Оққағар қанша тұрады?
Оққағар қанша тұрады?

Оққағар десе, көз алдымызға бойы 2 метр, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқ­пақтай тау көтерген толағай сынды алып баһадүр елестейтіні рас. Қара кө­зілдірік таққан, қара тас боп қатқан сұсты мәнері оны алдынан келгенді жа­пырып өте шығатындай әсер қалдырады. Бірақ іс жүзінде олай емес екен. Біз хабарласқан күзет агенттіктері «алпамса бойлы, қапсағай денелі оқ­қа­ғар­лар­дың заманы 90-жылдары өтіп кеткенін» айтады. Қазіргі талап «бете­геден биік, жусаннан аласа» боп қорғайтын адамдарыңның ортасына «судай сіңіп, тастай бату».

Күзеті құпия қызмет

Елімізде жұмыс істеп тұрған 2 500-ге жуық күзет агенттігінің ішінде ұсы­ны­латын кең спектрлі қызмет түрлеріне қоса жеке бас қауіпсіздігін қорғаумен тек 600 фирма ғана айналысады екен. Мұндағы барлық дербес ақпарат құпия сақталады. Қыз­меткерлерден сол қатаң талап етіледі. Қай күзет қызметіне де жұмысқа тұру үшін кан­дидаттардан арнайы оқудан өткен куә­лік талап етілетін болса, ол күзетшілерге бө­лек, оққағарларға бөлек беріледі. Мұнда же­ке адамды күзететін кандидатқа қойы­латын талаптың жоғары болатыны айт­паса да түсінікті. Олардың басқадан бөлек қару ұстауға рұқсаты болуы керек және оны шебер меңгерген болуы тиіс.  Соған сәйкес баға айырмашылығы да үлкен. «Мәселен, нысанды күзететін қызметкер ауысым әдісімен ең­бекақыға ғана жұмыс істейтін болса, оққағарлардың жұмыс кес­тесі мен мақсат-міндеттері әрбір тапсырыс берушінің қалауына қарай дербес анықталады. Орташа есеппен алғанда мұнда қызмет құны айына 350 мың теңгені құ­райды. Оған бір оққағардың клиент­тің тәулік бойы қасында еріп жүруі кіреді», – дейді оққағар қызметін ұсынатын «Жедел күзет» ЖШС директоры Олег Вейсалов. Ал егер күндерге бөліп алатын болсаңыз, бұл сома тәулігіне 40-45 мың теңге болады. Сағатқа бөл­сеңіз, 2-3 сағатқа – 20-45 мың теңге. Өйткені күзет агенттіктері үшін сағаттап жалдану тиімсіз екен. Әдет­те клиент өзі көлік береді. Егер фирманың тосыннан жасалатын шабуылға қарсы брондалған кө­ліктерін пайдаланатын болса, онда тәуліктік қызметақы тағы да 50 мың теңгеге көтеріледі. Егер жұмыс қауіпті болса – тағы да 15%. «Нарық заманы болған соң қызмет бағасы арзан жеке күзет­шілерді іздейтіндер бар. Олар «ин­тернеттен 15 мыңға да табуға бо­лады» деп уәж айтады. Бірақ онда­ғылар біріншіден кәсіби оқ­қағарлар емес. Екіншіден, қызмет көрсетуге лицензиялары жоқ. Өйткені ли­цензия тек заңды тұлғаға беріледі. Біз келген әрбір клиенттің талабын, туындайтын қауіптің дәрежесін терең зерде­лейміз. Оларды ешқан­дай да кү­мәнді, қауіпті жиындарға жібер­мейміз. Бас амандығына біз жауап беретіндіктен, оларды күш­теп бол­са да алып қаламыз», – дейді оққағар қызметін көрсететін ұйым­дар қауымдастығы басшысы, «Сарбаз-Күзет» ЖШС құрыл­тай­шысы Талғат Сәдуақасов. Оққағарларға қойылатын та­лап әртүрлі болып келеді. Жас мөлшері көп ретте 25-40 жас ара­лығы. 45 жаста да бұл қызметті атқаратындар бар. Ондай дене дайын­дығы мықты және тәжірибесі мол сақ оққа­ғарларға сұраныс та көбірек болады екен. Сәйкесінше, қызмет ақысы да орташа бағадан жоғары – айына 450 мың теңгені құрайды. Әйел оққағарларға да сұраныс бар. «Біз бірінші кезекте олардың денсаулығына қараймыз. Дене дайындығы мықты болғанымен, ауырып жүрген болса, жарақаты бар болса, бұл қызметті атқару қиын болады. Екіншіден, кандидат бұрын күштік құрылымдарда қыз­мет еткен болғаны абзал. Үшін­шіден, бұрын 90-жылдары оққа­ғарлардың спорт шебері атағы немесе чемпиондық титулы бол­ғаны қатты талап етілетін, қазір біз ондай талап қоймасақ та, қандай да бір жекпе-жек өнеріне машық­танған болуын қараймыз. Болмаса, мұндағы керек машықтардың бәріне, соның ішінде атыс мәне­ріне, оқу орталығындағы поли­гондарымызда өзіміз-ақ оқытып аламыз», – дейді Олег Васильевич. Денешынықтыру және оқ ату дайындығынан бөлек оққа­ғар­лардың интеллектуалды қабілет­теріне де аз көңіл бөлінбейді екен. Қабылдау кезінде олар білім дең­гейіне тест тапсырып, сұхбат­тасу­дан өтеді. Жұмысқа қабыл­данған соң да өзін-өзі дамыту курстарына қатысады. Талғат Әнуарбекұлы оларға айына бір кітаптан оқуға тапсырма беретінін айтады. Өздері таңдаған кітапты оқып шыққан соң мазмұнын сұрайды екен. «Кітап оқыған адамның сөз саптауы, логикасы, ойлау қабілеті нығая түседі. Қазіргі талап сондай. Өйткені ол клиентпен әрқашанда тіл табыса білуі керек. Ортақ тақы­рып тауып, қажет кезінде ішін пыс­тырмай сұхбаттас бола алуы керек. Күрделі жағдай болып қал­са, сөз тауып, дипломатиялық қа­­білет та­нытып, клиентті аман-есен алып шығуы тиіс. Жалпы, біздің ұста­ным – қай мәселені де қатты жұ­ды­рықтың күшімен емес жұм­сақ тілдің қуатымен шешу», –  дейді ол. оққағар

Мүлік бөлісу – қауіпті іс

Пандемия ушыққанда сая­бырсып, соңғы айларда қайта жан­данған оққағарларға деген сұраныс соңғы үш жылда жалпы 10-15%-ға артыпты. Соның ішінде клиенттер қорғаушыларының бұрын арнайы қызметте істеген, жоғары білімді, жағдайды сауатты бағалай білетін, қаруды меңгерген және қоян-қол­тық айқасқа машықтанған адам болғанын қалаған. Жеке басының қауіпсіздігін қорғауға көп ретте ірі кәсіпкерлер, саясаткерлердің отба­сы, шетелдік делегациялар, шоу-бизнес өкілдері және ең қызы­ғы күйеуінен ажырасып жатқан әйел­дер де тапсырыс береді екен. Сая­саткерлер мен ірі кәсіпкерлер кө­мекшілері арқылы ғана хабар­ласса, шоу-бизнестегілер фанат­тарының күтпеген қылықтарынан сақтану үшін күзет жалдайтын болған. Ал ажырасып жатқан әйелдердің бай­лық бөлісудегі қаупін түсінуге болады. «Дәулетті күйеулерімен ажы­расып, қарайған дүниеден үлесін алып жатқан әйелдер жеке басының қауіпсіздігімен қатар балаларын «бұрынғы күйеуі», яки әкелері ұрлап кетпегенін қалайды. Кейде күйеулері шетелдік екенін естіп қаламыз. Сондықтан да әр бала­сына күзетші жалдайды. Тіпті, күйеулерінің қоқан-лоқы жаса­ғанынан қорқып, өздеріне де оқ­қағар ұстайды. Қазір саябыр­сы­ғанмен, былтырлары мұндай тап­сырыстар сұраныстың тең жар­тысын құрайтын. Айына осын­дай 15-18 клиент арасын үзбей оққағар жалдаған уақыт болған. Некесі бұзылған соң да қауіп сейілгенше біздің қызметке жүгі­нуді жалғас­тыратындар бар. Жал­пы, өмірі үшін қорқып, қор­ғаныш іздейтіндер тапсырыс берушілердің 70%-ын құрайды», – дейді қауымдастық басшысы.

Шоу-бизнестің шуы қатты

Жеке күзетке тапсырыс бе­ретіндердің қатарында шоу-бизнес өкілдері көп. Үлкен концерттер кезінде фанаттарынан қорғаныш іздейтін олар міндетті түрде күзетші жалдайды. Онысы да дұрыс екен. Өйткені он мыңдаған стадион жи­найтын өнер жұлдыздарынан қол­таңба аламыз деп жатқан қо­нақүйіне дейін аңдып келетін желөкпелер көп. «Көптеген делегацияға қызмет көрсеттік. Соның ішінде Израиль­ден келген спорт құрамасы, шетел­дік ірі бизнесмендер, ресей­лік өнер жұлдыздары және тағы бас­қалар болды. Клиентің не­ғұр­лым таны­мал болса, жұмыс та со­ғұр­лым күрделене түседі. Кейбір кон­церттерде оларды нөпір ха­лықтың ортасынан алып шығамыз деп киі­міміз де жыртылып қалып жат­ты. Қолтаңба қоюға қалам сұ­раған кездері де болды. Ондай жағдай­лардың барлығына дайын жүре­міз», – дейді Талғат Әнуар­бекұлы. Оққағарларды қызық үшін және айналасындағыларға мақтану үшін дәулетті адамдардың балалары да жалдайды екен. Көптеген агент­т­ік оларға қызмет көрсетуден бас тартып жатса, кейбірінде ата-ана­лардың өздері келіп, өтініш жа­сайтын көрінеді. Өйткені ал­тынмен апталып, күміспен күптеліп өскен ұрпағының, оларға ешкім тиіспесе де, өздері барып бірдеңеге ұрынып қалмағанына алаңдайды. Ондай «еркелердің» оққа­ғар­ла­рымен тіл табыса алмай, жиі ал­мастыратын да кездері көп екен. Әр жұмыстың өз қиындығы бар деген – осы.

Ірі кәсіпкерлік – жоғары тәуекел

Кәсіпкерлер көп ретте бизнес бөлісіп, сот жүріп жатқан кезде жеке басына күзет жалдайды екен. Онда да өздерінің кәсіпкерлік ны­сандарында қызмет көрсететін агенттіктерден алуға тырысады. Солай сенімді санайды. Сондай-ақ кәсіпкерлер оққағарларын жүр­гізуші, көмекші, жүкші, швейцар етіп те пайдалануға тырысатын көрінеді. Өйткені әрбір тиынына дейін ақша санап қалған бизнес психологиясы бірінші кезекте үнемді ойлап, саудаласуға ты­рысады. Бірақ күзет агенттігінде қауіп-қатер дәрежесін ескере оты­рып, оққағардың әрдайым тосын жағдайларға дайын жүру керегін уәж етеді. Жеке бас қауіп­сіздігін қорғау қызметіндегі клиент­тердің ішінде ең «тәуекелі жоғары топ» осы бизнес өкілдері екен. Сон­дықтан да болар, олар бұл қыз­метті арасын үзбей 4-5 жылдап пайда­ланады. Қазіргі уақытта оқ­қағар­ларға жаңадан тапсырыс беріп жатқан кәсіпкерлер жоқ. Панде­мияға қатысты кәсіпкерлік қаты­настар да тыныш болса керек.

Нұрлан ҚОСАЙ