Петропавл қаласының мәслихатына «Nur Otan» партиясының тізімінен әйелдердің 30 пайызы және жастардың 30 пайызы кірді.
«Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, партияның Петропавл қалалық филиалы конференциясының 94 делегаты партиялық тізімге дауыс берді. Сондай-ақ облыс орталығы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Петропавл қалалық мәслихаттың партиялық тізіміне 27 нұротандық енді. Өкілдердің орташа жасы – 44. Араларында шағын және орта бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, өнеркәсіп, квазимемлекеттік сектор салаларының өкілдері бар. Тізім 1 орынға 2 адам қағидаты бойынша қалыптастырылды. Жалпы, облыс орталығы бойынша праймеризге барлығы 106 адам қатысты. Олар сайлаушылармен 700-ден астам кездесу өткізді, нәтижесінде 60-тан астам ұсыныс жиналды. Олардың 30-ы Петропавл қаласы бойынша «Nur Otan» сайлауалды бағдарламасына енгізілді. – Облыс орталығын дамытудың 7 басым бағыты болады. Сайлауалды бағдарламада алдағы 5 жылға арналған негізгі мақсаттар мен міндеттер, сондай-ақ Петропавлдың негізгі проблемалық мәселелерін шешу жолдары қамтылған. Бағдарламаны іске асыру орнықты экономикалық дамуға қол жеткізуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді «Nur Otan» партиясы Петропавл қалалық филиалының төрағасы Болат Жұмабеков. Конференция барысында облыстық мәслихаттың партиялық тізіміне қосылуға 12 үміткер бақ сынасты. Пікірталас барысында олар тұрғын үйдің қолжетімділігі, жолдарды жөндеу, халықты әлеуметтік қолдау, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық деңгейін арттыру мәселесін көтерді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Петропавл қаласынан 9 адам облыс мәслихатына «Nur Otan» партиясының тізіміне енгізілді. Сонымен қатар аймақтық конференцияға делегаттар сайланды. 10-12 қараша аралығында СҚО-да партияның 14 аумақтық филиалында конференция өтті, онда жергілікті мәслихаттарға партиялық тізімдер анықталды. Бұған дейін 7 және 8 қарашада облыс бойынша 246 бастауыш партия ұйымдарында жиналыс өтті. Қалалық және аудандық пікірсайыстың жеңімпаздары 17 қарашаға жоспарланған облыстық конференциядағы пікірсайысқа қатысады. Өңірлік конференцияның қорытындысы бойынша СҚО-дан Парламент Мәжілісі сайлауына «Nur Otan» партиясының тізіміне енетін праймериз кандидаттары анықталады.Әбілмансұр ЖАСАН