Әлем елдерін есеңгіретіп, Қазақстанды да шарпып өткен пандемиядан зардап шеккен Атырау өңірінде модульді инфекциялық аурухана пайдалануға берілді.
Атырау қаласы сыртындағы Сарыөзек ауылы аймағында салынған жаңа стационар 180 стандартты орынға және реанимация мен қарқынды терапия бөлімдеріндегі 20 орынға есептелген. Жоба Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия және Атырау облысы әкімдігі бастамасымен жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 6 764 шаршы метрді құрайтын негізгі ғимарат 8 блок пен жеке тұрған 10 қосалқы ғимараттан түрады. Ол бір-біріне галерея типті дәлізбен жалғанған әкімшілік бөлімі бар медициналық блокты, қабылдау және диагностика бөлімін, ота жасау бөлімі мен бес палаталық бөлімнен тұратын реанимация бөлімін қамтиды. Сондай-ақ ауруханада медициналық қалдықтарды залалсыздандыру жүйесі, көліктерді дезинфекциялау пункті, оттегі концентраторы, орталықтандырылған оттегімен және медициналық газбен қамту жүйесі бар. Барлық палаталар оттегі беру желісімен жабдықталған. Бұл әр палатада жатқан жағдайы ауыр және аса ауыр науқастарды қарқынды емдеуге мүмкіндік береді. Заманауи медициналық жабдықтардан бөлек, жаңа ауруханада дәрігердің науқаспен тікелей байланысуын барынша азайтуға және медициналық персонал арасында ауру таралу қаупін төмендетуге бағытталған озық технологиялық жағдай қарастырылған. Сайып келгенде, науқастардың денсаулығын ахуалдық орталық арқылы қашықтан бақылауға болады. Аталған орталықтың көмегімен науқас жағдайының негізгі көрсеткіштері жинақталып, сарапталатын болады. Мұндай деректер автоматты түрде алынып, ауытқуларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.