«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді. Шынында, басыңда баспанаң болмаса, әлемнің кеңдігінен не пайда? Бүгінде бұл мәселе талайдың жанына батып, үй мен жер кезегіне тұрғандар күте-күте шаршады. Себебі салынып жатқан тұрғын үйлер мен инфрақұрылымы тартылған жер телімдерінен тізімде тұрғандардың саны көп. Бұл мәселенің шешімі бар ма?
Мойынқұм мен Меркіде бірде-бір пәтер берілмеді
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, 1 қарашадағы жағдай бойынша баспана кезегінде 28 766 адам тұр екен. Жыл басынан бері оның тек 543-іне мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілген. – Кезекте тұрғандар саны жыл сайын артып келе жатқанына қарамастан, аудандарда құрылыс қарқыны төмен күйінде қалып отыр. Мәселен, соңғы үш жылда Меркі және Мойынқұм аудандарында кезекте тұрғандарға бірде-бір пәтер берілмеді. Байзақ және Жуалы аудандарында тек екі үйдің, ал Т.Рысқұлов ауданында төрт үйдің құрылысы жүріп, халық қоныстанды, – дейді басқарма басшысы. Әрине, мұндайда әкім қаралар сан сылтауды алға тартатыны белгілі. Бұл жолы да «болыстар» бойларына кір жуытпауға тырысты. Алайда аймақ басшысы Бердібек Машбекұлы ондайлармен әңгіме қысқа болатынын анық аңғартты. – Жамбылдықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту бір құрылымның ғана міндетіне кірмейді. Бұған Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен қатар жергілікті әкімдер де жауапты. Барлығы атсалысуы керек. Аудандарда бос үй көп. Басқарма әкімдіктермен бірлесіп, оларды реконструкциялау үшін инвесторларды тартуға тиіс. Мәселені шешудің түрлі жолын ұсыныңыздар, – деді Бердібек Сапарбаев. Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, жыл басынан бері «Шаңырақ» пилоттық жобасы бойынша тұрғын үй сатып алу мақсатында 68 тұрғын, «Бақытты отбасы» шеңберінде – 343, ал «7-20-25» бағдарламасы бойынша 175 азамат несиеге қол жеткізген. – Көрсеткіштер көңіл көншітпейді. «7-20-25» бағдарламасын іске асыру нәтижелері бойынша біздің облыс соңғы орында тұр. Бұл бірінші кезекте Тараз қаласы әкімінің олқылығынан дер едім. Өйткені кезекте тұрғандардың басым бөлігі облыс орталығынан тіркелген. Қала әкімі бұл мәселені дер кезінде шеше алмады. Әкімдіктер банктермен бірлесіп тұрғын үй бағдарламаларының барлық тетігі мен артықшылығы туралы жан-жақты түсіндіруі тиіс, – деген облыс әкімінің бұл бағыттағы көрсеткішке де көңілі толмады.Баспана салуға ниет бар, жер жоқ
Жер телімін беруде де шешімін таппаған мәселелер шаш етектен. 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, жер телімін алу үшін 124 698 адам кезекте тұрған. Бірақ бұлардың да жерге қашан қол жеткізетіні белгісіз. – Жер кодексі бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін су және электр желілерімен қамтамасыз етілген аумақтардан ғана жер телімдерін беруге рұқсат етіледі. Орталықтандырылған сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер телімдерін беруге электр желілері тартылған кезде ғана жол беріледі. Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тиісінше көңіл бөлінбеуде. Нәтижесінде, кезекте тұрғандар саны артып келеді, – дейді облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров. Бердібек Сапарбаев аталған басқарма басшысына олқылықтарды айтып қана қоймай, оның шешу жолын да ұсыну қажетін ескертті. – Неліктен бұл мәселені ешкім бақыламайды? Аудандарда бірнеше жыл қатарынан жобалық-сметалық құжаттамалар уақытылы әзірленбейді. Жеке тұрғын үй құрылысын дамытудың 2022 жылға дейінгі картасына сәйкес келер жылға 76 инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс жүргізу жоспарланған болатын, бірақ қазіргі таңда оның тек 15-і ғана дайындалған. Біз мұндай қарқынмен бұл мәселені жуық арада шеше алмаймыз. Тұрғындар 2006-2007 жылдардан бері әлі күнге дейін кезекте тұрғандарын айтып, шағымдануда. Олардың наразылығы орынды. Тұрғындар өздері үй салғысы келеді, бірақ біз ол үшін тіпті жер бөліп бере алмай отырмыз. Әкімдер бұл мәселеге немқұрайды қарайды. Олардың осы іске деген талпынысы көрінбейді. Республикалық бюджеттен аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Тек оны уақытылы әрі сапалы игеру қажет. Құрылыс басқармасы бұл жұмыстарды үйлестіре алмауда, – деді облыс басшысы. Жер теліміне кезекте тұрғандардың 70 мыңнан астамы Тараз қаласында тіркелген. – Жерді тиімді және ұтымды пайдалану бойынша шаралар қабылдануда. Мәселен, Құмшағал және Шалғай Қарасу алқаптарында жеке тұрғын үй құрылысына 369 гектар жер бөлінген. 60 гектар аумақты инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қалып отыр. Жергілікті бюджеттен ақша бөлініп те қойды, – дейді Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев. Сондай-ақ қала басшысының айтуынша, пайдаланылмай жатқан 1247,6 гектар жер анықталып, оның 309 гектары мемлекет меншігіне қайтарылған екен. Бірнеше іс сотта қаралуда. Алайда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұған дейін тұрғын үй салу үшін инвесторларды тарту қажеттілігі туралы сан мәрте айтқанын, бірақ тиісті бақылаудың жоқтығынан игерусіз жатқан жерлердің қайтарылмағанын сынға алды. – Ешкім нақты әрекет жасамайды. Жауапты тұлғалар кемшіліктерді түзеуге асықпайды. Кезекте тұрғандар жеке тұрғын үй салу үшін жылдар бойына заңды жерлерге қол жеткізе алмай келеді, ал көптеген учаске бос және пайдаланусыз жатыр. Жұмыстар әлсіз жүргізілуде. 28 мыңнан астам адам баспана кезегінде, 120 мыңнан астам адам жер телімі кезегінде тұр. Облыс халқының жалпы санымен есептесек, бұл өте көп. Кезекте тұрғандардан шағымдар күн сайын келіп түседі. Оларды да түсінемін. Әкімдер құжаттармен ұзақ уақыт айналысып қана қоймай, инфрақұрылымы бар дайын учаскелерді де тұрғындарға үлестіріп беруде сылбырлық танытуда. Олар істелмеген жұмыс үшін сан түрлі сылтау ойлап табады. Сіздердің басты міндеттеріңіз – халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау екенін ұмытпаңыздар, – деген облыс әкімі орынбасарлары Ұлан Жазылбек пен Берік Нығмашевке бұл мәселені жіті бақылауға алуды тапсырды. Түйін:Шындығына келгенде, бұл «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайған» мәселе. Олай дейтініміз – әкімдер бас шұлғып, «бәрін қатырамыз» дегенімен, «баяғы жартас, сол жартас күйі» қалады. Бұған бүгінгі «болыстардың» еті үйренген. Ал жерді инфрақұрылымсыз беріп жіберсе, ертең әкімдер істі болатыны белгілі. Оны бірер жыл бұрын Байзақ ауданындағы жағдайдан кейін шенділер жақсы біледі. Енді шынында қайтпек керек? 28 мың адамға баспана мен 120 мың тұрғынға жер телімін қайдан тауып береміз? Сұрақ көп, жауап жоқ...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы