Тегеурінді қимыл табысқа жеткізеді
Тегеурінді қимыл табысқа жеткізеді
189
оқылды

Таяуда Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың қатысуымен көшбасшы партияның Мәжілістегі фракциясының кеңей­тілген отырысы өткені мәлім. Отырыстың басты мақсаты Nur Otan сайлауалды бағдарламасының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының орындалу барысын талқылау болды.

Жалпы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру са­­пасын арттыруға және эко­­но­миканы одан ары да­­­мы­­туға бағыт­талған пар­­тия­ның «Қазақстан–2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жа­­сам­паздық» атты сай­лауалды бағ­дар­ламасын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын тиім­ді жү­зеге асыру бағы­тында Үкімет пен партия бірлесе қимылдап келеді.

Бүгінде бұл маңыз­ды құжаттардағы тапсыр­малардың көп бөлігі то­лы­ғымен орындалды деп айтуға болады.

Сайлауалды бағдар­лама міндеттерін атқару үшін Парламент 72 заң, ал Ұлт жос­парын іске асыру үшін 68 заң қабылдады.

Nur Otan фрак­ция­сы­ның депутаттары қа­зіргі кезде сайлауалды бағ­дар­ламаның және Ұлт жос­па­рының орындалу ба­ры­­сына тұрақты түрде мониторинг жүр­гізуде.

Атап айтар болсақ, «100 нақты қа­дам­ның» «Заң үс­темдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша едәуір жұмыс атқарылды. 2016 жылдан бері сот жүйесі қай­та жаңғыртылып, 5 са­тылы жүйеден 3 сатылы тәр­­тіпке көшірілді. Судья­ларды іріктеудің жаңа жүйесі аясында аудан­дық, облыстық және Жо­ғарғы сот судьялары лауазым­дарына үміткерлер үшін біліктілік талаптары кү­шей­тілді. Жоғары сот кеңе­сі жеке мемлекеттік ор­ган мәртебесіне ие бол­ды және жаңа форматта жұмысқа кірісті. Судья­лардың халық алдында есеп беру тәртібін күшей­ту мақсатында «Қазақстан­ның сот жүйесі және су­дья­ларының мәртебесі тура­лы» конституциялық заңы­мен азаматтарға сот жюриіне судьялардың әрекеттеріне шағымдану құқығы берілді.

Елімізде Дубай тә­жіри­бесіне негіз­делген Халықаралық төрелік орта­лығы құрылды.

Ұлт жоспарының 99-қадамына сәйкес, мем­­лекеттік шешімдер қа­был­­­дау ашықтығын арт­т­ыру үшін Пар­ламент депу­тат­тарының бастама­сымен «Қоғамдық кеңес­тер туралы» жаңа заң жа­­зы­лып, қабылданды. Қоғам­дық кеңестердің құрамына қоғам қайрат­керлері және белсенді азаматтар кіреді. Бұл заң­ның бірден-бір маңы­зы сол, енді халық пен би­лік арасында байла­ныс орнату арқылы мемле­кеттік шешімдердің қа­былд­ануына қоғам ықпал ете алатын болды.

Сонымен қатар фрак­ция депутат­тарының бас­та­машылығымен «Медиа­ция туралы» заңға бірқатар түзетулер әзірлену үстінде. Медиация институты – екі тараптың өзара келісу және татуласу арқылы дауларды сотқа жеткізбей ше­шуінің ең қолайлы жолы. Осы институтты одан ары жетілдіру мақ­са­тында депутаттар қолда­ныс­тағы заңға тиісті өз­герістер ұсынып отыр.

«100 нақты қадам» тап­сырмаларының бір бағыты жеке сот орындаушылар инс­титутын одан ары жетіл­діруге қатысты. Бұл салада да халықаралық тәжірибені назарға ала отырып, фракцияның бір топ депутаты Сенаттағы әріп­тестермен бірге «Кей­­бір заңнамалық акті­лерге атқарушылық іс жүр­гізу мәселелері бойын­ша өз­герістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң жо­басын әзірледі. Қазір заң жобасы Мәжіліс қара­уында жатыр. Ол әлеу­мет­тік жағдайы төмен топтар­дың мүдделерін қорғауға және алимент төлемдерді өндіру тәжірибесін же­тілдіруге бағытталған.

Nur Otan сайлауалды бағдарламасына сай, кор­рупцияға мүлдем төзбеу­шілікті орнату мақ­­са­тында «Сыбайлас жем­­қор­­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы қайта­­дан қаралып, жаңа редак­цияда қабылданды. Заңда жем­қор­лыққа қарсы мо­нито­ринг, кор­руп­циялық тәуе­келдерді талдау, қо­ғам өзегіне түскен сол «же­гі­құртқа» қарсы мәде­ниет­ті қалыптастыру сияқт­ы алдын алу тетіктері енгі­зіл­ді.

Қойылған міндет пен берілген тапсырмалардың орындалуына фракция депутаттары ары қарай бақылау жасай береді.

Отырыс барысында Елбасы фрак­цияның жұ­мысына да ерекше тоқ­талып өтті. Енді Nur Otan партиясы атынан сай­ланған Мәжіліс депутат­та­рының қызметі ары қарай жандандырылады.

Нақтылай кетсек, өңір­лердегі халық­пен жұмыс күшейтіледі, депутаттар ауыл-аймаққа барғанда мін­детті түрде аудан мен ауылдар деңгейінде халық­­пен жүздеседі, қо­ғам­­дық қабылдаудар өт­кі­­зіп, көкейтесті мәсе­ле­­лерді ортаға салып, жұрт­шылықпен талқылауы қажет.

 

Нұрлан ӘБДІРОВ,
Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-
құқықтық реформа комитетінің төрағасы