Тоқаев Омбыда Путинмен кездесті
Тоқаев Омбыда Путинмен кездесті
5,143
оқылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Омбыдағы екіжақты кездесу барысында мемлекеттер арасындағы қатынастарды дамытуда Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында бұл механизм толықтай іске қосылып, өңіраралық форум аймақтық деңгейде өзара әрекеттесудің тиімді құралы ретінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Біздің елдеріміздің өңірлері арасындағы тауар айналымы - жалпы сауданың 10 пайызынан асуының өзі өте маңызды. Бұл көрсеткіштің өсіп келе жатқанын да атап өту керек», - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде өндірістік кооперация мен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықта үлкен жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты. «Өз тарапымнан бұдан да жоғары нәтижеге жету үшін бар күшімді саламын. Өңіраралық ынтымақтастық форумы өте тиімді, жемісті, әрине, оны болашақта дамыту үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек», - деді Қ.Тоқаев.

Ресей президенті Владимир Путин өңіраралық ынтымақтастық форумы – бұл Қазақстан мен Ресейдің аймақтарын біріктіретін дәстүрлі шара екенін атап өтті.

«2003 жылы бұл шара дәл Омбыда басталған еді. Бұл тұрғыда бүгінгі кездесудің белгілі бір символизмі бар. Біздің елдер арасындағы қатынас табысты түрде бекіп келеді. Өткен жылы тауар айналымының өсімі 14 пайызды құрады. Инвестициялар да өсіп келеді. Енді бұл туралы көбірек сөйлесуге мүмкіндік аламыз. Біз үнемі кездесіп тұрамыз. Дегенмен, әрқашан біздің ерекше назарымызды талап ететін тақырыптар баршылық», - деді В.Путин.