Павлодар қаласында анасы мен үш баланың өліміне қатысты алғашқы тергеу нәтижесі анықталды. Құқық қорғау органдары пәтерді тонау фактісін бірден жоққа шығарып отыр. Есесіне, қылмыстық оқиғаның бірнеше нұсқасын қарастыруда. Өкінішке қарай, күдіктілердің қатарында балалардың марқұм анасы да бар.
Жантүршігерлік оқиғаның нақты қалай болғаны әлі де белгісіз. Полиция органдары тергеудің құпиялылығын алға тартып, көп деректі ашып айта қоймады. Белгілі болғаны – пәтерді тонау мақсатында жасалған қылмыс емес. Себебі үйдің кіреберіс есігі ішінен құлыптаулы болған. Ал пәтерден ешқандай зат жоғалмаған. Осыған орай, тергеушілер басқа бірнеше нұсқаны қарастыруда. Соның ішінде балалардың өліміне туған анасының қатысы болуы мүмкін екенін айтуда. Нақтысын тергеу жұмыстары аяқталған соң білетін боламыз. Естеріңізге сала кетейік, Павлодар қаласында бір күнде бір отбасының шаңырағы ойран болды. Үйіне қайтып келген отағасы пәтердің есігін ешкім ашпаған соң көршілерінен құралдар алып, тоспаларды кесіп, үйіне әрең кірген. Жатын бөлмеден әйелі мен 2013, 2015 және 2017 жылдары туған үш кішкентай баласының өлі денесін табады.– Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы жәбірленушілердің адам қолынан қаза тапқанын анықтады. Олардың денесінде пышақ іздері болған. Аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Павлодар облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Елдар Әбдікенов.Бұл қаралы пәтерге аталмыш отбасы бірнеше ай бұрын ғана қоныс аударған. Көршілерінің айтуынша, осы уақыт аралығында бұл отбасынан ешқандай оғаш қылық байқамаған. Қалыпты өмір сүріп жатқан көрінеді.
Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы