Асыраушы көбейсе, қараусыз бала азаяды
Асыраушы көбейсе, қараусыз бала азаяды
179
оқылды

Соңғы уақытта елімізде же­тімдер саны азайған. Ресми де­­рек­терде 10 жыл ішінде ба­ла­лар үйінің тәрбиеленушілері 70 пайызға дейін кемігені көр­се­тіліпті. 2012 жылы 10 мың, 2017 жылы 6 мың­нан астам қа­­раусыз бала болса, 2019 жылы 4,9 мыңға төмендепті. Сәй­кесінше, жетімдер үйі де азайып келеді. 2009 жылы 213 же­тімдер үйі тіркелген, ал қазір олардың жартысынан астамы жұмы­сын тоқтатыпты. 2019 жылғы статистика мәліметтері бойынша, бар­лығы 107 балалар үйі бар екен.

Әрине, бұл – қуанарлық жағдай. Же­тімін жылатпаған елміз ғой. Қо­ғам қайраткерлері мен депутаттар да жетімдер үйі мүлде болмауы керек де­ген ұсыныс тастағалы біраз жыл бол­ды. Балалар үйі санының қыс­қаруы­на бала асырап алушылардың кө­беюі мен жеке, отбасылық жетім­дер үйінің саны артқаны басты себеп бо­лып отыр. Десек те, бала асырап алу­д­ағы бюрок­ра­тиялық кедергілер мен басқа да бөгеттер әлі де көп. Сол се­беп­­ті қанша­ма қаракөз шетел асып кетті.

Шетелге беріп, жетім азайттық па?

Осы уақытқа дейін 10 мыңға жуық қазақ баласын шетелдіктер асы­рып алған. 1993 жылғы 10 мамыр­да Гаагада қа­былданған «Балаларды қорғау және шетелдіктердің бала асы­рап алуын қолдау туралы» Кон­венцияға қол қойылғаннан кейін, біздің Конс­титуцияда өзгеріс пайда болды. «Не­ке және отбасы» заңының 76-бабы 2-тармағына «Балаларды Қазақстан Республикасының аума­ғында тұра­тын Қазақстан Республи­ка­сының аза­маттарына тәрбиелеуге беру мүм­кін болмаған жағдайларда ғана, шет­елдіктерге азаматтығы мен тұр­ғы­лық­ты жеріне қарамастан асы­рап алу­ға берілуі мүмкін» деген то­лық­тыру енгізілді. Осы бір ғана «мүм­кін» деген сөздің өзі шетелдік ба­ла асырап алушылардың Қазақ­стан­ға үйме­леуі­не алып келді. Бұл мә­селе 2002 жыл­ғы Парламент Мә­жілісінің жалпы оты­рысында тал­қы­ға салынып, «сә­би­лерді шетел­дік­терге бергенше, ең жа­қын туыстары­на беру керек» деген ұсы­ныс айтыл­ғанымен, Үкімет та­ра­пы­нан қолдау тап­қан жоқ. Со­лайша, 1999 жылдан бас­тап шет елден бала асы­рап алу­шылар елімізге ағыла бас­тады. 2011 жылы шетел азаматтарының ба­ла асырап алу рәсімінің механизмі қарастырылатын «Неке (ерлі-зайып­тылық) және отбасы туралы» кодекс қабылданған. Содан бері талай қазақ баласы сыртқа кетті. Осы тұста айта кететін нәрсе  – Қазақстан азамат­тары үшін бала асырап алу қиынның қиы­ны болса, шетелдіктер үшін бұл әлд­еқай­да жеңіл. Олардың отбасы то­лық­қанды ма, жоқ па, әлеуметтік жағ­­дайы қандай екені де тексеріле бер­­мейді. Соңғы уақытта шетел асқан қазақ ба­лалардың есі кіріп, етек-жеңін жи­ған соң туған ата-анасын іздеуі жиі­леп кетті. Осының алдында ғана Тео­дор есімді (Марат) баланың бауы­ры­мен қауышқанын жарыса жазып едік. Енді күні кеше Сара (Әсел Асыл­бекова) есімді америкалықтар асы­рап алған қыз туған анасын іздей­тіні жайлы хабарландыру беріпті. Жат жердің аты – жат жер. Ал елі­міз­де бала асырап алушыға қойылатын та­лаптар соншалықты қатал ма? Не­ліктен қазақтың баласын қазақ емес,  өзге ұлттар бауырына баса береді?

Бала асырап алудың машақаты көп

Балалар үйінен кез келген баланы асы­рап алуға болады. Бірақ ол оңай шаруа емес. Ата-ананың мыңдаған ба­ланың ішінен таңдау жүргізіп, ше­шім қабылдауының өзі біраз уақыт ала­ды. Ал құжат рәсімдеуге келгенде бая­ғы қағазбастылық қайта бой кө­тереді. Баланы асырап алудың бір­не­ше құқықтық жолдары бар. Патронат, қорғаншылық, қамқоршылық және толыққанды асырап алу. Біз осының ішінде толыққанды асырап алудың жайына тоқталсақ. Ата-ана таңдау жа­сап, шешім қабылдады делік, со­дан соң әуелі 9 түрлі құжатты жи­най­ды. Бірақ құжат деген аты ғана бол­ма­са, бұл сіздің тарихыңыздан бас­тап, материалдық жағдайыңызға дейін жүргізілетін тексеру іспетті дү­ние. Табыс көлемі, отбасы мен туыс­тары жайлы ақпарат, денсаулық жағ­дайы, қылмысқа қатысы жоқ­ты­ғы, тіпті баспанаңыздың бар-жоғына да есеп бересіз. – Әр сәбидің жеке дерегі элек-трон­ды базада болуы тиіс. Бірақ бала­лар үйі оны толтырмайды. Сон­дық­тан онсыз да қағазбастылық­тың шар­шататынын білген ата-ана таңдау еркінен айырылғанда жарты жолдан тоқтауға мәжбүр болуы да мүмкін. Осы мәселені жөнге салса, қалғанын шешуге болады, – дейді «Ми­ло­сер­дие» қайырымдылық қорын құрушы Аружан Саин. Ал елімізде бала асырап алу құ­пия­сы заңмен қорғалады. Демек, жаңа ата-анасына баланы беру жай­лы сот шешімі шыққаннан кейін ба­ла биологиялық ата-анасынан то­лыққанды ажырайды. Бала есейген соң асырап алған ата-ана оның өз­де­рінен тумағанын айтуға толық құ­қылы. Көп жерде бір тәмсілді жиі естіп жа­­та­мыз. «Бала тапқандікі емес, бақ­қан­­дікі» дейді кейбіреу. Бұған келіс­пей­тіндер де жетерлік. Дегенмен қа­рау­­сыз қалған сәбиді асырап алған отан­­дастарымыз бен шетелдіктерді ой­ла­сақ, бұл сөзге сенгіміз-ақ келе­тін­дей.

Мадияр ТӨЛЕУ