Тәртіп қатаң болмай, той тыйылмайды
Тәртіп қатаң болмай, той тыйылмайды
192
оқылды

Әзірге елімізде жиын-той өткізуге рұқсат берілген жоқ. Анда-санда тәртіп бұзып, жасырын жиын жасағандар заң алдында жауап беріп келеді. Өйткені тәртіп бар­шаға ортақ. Алайда төтенше жағдай режимі, карантин енгізілгелі алып шаһарды уы­­­сында ұстап отырған Ал­­матының бас санитар дә­рі­­гері Жандарбек Бекшин тағы да сүрінді.

Еліміздің бас санитары қыз­метін атқарған кезінде «11-16 нау­рыз аралығында наконец-то коро­навирус келеді» деп аңдамай сөй­леп, елдің сынына іліккен Бекшин бұл жолы өзі шығарған ережені өзі бұзып, Алматыдағы Ritz-Carlton қонақүйінде 150 адамның қаты­суымен шара өткізуге рұқсат бер­ген. Қымбат қонақүйдегі айтулы шара бірден елдің назарын ау­дарды. Әлеуметтік желі қолдану­шылары түрлі пікірлерімен бөлісті. Ақпа­раттың жалған екенін айтып дау­рыққан да ешкім болмады. Есесіне, қалалық Тауарлар және қызметтер қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаменті Бекшиннің шыны­мен де «Капитал Тауэр Деве­лоп­мент» ЖШС-іне салта­натты жиын өткізуге рұқсат бер­генін растады. Көп ұзамай, сал­танатты кеш иесі сол Ritz-Carlton қонақүйі иелерінің бірі, олигарх Қайрат Боранбаев екені анық­талды. ЕлубайСмағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Күнде көріп отыр­ғанымыздай, әлем­де пандемияның өршуі адам­ды шошы­тады. Осындай жағдай еліміздің де басына тумас үшін кез келген Қа­зақстан азаматы бірін­шіден, өзін, сосын маңайын­да­ғыларды қорғауы керек. Ол үшін карантин талабын орындауы тиіс. Әйтсе де, өмір жалғасып жатыр. Біреудің адамы өледі, енді бірінің баласы үйленеді. Осындай жағдайда той-томалақ пен астан түгел бас тарту мүмкін емес. Ел пандемия аяқталсын деп еш әрекетсіз күтіп отыра алмай­тыны тағы белгілі. Оны түгел тоқ­тату қиын мәселе. Сол үшін той, ас өткізуде адамның саны жөнінде шешім шығу керек. Өзім мұндай жиындарға 50 адамнан артық жи­налмауы керек деген көзқарасты ұстанамын. Ал сол жиынға кел­гендер карантин тәртібін толық сақ­тауы тиіс. Тәртіп бәріне ортақ. 150 адам көп. Мұндай жағдайда кім болса да жазалануы тиіс. Өзім де 30 пайыз өкпенің қабынуы диагно­зымен 17 күн ауруханада жатып шықтым. Алматының жаңа мо­дуль­ді ауруханасында ем алдым. Қиналғаным соншалық, сол күндер өтпей қойды. Пандемияның тәртібі түрмеден де қиын болды. Бір бөлмеден шықпайсың, есік-тере­­зеңді ашпайсың. Мұндай жағ­дайда адам торға түскен аңдай болып, сенделіп кетеді және қоғамнан, адамнан бөлініп қалу қатты пси­хологиялық күйзеліске алып ке­летін жағдай. Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Бірден дәрігерге қаралғаннан кейін бе, менде аурудың белгілері сыртқа шыққан жоқ, бірақ әлсіреп қалдым. Мұндай жағдайда адам, әсіресе психологиялық тұрғыдан қатты уайым шегеді. Сондықтан көп адам жиналуына болмайды. Шектеу қойылуы керек. Сақтық шаралары үшін адам санын ғана емес, уақытқа да шектеу қойған жөн. СмағұлБақытбек СМАҒҰЛ, Парламент Мәжілісінің депутаты: – Адамнан қымбат ештеңе жоқ. Бұл Ата заңда да атап көр­се­тілген. Соны сақтау­ды сұрай­мыз да, адам есе­бінде соны ақтауға бара бер­­­мейміз. Тәртіпке ба­­ғынбай тұр­­ғаннан кейін ол адамда сана жоқ, ал билікте шама жоқ. Себебі жаза жоқ. Тәртіп бұз­ған­дарға салынып отырған 83 мың теңге айыппұл кә­сіпкерлер мен меке­мелер үшін тү­кіріп тас­та­ғанмен бір­дей. Тәртіп бұз­ған­дарға сабақ болу үшін үлкен айыппұл салу керек. Мейрам­­хана­лар мен кәсіп­керлерге ғана емес, сол жиын­ға барған адамдарға да айып­пұл салған жөн. Қазақстан Бас прокурорының бірінші орын­басары Берік Асыловпен, Ішкі істер министрінің бірінші орын­басары Марат Қожаевпен тілдесу барысында анықта­ғанымдай, кей­бір түнгі клубтар он шақты рет айыппұл төлеп, әрі қарай жұ­мысын жалғастырып жатыр. Оларға жұ­мы­сын тоқтат­қаннан гөрі айып­пұл төлеу жеңіл болып тұр. Соттың шешімімен тәртіп бұзған меке­мелердің бір ай жұ­мысын тоқтатып тастау керек. Олар өз бизнесін жүргізіп отыр­ғанымен, қаншама адам сол жиын­нан ауру жұқтыруы мүмкін. Сол себепті тап қазіргі жағдайда жиын­ды барынша тоқта­та тұру керек. Жиынға келген 50-100 адамның қайдан келгенін, кім­­дермен қарым-қатынаста бол­ғанын ешкім білмейді. Қара­пайым ғана мысал, Парламентте тәртіп қатал, күнделікті карантин талабын барынша сақтап отыр­ғанның өзінде арамызда ауру жұқтырып алғандар бар. Өткен жағдайдан сабақ алатындай бол­дық емес пе? Осындайда қан­дай дандайсу, қан­дай той? Үкі­меттің қаулысын қа­таңдатпаса болмайды. Біздің дәрі­герлеріміз, ауру­хана­ларымыз кө­бейіп кеткен жоқ. Сондықтан осы ауру әбден ба­сылғанша той дегенді қою керек! Тәртіп міндетті түрде орындалуы тиіс. Тәртіп қатаң болмай, той тыйылмайды. Тойда адамдар тығыз қарым-қатынаста болады. Қатаң тәртіп керек, өйт­кені адам­дар арасында тарап жат­қан індет те өте қатаң. Біз сақадай-саймыз деп отырған Еуро­падан артық емеспіз, олар да қырылып қалды. Онсыз да тарыдай шашыл­ған аз халықпыз, сондықтан өзі­мізге-өзіміз бекем болуға тиіспіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Коронавирус инфекциясына қарсы шаралар бойынша менің бірқатар тапсырмаларым аяқсыз қалды. Мен сіздерге бірнеше рет ескерттім. Біз қазір соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз» деген болатын. Бұдан артық қандай ескерту керек?!

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ