Ұстаздар жұмыла жинайтын «жылу»
Ұстаздар жұмыла жинайтын «жылу»
185
оқылды

Мектепте қит етсе мұға­лім­дерден ақша жиналатын «үрдіс» бар. Мәртебесін кө­теру үшін айлығы әзер кө­те­ріл­ген қауым заңсыз ақшалай алым-салымға қарсы тұруға әзір­ге дайын емес. Сондық­тан бұға берген сайын сұға бе­­ріп, жалақысы ырың-жы­рың­ға айналып отыр. Мәсе­лен, мек­тептерде сани­тар­лық-эпидемиялық талаптар сақ­­тал­мағаны үшін СЭС тара­пынан салынған айыппұлды ұжым­ бо­лып төлейтіндер бар. Болмаса, күні кеше Шым­кент­те бір­неше мұғалім ди­рек­тордың ақша жинайтынын айтып ша­ғымданғаны туралы ақ­парат шықты. Заңсыз жи­налатын қара­жатқа қашан тоқ­тау қойы­лады?

1 қыркүйек пен 15 қазан ара­лығында кезекші сыныптар мен топ­тарда санитарлық-эпидемия­лық талаптарды бұзған мектептер мен балабақшалар қомақты со­мада айыппұлға іліккен. Нақ­тырақ айтсақ, мектептер – 37 млн тең­ге­ге, балабақшалар 2,3 млн тең­ге тө­леуге міндеттеліпті. Бір ай­та ке­терлігі, бұл айыппұл әдет­тегі жос­парлы тексеріс кезінде ғана емес, елдегі ахуалға бай­ла­ныс­ты са­нитарлық талаптардың сақ­талуын қадағалау мақсатында жа­сал­ған бақылау нәтижесінде де тір­­келген. Яғни, мұғалімдер мен оқу­­­шылардың бетперде тақпа­ға­ны, санитайзерлердің болмағаны, та­­­залық сақталмағаны үшін са­лын­­ған. Негізі, мектеп не балабақша ұжы­мы үшін «СЭС келеді» деген сөз­дің өзі біраз сес көрсететін, қор­қынышты түс секілді сезіледі. Өйт­кені жылына бір жүргізілетін жос­парлы тексеріс кезінде қай жер­ден ағаттық шығып қалар екен деген уайым басым болады. Ғимараттың материалды-тех­никалық жабдықталуын, жалпы жағдайды, қызметкерлердің жеке медициналық кітапшаларының бар-жоғын, тазалықты тәптіштеп тексеретін санитарлық-эпиде­мия­лық қызмет мамандары көп ұжым­ның төбе шашын тік тұр­ғызатыны рас. Тіпті, мектепті тек­­серуге келгенде ауылдық жер­лерде дүкендер есігіне қара құлып іліп, тарс жабады. Сондағысы – айып­пұл арқалап қалмаудың амалы. Пандемия кезінде айыппұл салу тіпті көбейді. Тексеріс те аяқасты бола са­ла­ды. Сыпырылмаған үйде отыратын ша­­қырылмаған қонақ секілді СЭС қыз­мет­керлері талап сақталмады деп жеке тұл­ғаларға – 83 340 теңге, лауазымды тұл­­ғаларға 638 940 теңге жазып береді. Ал айып­­пұл салынған соң «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп ұжым бірлесіп төлейді. Бұл құд­­ды жазылмаған заңдылыққа айналған сыңайлы. Әлбетте, коронавирус инфекциясы өршіп тұрған мезетте барлық ұйымның санитарлық талаптарды сақтауы тиіс. Олай болмаған жағдайда қолданылатын жаза бар. Атап айтқанда, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабымен реттеледі. Соған сәйкес, талаптарды бұзған жеке тұл­­­ғаларға – 30 лауазымды адамдарға, ша­­­ғын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе ком­­­мерциялық емес ұйымдарға – 230, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310, ірі кә­­сіпкерлік субъектілеріне 1 600 айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Негізі, айыппұл бірден ірі көлемде салынбайды. Алдымен ескерту жасалады. Егер түзетпесе, шара қолданылады. Әрі бү­гінде айыппұл салынған соң бір апта ішін­де төлесе, жарты сомамен «құтылуға» бо­лады. Денсаулық сақтау министрлігіне қа­расты Тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметі бойынша, оқу жылы басталған сәттен бастап 2 057 мектепте тексеріс жүргізілген. Соның ішінде 237-сінде карантин талаптары бұзылған. Кей білім ордасына ескерту жасалса, енді біріне айыппұл салынған. Сонымен бізде бар ақпарат бойынша, айыппұлдардың жалпы сомасы 36 млн 961 мың теңгеге жеткен. Ең көп айыппұл арқалаған аймақ – Түркістан облысы. Мұнда 32 млн теңгеден астам сомаға 66 хаттама толтырылған. Ақмола облысында – 1 млн 527 мың теңге, Қарағанды облысында – 1 млн 375 мың теңге. Бұдан бөлек, жоспарлы тексеріс кезінде Қостанай облысындағы мектептерге жалпы сомасы 2 млн 222 мың теңге айыппұл салынған. Осындай тексеріс барысында карантин талабын бұзған Шығыс Қазақстан облысы мектептері 444 480 теңге айыппұл арқалаған. Ал балабақшалардағы ахуал бұдан гөрі жақсырақ. Бүкіл Қазақстан бойынша салынған айыппұл көлемі Қостанай мектептерімен шамалас – 2 млн 305 мың теңге. Бас қаланың алты балабақшасына тәртіп бұзғаны үшін – 1 722 360 теңге, Қарағанды облысында – 416 700 теңге, Маңғыстау облысында – 83 340 теңге, Павлодар облысында – 41 670 теңге айып­пұл салынған. жинайтын Қазір мектептер мен балабақшаларға қойылатын талап бір – барынша ка­ран­тин тәртібін сақтау. Яғни, вирус жұқ­тыр­маудың амалын жасау қажет. Ол де­геніміз – санитайзерлер орнату, әлеуметтік ара­қашықтық сақтау, бетперде тағып жүру, сабақ уақытын қысқарту, кабинеттерді жиі-жиі желдетіп тұру, қайта-қайта тазалау, де­зинфекциялау. Дегенмен бұл талаптар мектептерде орындала бермейді екен. Ба­қылаушылардың назарына еріксіз ілінеді деседі. Мысалы, аяқасты барып қалған тексерушілер сабақта бетпердесіз отырған баланы не мұғалімді жиі көріп қалады екен. Мұндайда айыппұлды мұғалімге салады. Ал егер дезинфекция дұрыс жүргізілмесе, директор жауапты дегендей. Яғни, кінә кімнен болса, содан сұралады. Өйткені кей жағдайларда белгілі бір талаптардың сақталуына мектеп әкімшілігі бекіткен адам жауапты болатын кездер болады. Айталық, өздері бір қызметкерді жауапты етіп бе­кітсе, онда сұрау да содан. Ол дегеніміз – шаруашылық ісімен айналысатын маман не медициналық қызметкер болуы мүмкін. Сол сияқты оқу ісінің меңгерушісінің жауапкершілігіне жүктелсе, демек жауапты да, әкімшілік жазаны тартатын да – сол. Санитарлық-эпидемиялық қызмет тарапынан салынатын айыппұлдарды ұжым боп төлеуге қатысты сұрау салмақ ниетпен мұғалімдерге сауалнама жүргіздік. Дегенмен аты-жөнін атауға түбегейлі қарсы шықты. Тіпті, газетке пікірін беруге батпайды. Онда­ғысы – «күні ертең осы үшін жұмыстан шығып қалмайын» деген қорқыныш. Алматыдағы №47 мектептің тарих пәнінің мұ­ғалімі Сұлтан Сүлеев мектептерде заң­сыз ақша жинаудың бірнеше әдісі қалып­тасқанын айтып отыр. «Бірнеше мұғалім мектепте ақша жина­латынын айтып, жекеме шығады. Бірақ тікелей дәләл болмаған соң әрі оның тағ­дырына алаңдап желіге салмаймын. Ең көп қолданылатын әдіс – СЭС айыппұлы. Әкім­шілікке салынған айыппұлды мұғалімдер төлейді. Былай қарасаңыз, әжетхана, ас­хана тазалығына олардың қатысы қанша? Де­генмен директорлардың мардымсыз жалақысын ескерсек, ұжым боп төлеген де әділетті секілді көрінеді. Бірақ төрт штаттық техқызметкердің екеуіне туысын тіркеп қойып, соның айлығын өзі алып отырғандарға обал жоқ деп ойлаймын. Біздің  мектепте  жалпы «СЭС келді, кетті» дегенін  ғана  естиміз.  Айыппұл туралы  әңгіме  естімеппін. Ақша жинаудың тағы бір сылтауы – директордың туған күні. Міндетті түрде бір-екі әйел «күн шығып, кеш батқаны осы кісінің арқасы» деп шығады. Ал құдалық шақыру, баласын үйлендіру, қызын ұзатуға ақша жинау, үй салғанда көмектесу сияқты «экзотикалық» салықтар жиі болмаса да, кездесіп тұрады екен. Бұл енді ештеңеден қорықпайтын басшылардың әрекеті». Жұмыс орны мен аты-жөнін көрсе­туімізді қаламаған мұғалім айыппұлды бөліп төлеу үрдісі бұрыннан бар деген пікірде. «СЭС келеді деп алдын ала жинайтын кездер де, тексеріс келген соң айыппұл салып кететін кездер де болады. Жалпы, бұл саладағы жемқорлықты ешкім тоқтата алмайтын сияқты. Шағымды да тыңдап жатпайды. Коррупциямен ұсталған адам қызметіне оңайлықпен қайта кіріседі. Бәлкім, жүйе басынан өзгеруі қажет шығар. Дүйсенбіден бастап штаттық режимде оқып жатырмыз. Облыстық Білім басқармасынан жақында мониторинг тобы ауданға келетіні жайлы хабарландыру келді. Олар да біраз «тиын» сыпыратыны белгілі», – дейді мек­теп мұғалімі. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мектептегі ақша жинау фактілерін азайтуға кіріс­кендерін хабарлаған болатын. «Шымкент қаласындағы №125 мектептің бірқатар мұ­ғалімі мектеп басшылығының ақша жи­найтынына шағымданды. Білім басқармасы шағым бойынша комиссия құрып, қазір тексеріп жатыр. Алдын ала мәлімет бо­йынша, осыдан үш жыл бұрын мектеп ашылған кезде мектеп ұжымы ақша жинап, мектепке перде сатып алған екен. Одан басқа да шағымдарын тексертіп жатырмыз. Айыптылар жазаланады. Нәтижесі шық­қан соң қосымша хабарлаймын. Мұндай жағдайдың болғаны жақсы емес, әрине. Бірақ бұл жағдайдың іште қалмай, сырт­қа шыққаны жақсы болды. Мектеп дирек­торларының шалыс басқан кез келген қадамы жағдайды түзеуге берілген мүм­кіндік. Жаман да болса, үйренетін жақсы кейс», – дейді Шыңғыс Мұқан. Адал еңбекпен тапқан ақшаны әркімге бір бөліп беру кім-кімге де ұнамасы анық. Бірақ біздің мұғалімдер мұндайға көз жұмып қарауға мәжбүр. Себебі бас көтере қалсаң, еңсеңді түсіріп, жаншуға әзір тұрғандар көп. Арызқой атанып, жеккөрінішті болғаннан «көппен көрген – ұлы той тойлатқан» оңай соғып отыр. Әйтсе де, сең қозғалуы үшін айтар ауыз табылуы тиіс. Әйтпесе, бала-шағаның несібесін осылай айыппұл мен әр жерден келген тексерушілерге бөліп беру жалғаса бермек.

Жадыра АҚҚАЙЫР