Биыл Павлодар қаласында жол-көлік оқиғасының салдарынан қаза тапқан жаяу жүргіншілердің саны артқан.
– Жүргізушілерге жауапкершілік арттыру керек. Тұрғындар да жолдан өткен кезде абай болса екен дейміз. Жалпы, жаяу жүргіншілердің қатысуымен облыс орталығында 175 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, 7 адам қаза тапты, – дейді жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Равиль Хасанов. Қайғылы жағдайдың бірқатары осы айда тіркелді. Осы аптаның өзінде күн сайын түнгі уақытта көліктер соқтығысып, жаяу жүргіншілер жапа шегуде. Екі адам қаза тапты. Жәбірленушілер тәртіп сақтап, бағдаршамның жасыл түсіне өтсе де, ажалдан құтыла алмады. Тұрғындар мұны қала көшелерінің жарықтандыру жүйесімен байланыстырып отыр. Дәлірек айтқанда, көп көше жарықтандырылмаған, шамдары істен шыққан. – Қазір қаланы жарықтандыру жүйесі сын көтермейді. Түнгі уақытта көлікпен жүрудің өзі қауіпті болып барады. Әсіресе, жауын-шашынды күндері қиын. Салдарынан Павлодарда жол-көлік оқиғалары да көптеп тіркелуде, – дейді такси жүргізушісі Оңдасын Әубәкіров. Павлодар қаласында көшелерді жарықтандыру мәселесі шешімін таппай келе жатқанын «109» бірыңғай байланыс орталығының директоры Абзал Қабдраш та растап отыр. – Биыл наурыз айынан бастап тұрғындардан қала көшесіндегі жарықтандыру мәселесі бойынша 600-ге жуық өтініш, арыз-шағым түсті. Олардың басым бөлігі – екінші Павлодар аталатын шағынаудан, Зеленстрой аумағындағы көшелерге қатысты болып отыр. Жарық беретін шамдардың орнатылмауы, бар болғанның өзінде олардың әлі күнге дейін қосылмай тұрғаны анықталды. Аула ішінде де жарықтандыру бойынша мәселе көп. Бұл өтініштің барлығы Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жіберілді. Олар аталған мәселеден хабардар. Жылдың соңына дейін барлық шамдар қосылады деп уәде беріп келеді, – дейді Абзал Қабдраш. Уәде беру оңай. Орындалуы қиын соғып жатқан сыңайлы. Күні кеше түнде жергілікті JEBE қоғамдық бірлестігінің мүшелері Павлодар қаласы бойынша арнайы рейд өткізген. Нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. – Түнгі 00.00-ден бастап бірнеше топқа бөлініп, Павлодар қаласын аралап шықтық. Қала шетіндегі шағын көшелерді айтпаған күннің өзінде, орталықта орналасқан Бұхар жырау, Ак.Бектұров, Иса Байзақов, Бекмаханов, Щедрин, Урицкий сияқты көшелер жартылай тас қараңғы күйде тұр. Түнгі Павлодардың сиқы – осы, – дейді қоғамдық бірлестік өкілі, журналист Жұмабек Сманов. Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі кінәнің барлығын жеке кәсіпорынға артып отыр. – 2019 жылы қаладағы жарықтандыру жүйелері мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында «Алтаком Азия» компаниясына сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Олар қала көшесіндегі шамдарды төрт жылға жауапкершілігіне алды. Расымен, қазір тұрғындар тарапынан осы салаға қатысты арыз-шағымдар түсуде. Дейтұрғанмен, қала бойынша бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда жарықтандыру жүйесінің сапасы артып келеді. Тек, биыл орталық көшелердегі шамдардың жарық беруі, қуаты әлсіз болып тұр. Салдарынан бұл көшелерде жол-көлік оқиғалары тіркелуде. Аталған мәселеге қатысты «Алтаком Азия» компаниясына олқылықтың орнын толтыру туралы хат әзірлеудеміз, – дейді Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Оразалин. Облыстық Полиция департаментіндегілер болса, жауапты мекемелерге хат жазумен әлек. – Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары бойынша түнгі уақытта арнайы тексеру жүргіздік. Оның нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға кейбір көшелерге қосымша шамдар орнату бойынша 12 ұсыныс жолдадық. Бұдан бөлек, қосымша жарық беру құрылғыларын барлық жаяу жүргіншіге арналған жолақтардың қасына орнату қажет. Ол жерлерге арнайы дыбыстық жолақтарды да орнатуды ұсынып отырмыз, – дейді Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Дулат Төкенов. Құзырлы мекеме мен серіктес компания, құқық қорғау органдары бір-біріне хат жазып әлек болып жатқанда, қала көшелерінде жол-көлік оқиғалары көбейіп келеді. Өкінішті-ақ.Данияр ЖҰМАДІЛ, Павлодар облысы