Тендер деп алданғандар
Тендер деп алданғандар
249
оқылды

Қазақстанда тен­­дер­лер арқылы ылан-ойран ел қа­р­жысы үлестіріледі. Мыса­лы, Қаржы ми­нистрі Ерұлан Жа­маубаев­тың ай­туынша, биыл­ғы 10 айда ша­мамен 1,3 мил­лион мем­ле­­кет­тік сатып алу рә­­­сімі арқылы жал­пы сомасы 9,3 трил­­лион теңге та­­ра­тылды. Квази­мем­лекеттік сек­тор­дың осы шығы­ны да аста-төк. Бы­лайғы жұрт бұған тек жұтына қарай­ды. Ал кейбір пысықайлар бұқараны «босқа тамсанбай, тен­дерден өз үлесін алуға» шақыруда. Осыдан сан алуан алаяқ схемалар туады.

«Министр – менің ағайыным»

Мемлекеттік сатып алуға қатысқан кәсіпкердің алаяқпен алмасқан хаты интернетті кезіп жүр. «Алдағы тендерде сіздің компанияңыздың 100% жеңіс­ке жетуін кепілдендіруді ұсынамыз. Тек шағын бөлігін – сметаның 5-7%-ын берсеңіз бол­ды», – дейді алаяқ. «Біз туралы қайдан білдіңіз?» деп таңданады кәсіпорын басшысы. «Мемлекеттік са­тып алулар порталынан». «Бізді алдап кет­пейтініңізге қандай кепіл бар?». «Біз үлесімізді тек сіз жеңіске жеткеннен кейін аламыз! Тапсырыс беру­шінің басшысымен жеке таныспыз, соның ар­қасында жеңісті сізге әпереміз. Министрлікте өз ада­мымыз отыр. Еш алаң болмаңыз, келісім бер­сеңіз, бәрі нақты шешіледі» деп үстемелетеді жыл­пос. Мұны естіген кәсіпкер келіскен сыңай біл­дірді. «Онда поштаңызға қажетті құ­жаттар тізімін жібердік. Мұқият оқып, барлығын жинаңыз!» – дейді жылмақай. «Алдым. Бірақ тізімдегі 150 мың тұратын не анықтама? Бұ­рын ондай анықтама талап етіл­мейтін». «Жақында ғана мем­лекет­тік сатып алулар және корруп­ция­мен күрес заңы өзгерді. Бұл жаңа талап», – дейді қу. Әрине, қалталы кәсіпкер үшін 150 мың теңге түкке тұрмайды, төлей салады. Содан кейін делдал ізім-ғайым жоғалады. Өйткені оның басты көздегені де сол. Ал жеңімпазбен бірге тендердің 5-7 пайызын бөлісу – жай алдарқату шарасы, ол назарды басқа жаққа аудару үшін қажет. Айлакерлер шынында көк тиын құны жоқ «анықтамаға» әдейі аздау ақша сұрайды. Әйтпесе, жарты немесе бір миллион сұраса, тен­дерге қатысушы сезіктеніп, бол­маса, көпсініп, тұзақтан шығып кетуі мүмкін.

Алданған кәсіпкер – тілсіз құл

Сұғанақ жандар мемлекеттік сатып алу порталында тіркелген кәсіп­керлерге жаппай қоңырау соғады. Кей жағдайда: «тендерге қатыс­қыңыз келмей ме?» деп өзге бизнес нысандарына хабарласып жатады. «Шарт біреу – сметаның ша­малы бөлігін беруі тиіс. Сонда оның қарсыластарының өтінішінен то­сыннан кемшілік табылып, тауар/қызмет бір көзден сатып алынады-мыс. Егер сіз келіссеңіз, алаяқтар келісім бекіту үшін қа­­жетті құ­жаттар тізімін жібереді, шұғыл жинап беруді талап етеді. Тізім­дегінің көбі стандартты құжаттар, тек бір анықтама ерекше­­­­ленуі мүмкін. Ол қызметті аты көрсе­­­тілген жалғыз ұйым не фирма ғана көрсетеді. Ақы төлегеннен кейін кәсіпкер шынымен де содан «анық­­таманы» алады. Алайда жеңісті уәде еткендер ақшамен бірге тайып тұра­ды. Сондықтан белгісіз адам заңды айналып өту арқылы табыс табуды ұсынса, полицияға хабар­ласыңыз», – дейді алматылық бел­гілі компанияның тендерлермен жұмыс жөніндегі менеджері Алек­сандр Дегтярев. Кәсіпкерлер қу жанның қылаң ұрған қимылына, жайраң қаққан ашық көңіліне, батыл һәм сенімді сөздеріне арбалып қалады. Ол сұм «құрбанымен» әңгіме кезінде мем­лекеттік сатып алуды өткізетін ве­домство басшысының жеке басы­­­­на, өміріне, еңбегіне, әдет­­теріне қатысты «көпшілік біле бермейтін» (көбіне ойдан құрас­­­тырылған) әлдебір жайттарды тілге тиек етеді, сөйтіп онымен таныс, жолдас, тіпті туыс екенін «дәлел­дейді». Оның үстіне, сыбайлас жем­қорлыққа қатысты заңның және жазаның күшейтілуіне байланысты бүгінде биік лауазымды тұлғалар өз қолымен «откат» алудан қорқатыны мәлім. Демек, «мына туысын (та­нысын) делдал ретінде жіберуі әбден мүмкін» деген ой туады. Қынжылтатыны сол, осылай сағымға сеніп сан соққан кәсіп­керлер құқық қорғау органдарына әділет іздеп шағымдана бермейді. Өзі де тендерді жемқор көмегімен ұтып алғысы келгенін өзгелер біліп қояды деп қымсынады. Салда­рынан, қаскөйлер жазадан құты­лады, қарау қарекетін ары қарай жалғастырады.

«Мені Нұрлан алдап кетті»

Өзін қазақстандық кәсіпкер, 14 жыл бойы тендермен айналысып келе жатқан маман ретінде таныс­тырып жүрген Нұрлан Байділдә бұдан әлдеқайда кең аудиторияны тауып алды: ол қарапайым адам­дардан ақша жинайды. Оның клиенті­­нің бірі – Дәурен Т. құзырлы органдарға шағым жолдады. «Интернеттегі сайтында, YouTube платформасында кәсіпкер Нұрлан Байділдә «Самұрық-Қазы­наның» тендеріне қатысу үшін алдын ала біліктілік іріктеуінен өткізуге уәде етіп, тұрақты түрде жарнамалап жатыр. Мен де оған сеніп қалдым. Содан қатысуға ұйғардым. 2019 жылғы 28 қарашада 100 мың теңге ақшамды жарна­малық ролигінде көрсетілген рек­визиттер бойынша енгіздім. Содан соң Tender First компаниясынан теле­фон шалып, жақын арада мені­мен мамандар хабарласатынын, тіркеу рәсімін бастайтынын айтты. Бірақ осымен іс тынды. Ұзақ уақыт бойы оларға қоңырау шалумен болдым. Не елемейді немесе бос уәдемен тойдырады», – дейді Дәурен. Ол Нұрлан Байділдәнің жеке өзіне – Instagram парақшасына жазыпты. «Соңғы рет жазғанымда, ол мә­селенің мәнісін анықтайтынын, ақшамды кері қайтаратынын мә­лімдеді. Оның орнына мені бұғаттап тастады. Мен оның тіке­лей эфир­леріне де жазып, ауызша беріп жүрген уәделерін орындауы тиіс­тігін есіне салдым. Міз бақ­пайды. Оның қаржылық махина­ция­ла­рының байыбына баруды сұрай­мын. Олар ақшаны карта­ларына аудартқызады, клиент­­­­­­­­­терімен еш­­қан­­­дай келісімге отыр­майды, фискалдық чек бермейді. Мен сияқты сазға отыр­­­­ғандар көп еке­­ніне сенімдімін. Ұрлаған қара­жаттарымызды қайтарсын. Ақша аударғанымыз жөнінде чек қо­лымда бар», – дейді Дәурен.

Ресей тендерінде сүрінді

Н.Байділдә Қазақстанмен шек­телмей, Ресейді игеруге құлаш ұр­ды. Бизнес тақырыптағы ресейлік жетекші YouTube арна ретінде та­нылған «Трансформатор» арқылы өз фирмасын насихаттады. Оның жүргізушісі Дмитрий Портнягин Нұрланның идеясының «керемет» екенін дәріптеп, бір емес, екі бағ­­дарламасын арнады. Мұны біле сала, алаяқтарды әшкерелейтін ресейлік блогерлер мен сарап­шылар қазақстандық «гастро­­­лердің» ізіне түсті. Солардың бірі, шетелдік та­нымал видеоблогер, ІТ ма­ман­дарының NWork Youtube ар­на­сының жетекшісі Никита Работ­ников Нұрлан қолданатын схе­маның айласын әшкереледі. «Ресейде де, Қазақстанда да тендер саласын қалпымен корруп­ция жайлаған. Халық түгіл, кәсіп­­­керлер де онда бармақ басты, көз қысты жолмен жеңуге, заңсыз жол­­­­­­­мен мол пайдаға кенелуге бола­­ды деп есептейді. Нұрлан не іс­тейді? Ол бизнестен мүлдем алыс, сатып алу жүйесі жөнінен еш хаба­ры жоқ адамдарды өз схема­­сына тартады. Меніңше, оның клиент­­терінің 70-80 пайызы – мұ­ғалімдер, бюджет қызметкерлері, жұмыс­­сыздар. Олардан жиналған ақша әлдебір делдалдың қалтасына кете­ді. Нұр­­­­лан өз клиенттеріне сатып алу саласының тәуекелдері туралы тіс жармайды», – дейді Н.Работ­­ников. Нұрлан Байділдә журналистерге сұхбатының бірінде өзі де көп ақшасын жоғалтқанын ашық мойын­дады. «Тендерде негізінен, ең төменгі баға таңдалады. Ұлттық валюта күрт құнсызданса, жеткізушіге екі жол ғана қалады: не өзің зор шығын шексең де міндеттемеңді аяғына дейін орындап шығасың. Қазақ­станда осының салдарынан биз­несінен айырылып қалған кәсіп­керлер бар. Немесе істі аяқсыз, орта жолда қалдырасың, онда жосықсыз жеткізуші атанасың. Содан кейін бір жыл бойы басқа ешқандай тендерге қатыса алмайсың. Н.Бай­ділдә өз сайтында 3 ай ішінде Ресейде 626 миллион рубль табыс тапқанын көрсетті. Кейін ол ақпа­ратты алып тастады. Оның фир­­масы Ресейде жеңіп алған бірде-бір тендер тіркелмеген. Tender First компаниясы Ресейде жосықсыз жеткізушілер тізіміне кіріп кетті», – дейді Никита Ра­ботников. P.S.

Кез келген тендер – білікті ма­­­манды, мұқият іс-қағаз жүргізуді, міндеттемелерді тап-тұйнақтай орын­­­дауды, яғни сапалы тауар жет­­кізуді немесе лайықты қызмет көр­­сетуді талап етеді. Егер бұл талап орындалмаса, актіге қол қойыл­май­­­ды, тендер ақшасы берілмейді. Тен­­­дерлік кепілдеме де қайта­­­рыл­майды. Демек, осындай іске ақшасын салған қарапайым жан табыс таппақ түгіл, салымын қай­тара алмайды. Дария­­дай тас­­қын­даған тендер ақша­­­сына қы­зыққан жұртшылық жыл­­пос­тардың құрба­нына айнала бер­­­меуі үшін Үкіметке халықтың қар­­­жылық сауаттылығын көтерген жөн болар.

Елдос СЕНБАЙ