Бозжыра шатқалында сафари-қонақүй салу жобасы басталмай жатып дауға қалғаны мәлім. Экологтер мен қоғам белсенділері құрылыс жұмыстары қоршаған ортаға орны толмас зиян тигізуі мүмкін деп қауіптенеді. Жергілікті тұрғындар да табиғи нысанды ажарынан айыруға наразылық білдіріп жатыр. Ал қарсы тараптың айтуынша, инфрақұрылым дамыса, Маңғыстауға алыс-жақыннан саяхатшылар ағылып, туризм саласы түлейді-міс.
Мәселен, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев Бозжыра шатқалында туризм дамуынан зор нәтиже күтеді. Осы орайда, топ-менеджер Испанияның Бильбао қаласын мысалға келтіреді.
– Бильбао бір ғана ғимараттың арқасында гүлденіп, экономикалық және әлеуметтік тоқыраудан аман шықты. Қаланы дамыту үшін жергілікті билік заманауи сәулет өнеріне сай ірі жобаны қолға алды. Көпшілік жобаның тиімділігіне сенбеді, соншама ақшаны желге шашқандай қабылдады. Бірақ экзотикалық пішіндегі ультразаманауи мұражай ғимараты әлемге әйгілі болды. Бүгінгі Бильбао – сәулет туризмінің орталығы, – дейді Еркінбаев.
Kazakh Tourism басшысы Бильбаода мұражай ашылған соң үш жылдан кейін қала қазынасына туризм есебінен жылына 400 млн доллардан астам қаржы түсе бастады деген уәжді алға тартады. Сонда дейміз-ау, Испанияның қақ жүрегіндегі Бильбао мен облыс орталығы Ақтаудан 300 шақырым шалғайда жатқан Бозжыраны салыстырғаны қаншалықты орынды? Бильбаоның 700 жылдық тарихы бар. Ғасырлар бойы инфрақұрылымы жетілген. Нервьон өзенінің сағасында, мұхит айлағынан таяқ тастам жерде орналасқан, ірі портқа айналған, қаржы және сауда орталығы саналатын атақты шаһардың жөні бөлек. Аумағы алақандай, халқы бақуатты, жан саны 47 млн-нан асатын елдегі экономикалық ғажайыптың қиян түбектегі Бозжырада қайталанатынына Ержан мырзаның өзі сене ме екен?
Жақында Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы шатқалда құрылыс жүргізуге тыйым салуға негіз болатын алты себепті атады.
Біріншіден, биоалуантүрлілікке қатер төнеді. Бозжыра шатқалының төңірегінде Үстірт арқары, қарақұйрық, қарақұлақ сияқты сирек кездесетін аңдар бар. Мысалы, Қызыл кітапқа енген арқар мен қарақұйрық негізінен осы өлкені тұрақты мекендеп, емін-еркін жайылады. Техникасы гүрілдеп, көлігі дүрілдеп адамдар көбейсе, бұл жануарлардың популяциясы бірден кеміп кетеді.
Екіншіден, Бозжыра ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі ықтимал. Енуге қойылатын ең басты шарт – нысанның тұтастығы мен сұлулығы. Құрылыс жұмыстары оған кесірін тигізетіні анық.
Үшіншіден, қонақүй құрылысы Үстірт қорығын кеңейту жоспарына бөгет жасайды. Мамандар 2015 жылы Бозжыраны қорыққа қосуды ұсынған. Ғылыми-зерттеулер нәтижесінде шатқал экологиялық сараптамадан өтті. Өкінішке қарай, Қансу мұнай-газ кен орнын барлау жұмыстарына байланысты жоба аяқсыз қалды. Қазіргі таңда барлау тоқтатылды. Енді қорықты ұлғайту мәселесін қайта қарауға болады.
Төртіншіден, Бозжырада су мен коммуникация жоқ. 2017 жылы География институты облыс әкімдігінің тапсырысымен «Маңғыстау облысының туристік әлеуетін бағалау» атты зерттеу еңбегін жазды. Құжатта нақты ұсыныстар айтылған, бірақ құрылыс жұмыстары туралы бірауыз сөз кездеспейді. Ақтау қаласының өзі сумен толық қамтамасыз етілмегенін ескерсек, Бозжыра не теңіміз?
Бесіншіден, шатқалдың айналасында палеолит дәуірінен орта ғасырларға дейінгі кезеңді қамтитын бірқатар археологиялық ескерткіштер табылған. Кейбірі әлі зерттелмеген.
Алтыншыдан, Үстірттің жер қыртысы жұмсақ. Құрамында гипс болғандықтан, топырағы борпылдақ. Тіпті, қарапайым көлік дөңгелегінің ізі ондаған жыл бойы сайрап жатады. «Сондықтан мұнда көлік қозғалысын жіті бақылап, түрлі «сафарилер» мен автошерулерге қатаң тыйым салу қажет» деп есептейді мамандар. Қысқасы, Бозжыраға ешқандай ғимарат салуға болмайды.
– Туризмді дамыту үшін Үстірт қорығының визит-орталығы Бозжыра шатқалынан шамамен 20 шақырым жердегі Ақтау – Бекет ата тасжолының жанында бой көтергені жөн. Туристер сол жерден Үстірттегі ең тамаша жерлерге бара алады, – дейді мамандар. Сарапшылардың пікірінше, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі Бозжыра шатқалындағы құрылыс жұмыстарын толығымен тоқтатуы керек.
Айтпақшы, Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Бозжырадағы құрылыс мәселесі қоғамдық талқыдан, экологиялық сараптамадан өтуі керек деп мәлімдеді.
– Қонақүй құрылысы жоспарланбаған, бірде-бір тұжырымдама бекітілмеген, – деді шенеунік.
Кеше Бозжырадан құрылыс техникаларын алып кетіпті деп естідік. Бұл да болса дәтке қуат.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ