Электронды кезек, ол да жемқорлыққа себеп
Электронды кезек, ол да жемқорлыққа себеп
129
оқылды

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстанда жемқор­лық­қа жол ашатын жайттардың «ондығын» атады. Transparency International есебіне жүгінген ол елімізде жемқорлық деңгейі елеулі түрде төмендегенін айтты, бірақ әртүрлі деңгейлерде жекелеген көріністері бәрібір сақталып отыр.

Жоғарғы палата депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірден екі оқылымда қарап, қабылдады.

Дариға Назарбаеваның айтуын­ша, азаматтарды өз мәселелерін бей­ресми, «бармақ басты, көз қыс­ты» жолдармен шешуге мәжбүр ете­тін мемлекеттік мекемелерге по­­лиция, мемлекеттік жоғары оқу орындары мен колледждер, сот органдары, қала құрылысы және сәулет басқармалары, жер қа­тынастары басқармалары, воен­коматтар, көші-қон қызметі, жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік қор­ғау басқармалары, мемлекеттік балабақшалар жатады.

Палата басшысы сондай-ақ Қазақстанда жемқорлықтың өр­кен жаюына барынша жиі ықпал ете­тін себептердің «ондығына» да тоқталды.

– Бұлардың қатарына маман­дар­дың қабылдауы және емдеуі, жұмысқа тұру, жер учаскесін алу және рәсімдеу, баланы балабақшаға орналастыру және оны кезекке енгізу, жол жүрісі ережелерін бұзу, армияға шақыруды кейінге қал­дыру, айыппұлды рәсімдемеу не­месе толтырылған хаттаманы жабу, бала туу бойынша жәрдемақы алу, ЖОО-ға түсу және білім беру грантына қол жеткізу, сондай-ақ медициналық анықтамаларды алу кіреді. Бұлардың көбі азаматтарға онсыз да берілуге тиіс. Алайда қазақстандықтарға қызмет тезірек рәсімделуі үшін заңсыз ақы төлеуге тура келеді, – деп қынжылыс білдірді палата спикері.

Ол мемлекеттің «Цифрлы Қа­зақ­стан» мембағдарламасын қар­жы­ландырып, белсенді орындап жатқанына назар аудартты. Алай­да жемқорлық көріністерінің сақ­­талуы цифрландырудың айтар­лық­тай нәтиже әкелмей отырғанын аңғартуы мүмкін. Мысалы, заң­ды түрде электронды кезекке тұр­ған­дардың алдын сырт көзден тасада жауапты шенеуніктермен келіскендер орап кетуі мүмкін.

– Осыған байланысты Цифр­лық даму министрлігінің және «Аза­маттарға арналған Үкі­мет» мем­корпорациясының бас­шы­лы­­ғына сұрақ туындайды. Осы ба­ғытта шынымен не істелуде? Сер­гелдеңге салумен, мерзімді сақ­та­маумен не істейміз? Бұл құбы­лыс­пен қалай күресуге болады? – деп сұрады Сенат төрағасы.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мем­лекеттік қызметтерді тұтыну­шы­­­лардан пікір, арыз-шағым ала­ты­н­ын мәлім етті.

– Былтыр Үкіметте ве­дом­ство­а­ралық комиссия көп оты­рыс өткізіп, сала мәселелерін тал­­­қылады. Қорытындысында ш­а­­­мамен 500 жол картасын бе­кіт­­тік. Олар мемлекеттік қыз­мет­­терді оңтайландыруды және авто­маттандыруды қарасты­ра­ды, – деген А.Оспанов көпте­ген қызметтер электронды фор­мат­қа көшірілгенін, алайда қазақ­стан­дықтар оларды сол күйде пай­да­лан­байтынын жеткізді.

– Бір қарасаңыз, үдеріс ілгері­леп барады. Жалпы алғанда, бәрі жақсы-ақ. Онда азаматтар не үшін электронды кезекті сатып ала бастады? Демек, ақпараттық жүйе­де бәрі дұрыс емес деген сөз. Электронды бағдарламалардың сапалы жұмыс істеуін жауапты нақты адам қадағалауы керек. Мем­лекеттік сатып алуларда да ұқсас ахуал қалыптасқан. Онда дәл сол күні кезекке қойсын де­сең, ақша төлеу талап етілетін жағ­­дайлар бар, – деді Дариға Назарбаева.

Тұтастай алғанда, арнайы тізі­лім-реестрде қарастырылған мем­ле­кеттік қызметтер саны үнемі өсіп келе жатыр. 2007 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта бұл тізім­­де 740 қызмет тіркелген. Олар­дың 72%-ы электрондық түрде көрсетіледі.

Осы күні сенаторлар палата тө­рағасының ұсынуымен 1980 жы­лы туған Анастасия Щегор­цо­­ваны Орталық сайлау комис­сия­­сының мүшесі қызметіне та­­ғайындау туралы шешім қабыл­да­ды.

 

Елдос СЕНБАЙ