнге жетуіміз керек. Соған қажетті жағдай жа­сауы­мыз керек. Бұл олардың мем­лекеттік қызметте, эконо­микада, барлық салада жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, – деді Елбасы. Ол еліміздегі мемлекеттік тілдің бі­ріктіруші рөлін бүкіл этнос өкілінің түсініп, қолдауы – үлкен мән-маңызға ие екенін жеткізді. – Еске түсірейікші, Қазақстан тәуел­сіздікке қол жеткізген 1991 жылы қазақ­стандықтардың тек 37%-ы ғана мемлекеттік тілді біле­тін. Қазіргі кезде жағдай түбе­гейлі өзгерді. Кейбір бағалау бойынша аза­маттарымыздың үштен екісінен астамы мемлекеттік тілді меңгерген. 20 жылдай бұрын ЖОО студент­терінің небәрі 27%-ы қазақ бөлі­мінде оқыса, бүгінде бұл көр­сеткіш 83%-ға жетті. Бұрын қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілін табу проблема болатын. Енді өзге этнос өкілінің қазақша сөйлеуі қалыпты дүние. Мем­лекеттік тіл – жалпы мойындалған азаматтық маркерге айналды, – деді Н.Назарбаев. Оның байламынша, бұл – біріншіден, мемлекетті құраушы ұлттың тіліне деген құрмет. Екіншіден, барлық азаматты ең алдымен, тіл біріктіретін болады. – Айталық, Америкада да қаншама ұлттың өкілі тұрады, ал оларды аме­рикалық етіп, топ­тастырып отырған – ағылшын тілі. Адам өзге тілді жақсы білген сайын мәде­ниетті бола түседі. Көпшілік мұны ортақ мақсат үшін жасап отырғанымызды түсі­неді деген сенім­демін. Бұл ретте түрлі этносқа жататын ата-аналар өз баласын қазақ бала­бақ­шасына, қазақтілді мектепке және жоға­ры оқу орнын­дағы қазақ бөліміне бере бастағаны қуантады. Мұндай оңды бет­бұрысты қолдау қажет, – деді Қа­зақ­станның Тұңғыш Президенті. Қазақстанда балаларды қазақ тілінде оқытатын 5 мың 644 жеке ұйым, 3 мың 800 қазақ мектебі жұмыс істейді.

Қазақ – мемлекет құрушы ұлт

Отырыс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғам келісімі мен ел бірлігін ны­ғайту жолындағы негізгі мін­деттерге егжей-тегжейлі тоқталды. Елбасы Үкімет тарапынан елдің тұрақты экономикалық дамуына, азаматтардың әлеуметтік жағдайын және жалпы елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталған дағ­дарысқа қарсы шаралар қабылданғанын еске салды. – Кәсіпкерлікті қолдау және эконо­микалық дамудың елімізде қабылданған мемлекеттік бағдар­ламалары миллиондаған қазақ­стандықты тұрақты табыспен қам­туға мүмкіндік берді. Бүгінде Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл Жолдау ел өмірінің барлық саласындағы рефор­малардың ауқымды бағдар­ла­масы іспеттес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Этносаралық қатынастарда жаңа, инк­люзивті саясатқа деген сұраныс барын айт­қан ҚХА Төрағасы қоғамды біріктіру үде­рістерін тереңдетуге бағытталған іс-шаралар әзірлеудің маңыз­дылығын нұс­қады. – Бірлік пен келісімнің қа­зақстандық моделінің интегра­циялық әлеуетін тиімді әрі белсенді түрде жүзеге асыруымыз ке­рек. Қазақстанның этностық және мә­дени әралуандығын бәсекелік артықшылыққа және елді дамы­тудың, тәуелсіздікті нығай­тудың тиімді тетігіне айналдыру жұмысын жалғастыру қажет. Татулық, келісім мен бірлік – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты болып қала береді. Осы құнды­лықтар арқасында біз өркендейміз, елдің әл-ауқатын арттырамыз, адамдардың өмір сүруі үшін жақсы жағдай жасай аламыз. Бұл – этносаралық қатынастар саласын­дағы мызғымас ұстаным және ол өзгер­мейді, – деген Елбасы Ассамблеяға осынау ортақ, қазақ­стандық құндылықтар ай­наласында барлық этностарды топтас­тыруға бағыт­талған жұмыс жүргізуді жүктеді. Ол елдегі ұлтаралық ынты­мақ­тастықты нығайту үшін қазақ хал­қының артып келе жатқан та­рихи рөлі мен жауапкершілігін тілге тиек етті. – Қазақ халқы мемлекет құру­шы ұлт деп нық сеніммен айта аламыз! Халқы­мыздың басым бө­лігі – қазақ. Сонымен бірге өзімізді, ұлттық намысымыз бен қадір-қасиетімізді және тілімізді құрмет­тей отырып, еліміздің дамуына үлесін қосып жатқан басқа да отандастарымызға құрмет­пен қа­рауымыз керек. Қазақстанның және оның барлық азаматтарының мықты және тартымды болаша­ғының бейнесін тек бірлесе қалып­тастыруға болады, – деді Н. Назарбаев.

Этностардың елге үлесі артуы қажет

Елбасы барлық этнос өкілін ел өміріне белсене атсалысуға ша­қырды. – Халықтың үштен бірі – түрлі этнос өкілі. Қазақстанның жетіс­тіктеріне қосқан олардың үлесі баршаға аян және біз осы әлеуетті одан әрі арттыруға тиіспіз. Әсіресе, бұл этникалық топтар бір аумақта шоғыр­лана орналасқан жерлерге қатысты. Бір жағынан онда осы этностардың дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау және дамыту үшін тиісті жағдай жасалған. Ал екінші жағынан осы негізде біз мәдени, лингвис­тикалық және әлеуметтік-экономикалық тұрғы­дан ашық, оқшауланбаған қоғам­дастықтарға қолдау көрсетуіміз керек, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы. Сонымен қатар ол ҚХА-ның ақпарат­тық-идеологиялық жұмы­сында жастар арасындағы толе­ранттылықты күшейтуге және ксе­­­­нофобияға қарсы күреске ерек­ше мән беру керегін айтты. – Ассамблея елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің ортақ тілегі мен ұм­тылысының арқасында құрылды. Ассам­блея – бүкіл халқы­­мыз бірлесіп көтерген ортақ бір шаңырақ. Бәріміз оны қастер­леуіміз керек. Біздің интегра­циялық моде­ліміз – әрі қарай өмір сүріп, дами беретін әлеуметтік-мәдени, өркениетті тірегіміз, – деп түйді ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес отырысы барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының жаңа орын­басарлары таныстырылды: бұл лауа­зымға Алматы облысындағы Ұйғыр мә­дени орталығының төрағасы Закиржан Кузиев және Kazakh TV телеарнасының директоры, ҚХА журналистер клубының төрағасы Мая Бекбаева тағайындалды. ЮляЮлия ЛАГУТКИНА, «Оберег» украиндар қоғамы  жастар қанатының мүшесі, студент:

2021 жылды тіл үйрету жылы деп жарияласақ

– Солтүстік Қазақстанның тұрғындары қазақша сөйлемейді деген стереотип қалыптасқан. Олай емес, әрине. Бұған СҚО тұрғыны – мен дәлелмін. 10 жыл бойы орыс мектебінде оқыдым. Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігімді ауыл­дағы қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жанар Құсайынова оятты. Ол кісі сабақ үстінде «Қазақстанның болашағы – қазақтілінде» деген сөзіңізді жиі қайталап айтатын. Кішкентай кезімнен Елбасы алдында қазақша сөйлесем деп ар­мандаушы едім, сол арманым орын­далды. Бұған дейін қазақ тілінде көсіліп сөйлейтін Надежда Луш­­никова, Татьяна Бурмистрова, Асы­лы Осман сияқты тек санаулы апа­ларымызды жұртшылық білетін. Енді мен сияқты қазақтілді жастар мыңдап саналады. Президент Қ.Тоқаевтың: «Қа­зақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру» тапсырмасын мемле­кеттік тілді еркін меңгерген этнос жастары күнделікті жүзеге асырып жатыр. Қазақстан халқы Ассам­­блеясы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумын бір жыл ішінде 4 мәрте өткізді. Ал жақында Алматы қаласында Ассамблеяның Қазақ тілін меңгеру жөніндегі бірінші конгресі өтті. Осы орайда, ұсынысым бар: келер жылды «Қазақ тілін үйретуші ерік­тілер жылы» деп жарияласақ. Тіл мәсе­­лесін тек мемлекетке жүк­теп отыр­май, оған барлық азаматты атса­лысуға шақырамын. Қазір кейбір жас жайлы жерді шетелден іздейді. 2014 жылы менің туған ағам да Ресейге көшіп кетті. Мен мектепті бітірген кезде қасына алғысы келіп, Томскіге оқуға ша­қырды. Алайда бармадым. Өйткені менің туған жерім – Қазақстан! Өз Отанымда тұлға ретінде қалып­­та­сып, еліме титтей болса да пай­дамды тигізгім келеді. ДинараДинара НҰРАЛИЕВА, Тараздағы №34 орта мектептің директоры:

Өзге ұлттар паспортына «қазақ» деп жазса

–Жамбыл облысындағы Жал­пақ төбе ауылының көпұлтты отба­сында тәрбиелендім. Әкем – дүнген, анам – ұйғыр. Арғы ата­ларым – орыс, өзбек, татар және басқа да бірнеше ұлттан тарайды. Олай болса, менің бойымда бүкіл Ассамблеяның қаны бар деп айтуға болады. Қазіргі уақытта Қазақстанда бойында 7-8 этностың қаны бар мен сияқты жүздеген мың адам тұрады. Мүмкін, осындай азаматтар төлқұ­жатына «қазақ» деп жазатын уақыт келген шығар? Бейбітшілік, бірлік, ынтымақ ұғымдарының өте қастерлі екенін соңғы бір-екі айда Беларусь, Қыр­ғызстандағы оқиғалар, Әзербай­жан-Армения қақтығысы айқын көрсетті. Осының өзі татулығы­мызға мұқият болуымыз керегін тағы да дәлелдеп берді. Елбасының терең, кемел саясаты бізге бейбіт өмір сыйлады. Одан айырылып қалуға біз ешқашан жол бермейміз. Қордайдағы оқи­ғалар жанымызға қатты батты. Елбасы мен Президент қиын сәтте Қордайға келіп, ха­лыққа қолдау білдірді. Бұл бола­шағымызға сенім ұялатты. Сол кезде біз «бір халық, бір – тағдыр, бір – ел» екенімізді тағы бір мәрте сезіндік. Қазақстанда өшпенділік жоқ, болмайды да, оған кепіл – Елба­сымыздың ақ батасы мен қазақтың дарқан жүрегі. Бүгінде Жамбыл облысында аралас мектептерде мем­лекеттік тілде білім беретін бі­рінші сыныптар көбейе бастады. Мектеп директоры ретінде өз ұсынысымды жеткізгім келеді. Егер респуб­­лика­мыздың әр өңірінде аралас мектеп­терді кезең-кезеңімен тек мемле­кеттік тілде білім беруге көшіргеніміз жөн. Бұл шешім бар­лық қазақ­стандық баланы кіш­­кентай күнінен ешқандай бөлінуге жол бермей, қазақ тілін жетік меңгеруге нақты қадам болар еді! Бізде бір ғана ортақ мемлекеттік тіліміз, бір ғана ұлтымыз, бір ғана Отанымыз болуы тиіс! ВячеславВячеслав ВАВИЛИН, Кәсіби әскерилендірілген апаттық- құтқару қызметтері орталық шта­бының ШҚО филиалының директоры:

4 балама тегіс қазақы ат қойдым

– Шат-шадыман ел болдық, асусыз асқар бел болдық. Осы нәтиже Елбасы саясатының және барша халықтың істеп жатқан ең­бегінің арқасы. Біз, қазақ елін мекен еткен түрлі ұлттың өкілдері, біртұтас тату халық болып, елі­міздің дамуына зор үлес қосамыз. Келесі жылы егемен еліміздің 30 жылдық мерейтойын тойлаймыз. Еліміздің бар жақсылығы әлі алда! Әлем мың құбылып тұрғанда біздің тыныш­тығымыз – басымыздағы үлкен бағымыз. «Кімнің жерін жерлесең, соның жырын жырларсың» дейді қазақ. Менің ныспым орыс болса да, «Қа­зақпын» деп айтуды мақтан етемін. Бұған дәлел ретінде мен төрт балама қазақша, мұсылманша ат қойдым. Сәфия, Мұхаммед, Адам және 16 желтоқсан – Тәуел­сіздік мерекесі күні дүниеге келген кенже баламды «желтоқсан» сөзінің мағынасын беретін Жәди есімімен атадым. Алда – сайлау науқаны. Мәжіліс депутаттығына ҚХА-дан 9 адам сайланады. Ал Ассамблеяның әрбір депутаты өз ұлтының пайдасын емес, бүкіл Қазақстан халқының мүддесін қорғауы тиіс екенін ұмытпауы керек. «Туырлығын тілгілеп, тоқым етсем деп едім» дейтіндер қаншама, қазіргі уақытта. Ұлтаралық қатынастарға қатысты әлеуметтік желіде айтылып жатқан арандатушы сөздерден аулақ бол­масақ, бұл жақсылыққа әкелмес. Әрбір азаматтың, әсіресе жас­тардың сабырлық және әдептілік танытқаны абзал. Осы саланы нақты реттейтін заңдардың қатаң орындалуын қамтамасыз етудің, керек болса, оларды жетілдірудің уақыты келді деп санаймын. НатальяНаталья ДЕМЕНТЬЕВА, Көкшетау қалалық Техникалық лицей директоры:

Ата-анамның Қазақстанды таңдағанына ризамын

– Мен қазақтың сал-серілері дүниеге келген киелі мекенде туып-өстім. Әкем жағындағы орыс ұлты­нан тараған аталарым ІІ Дүние­жүзілік соғыс жылдарында Манч­журиядан Солтүстік Қазақстанға қашқан екен. Соғыс басталған кезде оларға – «кең далаға қа­шыңдар, сол жерде қазақ халқы көмектеседі» депті. Олар тура солай жасады. Ал анамның жағындағы мордвиндер бұл жерге білім алуға келіп, елімізге ғашық болып, өмір-бақи осында тұрақтап қалды. Сондықтан туған Қазақстанға деген сүйіспеншілік – бұл менің ата-анамның саналы таңдауы және сол үшін оларға мәңгі ризамын. Мен – мұғаліммін. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – біздің, яғни ұстаздардың қолында. Панде­­мия­ның қиын кезеңінде жаңа тех­нологияларды меңгеріп жатыр­мыз. Әлем өзгерді, біз балаларды да жаңа өзгерістерге бейімделуге үй­ре­­­туде­міз. Қашықтан оқыту – бә­ріміз үшін сынақ. Енді бұрын­ғыдай өмір бол­майтынын жақсы тү­сінеміз. Менің мектебімде 17 этностың балалары оқиды. Олар үшін бі­лімнің салтанаты, сананың ашық­тығы, праг­­матизм, ұлттық код – жай сөз­дер емес. Елбасының «Бо­лашақ» бағдарламасы, Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев университеті біздің балаларымыз үшін құнды тұғырнама болды. Мен мұғалім ре­тінде Назарбаев уни­верситетінің базасында респуб­ликадағы барлық мектептегі да­рын­ды балалармен қашықтан жұмыс істеу бағдар­­ла­­масын енгізу туралы ұсынысымды айтқым ке­леді. Бұл мыңдаған да­рынды оқу­шымыз, әсіресе шалғай ауылдарда тұратын балалар үшін өте қажет. ЗакирджанЗакирджан КУЗИЕВ, ҚХА Төрағасының орынбасары:

«Біз біргеміз!» – аударманы қажет етпейтін ұғым

– Егер менен: «өмірдегі ең маңызды нәрсе не?» деп сұраса, мен: «Ең бастысы – Қазақстанда дүниеге келдім!» деп жауап беремін. Қазақстан – түрлі этностың мил­лиондаған өкілі үшін қамқор әрі мейірімді Отан-ана. Бұл – ашық мүмкіндіктер мен алға ілгерілеудің, бейбітшілік пен достықтың елі. Біз мақтан ететін Қазақстанды Елбасы өз қолымен жасады. Менің ұлтым – ұйғыр. Ұйғыр халқының басынан өткерген қиын тарихы мәлім. Қазақ халқына алғысымыз ай­рық­ша зор! Қазақстандағы ұйғырлар еш алаңсыз өмір сүруге және бала­ларын тыныштықта өсіруге мүм­кіндік алды. Бүгінде ұйғырлардың жүрегі басқа емес, «Қазақстан» деп соғуда. Менің қазақ халқы алдын­дағы жеке парызым – Отаны­мыз­дың гүлденуі жолында күш-жігер салып, өмірді пида етуге дайынмын. Орталық Азия мен Қазақстанда жалғыз Жаркент крахмал-сірне зауытымыз жүгері­нің терең өңделуі есебінен 29-дан астам өнім түрін өндіреді, олардың 65%-ы Орталық Азия мен Еуропа елдеріне экс­портталады. Бұл мін­деттерді шағын және орта кәсіп­керлік иелері асыра орындап отыр, ал ол – тұрақтылық пен бірліктің негізі. Жыл басынан бері Қазақ­­стан­ның ұйғыр этномәдени орта­лығы 120 млн теңгеге қайырым­дылық іс-шараны жүзеге асырды. Жалпы, Ассамблея биыл ел аза­маттарына 1,5 миллиард теңгеге көмек көр­сетті, 335 тонна гума­­ни­­­тарлық жүк жіберді, 2 миллион­нан астам ме­дициналық бетперде та­ратты. Ерік­тілер жылында «Біз біргеміз!» ұра­ны әр қазақстандық еріктінің ұра­нына айналды. Бұл ұғым ау­дарманы қажет етпейді.

Айхан ШӘРІП