Отандық бизнес қамқорлық көреді
Отандық бизнес қамқорлық көреді
170
оқылды

Елбасы төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиын ба­рысында «Самұрық-Қазынаны» инвестициялық холдингке ай­налдыру мәселесі қаралды. Сондай-ақ пандемия ке­зеңін­де отандық өндірушілерді қолдау шаралары пысық­талды.

– Отырысымыз өте қиын кез­де өтіп отыр. Аса ірі елдер ара­сын­да бәсекелестік те, тайталас та өршіп барады. Қазақстан эко­но­микасы үлкен қысымның ас­тын­­­да қалады. Сонымен бірге бұл біз­ге жаңа экономикалық мо­де­ль­­ді құру үшін қажетті рефор­ма­ларды жүргізуге мүмкіндік бе­ре­ді, – деді Қазақстанның Тұң­­ғыш Президенті. Қорды қайта құру мәселесін талқылау барысында Нұрсұлтан Назарбаев тиімсіз инвес­тиция­лар­ды қысқартудың және оны ана­ғұрлым көп табыс әкеле­тіні­мен ауыстырудың маңызын нұс­қады. – Басты мақсатты біз қор­дың 2028 жылға дейінгі жаңарған Даму стратегиясында анықтадық. Оның бастысы – «Самұрық-Қа­зына» қорын ортамерзімді перс­пективада инвестициялық хол­динг ретінде жұмыстың жаңа фор­матына көшіру. Біз қордың портфелін географиясы бойынша да, активтер салалары бойынша да әртараптандыруымыз қажет. Тиім­сіз инвестициялардан ары­лып, оны мейлінше табысты­лары­мен ауыстырған жөн. Бұл – қордан түсетін дивидендтердің өсуі есебінен бюджет түсімдерін арт­тыруға мүмкіндік береді, – де­ді Елбасы, «Самұрық-Қазына» ұлт­тық әл-ауқат қорын басқару жө­ніндегі кеңестің Төрағасы.   Ол дағдарыс жағдайында ел Үкі­метіне отандық бизнесті қор­ғау үшін теңдессіз шаралар қа­был­дауға тура келіп жатқанына на­зар аудартты. – Төтенше жағдай кезеңінде ха­лық пен бизнесті қолдауға ба­ғытталған дағдарысқа қарсы ша­ралардың 3 топтамасы қабыл­дан­ды. Алайда пандемия кері ше­гінер емес. Оның екінші толқыны елді жабатыны болжануда. Осы орай­да бұрын айтқанымдай, отан­дық кәсіпкерлерді қолдау аса маңызды, – деді Н.Назарбаев. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма тө­ра­ғасы Ахметжан Есімовтің қа­зақстандық өндірушілерді қолдау шаралары туралы баяндамасын тыңдаған Тұңғыш Президент бизнес белсенділігі күрт құлды­ра­ған қазіргі шақта мемлекеттік тапсырыс пен квазимемлекеттік сек­тордың сатып алулары өнер­кәсіптік кәсіпорындарға көмек­тесудің тиімді шарасына айналып отырғанын еске салды. – 2018-2019 жылдары қордың са­тып алуларының 93%, яғни 4  200  позиция  бойынша 1 триллион тең­геден астам сома бәсекелі ор­таға тапсырылды. 23 мыңға жуық кә­сіпкерлік нысаны сатып алу­ларға тікелей қол жеткізе алды. Осы кезеңде бір көзден сатып алу­ға арналған негіздер 60%-ға ке­мітілді. Бұл сатып алулар қоры­тындысы бойынша 400 миллиард теңгеден астам қаражаттың үнем­делуіне әкелді. Осы жұмысты жал­ғастыру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Кеңес барысында «Қаз­Мұ­най­­Газ», «Қазақстан темір жолы», «Қа­затомөнеркәсіп» ұлттық ком­паниялары, «Қазақтелеком», «Са­мұрық-Энерго» және Air Astana акционерлік қоғамдары бас­шыларының есептері тыңдалды. Елбасы қордың Даму страте­гия­сын тиімді жүзеге асыру қа­жет­тігін нықтады. – Маңыздысы сол, барлық ком­паниялар әлеуметтік тұрақ­ты­­лықты сақтауда, өз жұмыс­кер­ле­ріне қамқорлық жасауда, стра­тегиялық тұрғыдан шешуші сала­лардағы кәсіпорындардың ор­нықты қызметін қамтамасыз ету­де. Өндірістік персоналды ба­рын­ша сақтап қалу қажет. Бұл жер­де 340 компания және 300 мың адам жайында сөз болып отыр. Импортқа тәуелділікті тө­мендету бағытында жұмыс жүр­гізілді. Қор үлгісінде біз отандық биз­несті белсенді қолдауға үй­рен­дік, – деп  сөзін түйіндеді Қа­зақ­станның Тұңғыш Прези­денті Н.Назарбаев.

Айхан ШӘРІП