Рухани жаңғыру жолындағы жоба
Рухани жаңғыру жолындағы жоба

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. …Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен мәдениетіміз, әдебиетіміз, жо­рал­ғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұла­малығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қой­науынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы» деп әдебиетіміз бен мәдениетімізді жаң­ғыртудың бірқатар тұсын нақтылап берген болатын. Осы орайда, музей ұжымы түрлі жобаны жүзеге асырып келеді. Соның бірі – «Асыл мұра» жобасы. Бұл жоба арқылы музей қорында сақтаулы этнографиялық, археологиялық, ну­мизматикалық коллекциялар мен ұлты­мыздың салт-дәстүрлерін халық арасында насихаттаса, «Ақмешіт» музейі «Та­рихыңды танып біл», «Қазақтың даңқты астаналары» атты жобалар арқылы орта­ғасырлық Сығанақ, Сауран қалашығына, Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтан кесенесі секілді киелі жерлерге экскурсия жұмыстарын ұйымдастырды. Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 және тамырлы тарихымыздың бедерлі кезеңін қамтитын Алтын Орда мем­лекетінің 750 жылдығына орай «Қанат жайған руханият» атты көрме, оған қоса Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінің «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. – Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты шаралардың барлығы дерлік онлайн түрде әлеуметтік желілер арқылы көпшілік назарына ұсынылуда. Музейлердің экспозициялары Алаштың асқақ рухын баяндап, Сыр елінің тарих тағылымын кейінгі жас ұрпаққа танытады. Бүгінде көпшілікті өлке тарихымен таныстыру, ел тарихын насихаттау мақсатында музей қорындағы ең құнды экспонаттарымыз «Бір жәдігер тарихы», «Сіз білесіз бе?» айдарлары арқылы кезінде елімізде жұмыс істеген тарихи орны бар зауыт-фабрикалар, кәсіпорындар туралы түрлі құнды мәлімет халық назарына ұсынылуда. Тарихи оқиғаларға қатысу­шылар, ғылым және мәдениет өкілдері, Сыр өңірінің дамуына еңбек еткен құрметті азаматтар туралы мәліметтер, қызықты лекциялар әлеу­меттік желілер арқылы жарияланып ке­леді. Музей қыз­меткерлерінің зерттеуі нәтижесінде дайын­далған тарихи-танымдық видеолар желі көрермендерінің көңілінен шықса, мәдени тегімізді танытатын жауһар жәдігерлерімізді насихаттау, ел тарихын халыққа таныту мақсатында «Асыл мұра», «Ескерткіштер туралы біле жүріңіз», «Бұл үйде кім тұрған?» музейлік жобалары ерекше қызықтыруда. Алдағы уақытта «Туған жер» бағдар­ламасы аясында әр аудан аумағына этнографиялық экс­педиция, «Тоғысқан мәдениет» атты этноэкскурсия ұйым­дастыру жос­парлануда. – Аудандарда түрлі жоба қолға алынды. Мәселен, Жалағаш ауданында «Туған жерге саяхат» кіші музейлік туризм жо­басы іске асырылса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның қасиетті нысандар тізіміне Жаңақорған ауданы бойынша 10 ес­керткіш еніп, оларға да экскурсия жұ­мыстары жүргізілуде. Мұның барлығы өңірдің мәдениетін дәріптеуде тарихи маңыздылығымен құнды. Алда жүзеге асыратын жоспар көп. Келер жылы Арал ауданында ашық аспан астындағы музей ұйымдастыру, «Ақмешіт» музейіне жаңа атау беру жоспарда бар. Сондай-ақ ішкі туризмді дамытуға үлес қосып, Шірік-Рабат, Жетіасар мәдениеті секілді көне тарихи мекендерге экстремальды туризм ұйымдастыратын боламыз. Жалпы, ұжым­­­ның атқарған жұмысы жетерлік, алға қойған мақсаты да айқын. Ендігі меже – тамыры терең таңғажайып та­рихымызды дәріптеуді, кейінгі ұрпаққа жеткізуді жалғастыра отырып, әлемге танытуды қолға алу. Ол – алдағы уақыт еншісінде. Жаһандану заманында әлемнің көпте­ген елі жаһандық үрдіске ереміз деп ұлт­тық болмысы мен рухани құндылы­ғынан айырылып, азып-тозудың алдында тұр­ғаны белгілі. Ойланып қарасақ, ұлттық құндылық байлықпен не экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ұлттық құндылық – біздің рухани құндылығымыз, адами қасиеттеріміз, қазақи таным-тү­сінігіміз бен болмысымыздан, салт-дәстүрімізден бастау алатыны сөзсіз. Елбасының «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген ойы осыдан туындаса керек. Музей – тарих пен дәстүрдің ұш­тасқан, ұрпақтар жалғастығының негізгі алтын көпірі.

Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы