Күте-күте кезекті, сандалумен кез өтті
Күте-күте кезекті, сандалумен кез өтті
232
оқылды

«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді. Шынында, басыңда баспанаң болмаса, әлемнің кеңдігінен не пайда? Бүгінде бұл мәселе талайдың жанына батып, үй мен жер кезегіне тұрғандар күте-күте шаршады. Себебі салынып жатқан тұрғын үйлер мен инфрақұрылымы тартылған жер телімдерінен тізімде тұрғандардың саны көп. Бұл мәселенің шешімі бар ма?

Мойынқұм мен Меркіде бірде-бір пәтер берілмеді

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың ай­туынша, 1 қарашадағы жағдай бойын­ша баспана кезегінде 28 766 адам тұр екен. Жыл басынан бері оның тек 543-іне мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан пәтер берілген. – Кезекте тұрғандар саны жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, аудандарда құрылыс қарқыны төмен күйінде қалып отыр. Мәселен, соңғы үш жылда Меркі және Мойынқұм аудан­дарында кезекте тұрғандарға бірде-бір пәтер берілмеді. Байзақ және Жуалы аудандарында тек екі үйдің, ал Т.Рысқұлов ауданында төрт үйдің құрылысы жүріп, халық қоныс­танды, – дейді басқарма басшысы. Әрине, мұндайда әкім қаралар сан сылтауды алға тартатыны белгілі. Бұл жолы да «болыстар» бой­ларына кір жуытпауға тырысты. Алайда аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы ондайлармен әңгіме қысқа болатынын анық аңғартты. – Жамбылдықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бір құры­лымның ғана міндетіне кірмейді. Бұған Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен қатар жергілікті әкімдер де жауапты. Барлығы ат­салысуы керек. Аудан­дарда бос үй көп. Басқарма әкім­діктермен бірлесіп, оларды ре­конструкциялау үшін инвес­тор­ларды тартуға тиіс. Мәселені шешу­дің түрлі жолын ұсы­ныңыз­дар, – деді Бердібек Сапарбаев. Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, жыл басынан бері «Шаңырақ» пилоттық жобасы бойынша тұрғын үй сатып алу мақсатында 68 тұрғын, «Бақытты отбасы» шеңберінде – 343, ал «7-20-25» бағдарламасы бойын­ша 175 азамат несиеге қол жет­кізген. – Көрсеткіштер көңіл көн­шітпейді. «7-20-25» бағдар­­ламасын іске асыру нәтижелері бойынша біздің облыс соңғы орында тұр. Бұл бірінші кезекте Тараз қаласы әкі­мінің олқылығынан дер едім. Өйт­кені кезекте тұрғандардың басым бөлігі облыс орталығынан тір­келген. Қала әкімі бұл мәселені дер кезінде шеше алмады. Әкім­діктер банктермен бірлесіп тұрғын үй бағдарламаларының барлық тетігі мен артықшылығы туралы жан-жақты түсіндіруі тиіс, – деген облыс әкімінің бұл бағыттағы көр­сеткішке де көңілі толмады.

Баспана салуға ниет бар, жер жоқ

Жер телімін беруде де шешімін таппаған мәселелер шаш етектен. 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, жер телімін алу үшін 124 698 адам кезекте тұрған. Бірақ бұлардың да жерге қашан қол жеткізетіні белгісіз. – Жер кодексі бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін су және электр желілерімен қамтамасыз етілген аумақтардан ғана жер те­лімдерін беруге рұқсат етіледі. Ор­талықтандырылған сумен жаб­дықталмаған елді мекендерде мұндай жер телімдерін беруге электр желілері тартылған кезде ғана жол беріледі. Инфра­құры­лымдық жобаларды іске асыруға тиісінше көңіл бөлінбеуде. Нәти­жесінде, кезекте тұрғандар саны артып келеді, – дейді облыстық Құрылыс басқармасының бас­шысы Жайықбай Шалдаров. Бердібек Сапарбаев аталған басқарма басшысына олқы­лықтарды айтып қана қоймай, оның шешу жолын да ұсыну қажетін ескертті. – Неліктен бұл мәселені ешкім бақыламайды? Аудандарда бірнеше жыл қатарынан жоба­лық-сметалық құжаттамалар уақытылы әзірлен­бейді. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытудың 2022 жыл­ға дейінгі картасына сәйкес келер жылға 76 ин­фра­құрылымдық жоба бойын­ша жұмыс жүргізу жос­парланған болатын, бірақ қазіргі таңда оның тек 15-і ғана дайын­далған. Біз мұндай қарқын­мен бұл мәселені жуық арада шеше ал­маймыз. Тұрғындар 2006-2007 жылдардан бері әлі күнге дейін кезекте тұр­ғандарын айтып, ша­ғым­дануда. Олардың наразылығы орынды. Тұрғындар өздері үй салғысы келеді, бірақ біз ол үшін тіпті жер бөліп бере алмай отыр­мыз. Әкім­дер бұл мәселеге нем­құ­райды қарайды. Олардың осы іске деген талпынысы көрін­бейді. Респуб­ликалық бюджеттен аз қаржы бөлі­ніп жатқан жоқ. Тек оны уа­қы­тылы әрі сапалы игеру қа­жет. Құ­рылыс басқармасы бұл жұмыс­тарды үй­лестіре алмауда, – деді облыс бас­шысы. Жер теліміне кезекте тұрған­дардың 70 мыңнан астамы Тараз қаласында тіркелген. – Жерді тиімді және ұтымды пайдалану бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, Құмшағал және Шалғай Қарасу алқаптарында жеке тұрғын үй құрылысына 369 гек­тар жер бөлінген. 60 гектар ау­­мақты инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қалып отыр. Жергілікті бюджеттен ақша бөлініп те қой­ды,  – дейді Тараз қаласының әкімі Айт­қазы Қарабалаев. Сондай-ақ қала басшысының айтуынша, пайдаланылмай жатқан 1247,6 гектар жер анықталып, оның 309 гектары мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Бірнеше іс сотта қаралуда. Алайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұған дейін тұрғын үй салу үшін инвесторларды тарту қажеттілігі туралы сан мәрте айт­қанын, бірақ тиісті бақылаудың жоқтығынан игерусіз жатқан жер­лердің қайтарылмағанын сынға алды. – Ешкім нақты әрекет жаса­майды. Жауапты тұлғалар кем­шіліктерді түзеуге асықпайды. Ке­зекте тұрғандар жеке тұрғын үй салу үшін жылдар бойына заңды жер­лерге қол жеткізе алмай келеді, ал көптеген учаске бос және пай­да­ланусыз жатыр.  Жұмыстар әлсіз жүргізілуде. 28 мыңнан астам адам баспана кезе­гінде, 120 мыңнан астам адам жер телімі кезегінде тұр. Облыс халқы­ның жалпы санымен есеп­тесек, бұл өте көп. Кезекте тұрғандардан ша­ғымдар күн сайын келіп түседі. Оларды да түсінемін. Әкімдер құ­жаттармен ұзақ уақыт айналысып қана қоймай, инфра­құрылымы бар дайын учаскелерді де тұрғындарға үлестіріп беруде сылбырлық та­нытуда. Олар істелмеген жұмыс үшін сан түрлі сылтау ойлап табады. Сіздердің басты міндеттеріңіз – халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау екенін ұмыт­паңыз­дар, – деген облыс әкімі орын­басарлары Ұлан Жазылбек пен Берік Нығ­машевке бұл мәселені жіті бақы­лауға алуды тапсырды. Түйін:

Шындығына келгенде, бұл «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайған» мәселе. Олай дейті­німіз – әкімдер бас шұлғып, «бәрін қатырамыз» дегенімен, «баяғы жартас, сол жартас күйі» қалады. Бұған бүгінгі «болыстардың» еті үйренген. Ал жерді инфрақұ­ры­лымсыз беріп жіберсе, ертең әкім­дер істі болатыны белгілі. Оны бі­рер жыл бұрын Байзақ ауда­нын­дағы жағ­дайдан кейін шенділер жақсы біледі. Енді шынында қайт­пек керек? 28 мың адамға баспана мен 120 мың тұрғынға жер телімін қайдан тауып береміз? Сұрақ көп, жауап жоқ...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы