Ақша аударымы бақыланады
Ақша аударымы бақыланады
185
оқылды

Қазір дәмхана немесе дү­­кенге бара қалсаңыз, банк карточкасына ауда­ры­м жасауды өтінеді. Пос-тер­миналды сұра­са­ңыз, жұ­­­мыс істемейтінін айта­ды. Бұл – салықтан жал­­т­ару. Ен­ді әрбір ақша ау­да­рым­дары тексері­ле­ді. Мұ­ны Қар­жы ми­нис­тр­лігі са­­­лық­тан жал­тар­­ған кәсіп­кер­­лер­ді анық­тау үшін іске асыр­мақ.

«Барлық төлем туралы айту­дың қажеті жоқ. Егер сіз тең­геріміңізді толтырсаңыз немесе жақындарыңызға көмектессеңіз, бұл есепке алынбайды. Барлығы жеке қаралады. Бұл барлық элек­тронды транзакцияларға қа­тыс­ты. Егер сіз коммуналдық шот­ты төлесеңіз немесе ұялы теле­фон балансын толтырсаңыз, бұл сомаға салық салынған. Же­ке аударымдардың да иесі бар. Бәріне Салық комитеті мо­­н­и­торинг жүргізеді», –деді Қар­жы вице-министрі Берік Шол­панқұлов.

Шолпанқұловтың сөзінше, бұл қазақстандықтарға сапасыз мемлекеттік қызмет көрсеткен немесе жарамсыз тауар сатқан жағдайда өз құқықтарын қорғауға көмектеседі.

Тағы айта кетерлігі, егер қа­зақ­стандық туған-туыстарына ақша жіберсе, табыс ретінде саналмайды. Сәйкесінше, бұған салық салынбайды. Ал егер жеке тұлғаға басқа жеке тұлғадан үнемі аударым түсіп отырса, мұны салық комитеті бақылауға алады.

«Бұл барлық банкке қатыс­ты. Салықты табыс алатындар төлейтін болады» деді Шолпан­құ­лов. Демек, бәрі жіті қадаға­ла­на­ды. Енді сіз де талап ете аласыз. Түбіртек сұрауды ұмытпаңыз. Пос-терминал арқылы төлем қабылдауды өтініңіз. Болмаса, кесірі сізге тиіп кетуі мүмкін.

Қаржы министрлігі сондай-ақ төлемнің әрбір түріне атау беруді жоспарлап отыр. «Ең алдымен, төлем мәртебесі енгізіледі. Мы­салы, ақша аударымы тауар­ға немесе қайырымдылыққа ауда­рылғаны қадағаланады. Яғни, саралау жүргізіледі. Барлық төлем белгіленіп отыруы қажет. Егер жақынына аударса, бір түрі деп, тауар сатып алса, басқа түрі ретінде қарастырамыз. Аталған төлемге түбіртек сұрай алмайсыз ғой» деп түсіндірді Шолпанқұлов.

Қаржы министрлігі бар­лық төлемге бірдей салық салын­байтынын ескертті. Егер адам ұялы телефонына ақша салса не­месе жақындарына көмек ре­­­­тінде ақша аударса, тексеру жүр­мей­ді. Сондай-ақ біраздан бері ми­нистрліктің Kaspi банкі­мен бі­р­лесіп, қолма-қол ақшасыз аударым жасау тәсілін заңдастыру жолын қарастырып жатқаны айтылып жүр. Демек, министрлік екі кеменің басын бірдей ұстамақ. Kaspi Gold-қа күн сайын «рақ­мет» айтатындардың желігі ба­сы­­луға жақын сияқты. Үкімет банк­пен біріксе, қазіргідей бей­марал «ауыс-түйіс» жүрмейді. Осын­дайда әртүрлі ой келеді. Те­гін аударым жасағанын бақытқа бөлеп жүрген халықтың салы суға кет­пей ме екен? Кейде үкіметтік ұйым­дарға тісі батпаған соң жеке­мен­шіктегілердің жағасынан ұстай ма дейсің. Kaspi-дің жыры да Күлбикеш барған кештей аяқтала ма?


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ