Алдағы жылдары еліміздегі ет экспортын арттыруға Сайрам ауданының қосар үлесі зор болмақ. Өйткені мұнда 2-3 жылда заманауи үлгідегі әлемдік стандарттарға толық жауап беретін ең ірі ет комбинатын салу көзделіп отыр. Бұл туралы Сайрам ауданында өткен «Nur Otan» партиясы Сайрам аудандық филиалының кезектен тыс 43 конференциясында пікірсайысқа шыққан «Қайып ата» ЖШС-нің директоры Сырым Ертаев мәлім етті.
– Сайрам ауданы елімізге ет өнімдерін ең көп өндіретін өңір ретінде кеңінен танымал. Қазірдің өзінде мал бордақылау алаңдары мен мал сою орындары аз емес. Бірақ бұл ет экспортын алға ілгерілетуге аздық етеді. Сондықтан Сайрам ауданынан заманауи әлемдік стандартқа сай ірі ет комбинатын салуға болады. Мұнда бәрі комплексті түрде жүзеге асырылуы тиіс. Тіпті, бордақылауға қажетті жемшөптің бәрі арнайы тексерістен өтіп, өзімізде дайындалуы керек. Сонда біз 200 келілік мал салмағын 500 келіге дейін семіртуге жағдай жасай аламыз, – деді кәсіпкер. Тағы бір ұтымды ұсынысты үміткер Динара Асылқызы айтты. Ол Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жасыл аудан» бағдарламасын қолдау қажет деп есептейді. Тіпті, мектеп пен балабақшаларға эколог мамандарды көптеп тартып, аталған мекемелерге арнайы дәріс өткізуді ұсынды. Ол өз ұсынысында қоқыстар мен қалдық заттарды қайта өңдеуді алдағы 10 жылда 50 пайызға дейін жеткізуге болатынын тілге тиек етті. Жарыссөзде, бұдан бөлек ауылдарды газдандыру, ауызсумен қамту, балалар арасындағы семіздікті жою, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа тосқауыл қою секілді бірқатар ұтымды ұсыныстар делегаттардың кең қолдауына ие болды. Конференцияда дебатқа қатысқан облыстық мәслихатқа үміткерлерге дауыс берілді. Нәтижесінде, С.Ертаев – 46 дауыс, Ж.Мұсаханұлы – 35 дауыс, Д.Егамбердиева – 29 дауыс, Б.Төлендиев – 8 дауыс, Б.Нишанкулов – 28 дауыс, А.Айкан – 26 дауыс, Ш.Халмурадов – 24 дауыс, К.Есебаева – 24 дауыс, Б.Айтқұлов 22 дауыс жинады. 48 азамат аудандық мәслихатқа сайлауға қатысу үшін партиялық тізімге енгізілді. Бүгінгі таңда Сайрам аудандық мәслихатында 24 мандат бар. Сайлаудан кейін бұл құрам кемінде 60-70 пайызға өзгереді. Әйелдер мен жастар саны артады.Әбілмансұр ЖАСАН