Елімізде денсаулық саласына қатысты мәселе көп жылдан бері қордаланып келгені ақиқат. Соңғы жылдары барлық өңірде медицина мамандарының, медициналық құрал-жабдықтың, жедел жәрдем көліктерінің жетіспеушіліктері халық тарапынан сынға ұшыраған болатын. Мемлекет басшысының медицина саласын дамытуға арналған жобаларының нәтижесінде өңірлерде дәрігерлерді тұрақтандыру, жедел жәрдем көліктерімен қамтамасыз ету жұмыстары оң нәтижесін бере бастады.
Атырауда жедел жәрдем қызметін көрсететін станса арнаулы автокөлікпен 100 пайыз қамтылды. Бұл туралы Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыстық медициналық жедел жәрдем стансасына жаңадан келген 18 жедел жәрдем көлігінің кілтін салтанатты жағдайда табыстаған сәтте мәлім болды. «Өңір халқының медициналық шақыртуларын уақытылы жүзеге асыру үшін өңірде барлығы 75 автокөлік қызмет атқарып келеді. Енді олардың қатары 18 жаңа автокөлікпен толығып отыр. Осы арқылы облыстың жедел жәрдем көлікпен қамтылу деңгейі 100 пайызға жетті» деп атап өтті Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Заманауи автокөліктер науқасқа алғашқы көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Медициналық жедел жәрдем көліктері «ҚДБ-Лизинг» есебінен алынды. Көліктердің 8-і аудандық емдеу мекемелеріне жіберіледі, қалған 10 автокөлік Атырау қаласы тұрғындарының жедел жәрдем шақыртуына бөлінеді деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта облыста барлығы 93 жедел жәрдем медициналық көлігі бар. Оның 46-сы биылғы жылы әкелініп отыр. Бүгінгі күні Атыраудың жедел жәрдем стансасы 100 пайызға автокөліктермен толықты. Ал стансадағы жедел жәрдем көліктерінің 70 пайызы жаңарған. Айта кетейік, ескі деген медициналық көліктер осыдан 2-3 жыл бұрын келген. Келесі жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен қосымша 60 санитарлық автокөлікпен жабдықтау жоспарлануда.Кардиоорталық кеңейді
Атырауда кардиоорталық жанынан салынған 50 орындық жапсаржай пайдалануға берілді. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясы демеушілігімен салынған жапсаржай үш қабаттан тұрады. Онда қабылдау-сұрыптау және диагностикалық аймақ, клиникалық-зертханалық қызмет және әкімшілік, кардиохирургия және қан тамырлары хирургиясы, реанимациялық-операциялық блок және рентгенхирургиялық қызметі бар интервенциялық кардиология бөлімшесі орналасқан. Басты атап өтерлігі, ғимаратта орталықтандырылған оттегі стансасы бар. Станса оттегін үздіксіз өндіруге мүмкіндік береді. – Жапсаржай – облыс тұрғындарына заманауи медициналық көмекті одан әрі сапалы деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – қан айналымы жүйесінің негізгі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту, – деп атап өтті аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов. Атырау облыстық кардиологиялық орталығы – аймақ тұрғындарына және көрші облыстардан келген емделушілерге жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін бірден-бір емдеу сауықтыру мекемесі. Орталықтың негізгі бағыты – кардиология және жүрек-қантамыр хирургиясы, интервенциялық кардиоангиология және аритмология, сонымен қатар көп салалы хирургия.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы