Қарағандыда қазақтың ұлы ойшылы Абайдың есімі Ленин көшесіне берілді. Бүгін Қарағанды облысында Абайға арналған сегізінші ескерткіш ашылды.
– Ұлы ойшылдың шығармаларын құрметтеу және насихаттау – біздің парызымыз. Баршаңызды Қарағандының басты көшелерінің біріне Абай есімін беруімен құттықтаймын. Бұл үлкен құрметтің белгісі. Абай – еліміздің мақтанышы ғана емес, ол әлемдік деңгейдегі айтулы тұлға. Оның еңбектері әлі күнге дейін баршамыз үшін рухани азық, – дейді Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Көшенің ашылуына Dacia румын этномәдени орталығының Жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашов арнайы қатысты.
– Қаламызда ұлы ойшыл Абайдың есімімен аталатын көшенің пайда болғаны өте жақсы. Оның еңбегі мен үлесі бүкіл әлемде мойындалған. Биыл Бухарестте Абай бюстінің ашылуы өтті. Бұл Қазақстанның ұлттық жаңғыруға деген ұмтылысын бүкіл әлем қолдайтынын білдіре-ді, – дейді Александр Урмашов.
Қарағанды облысындағы аудан орталығы Абай қаласында ұлы ақынға ескерткіш ашылды. Биіктігі 10 метрге жуық ескерткіш мәдениет үйінің алдындағы алаңға орнатылды. Жоба авторы – Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Бейбіт Мұстафин. Ескерткішті құюға 5,6 тонна қола жұмсалған. Бұл аймақтағы ұлы ойшылдың құрметіне ашылған сегізінші ескерткіш. Алғашқы мүсіндер жарты ғасыр бұрын пайда болған.
– Биыл еліміз ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өтуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл ұлттың рухани дамуына және халықтың бірлігіне ықпал етеді. Біздің облыста мерейтойлық датаға арналған жүздеген іс-шаралар өтті. Бүгін біз қазақ халқының данышпан ұлына тағы да құрмет көрсетудеміз. Абайдың шығармашылығы және дана қара сөздері бүгінгі күнге дейін өзекті. Біздің міндетіміз – осы байлықты сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу, – дейді өңір басшысы Жеңіс Қасымбек.
Ескерткіштің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен Мәжіліс депутаттары, абайтанушылар қатысты.
– Абай – ұлтымыздың болашаққа деген ұлы жолы, руханиятымыздың алтын діңгегі. Қазақ халқының барлық ұлы қасиеттері Абайдың мұрасында, оның дана ойларында жатыр. Интеллектуалды және білімді ұлтты қалыптастыру, сананы жаңғырту – мұның бәрі Абайдың рухани мұрасының қазынасын білуге мүмкіндік береді. Оның даналығы әрбір адамның жүрегіне мейірімділік ұялатады, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев.
Бұл күні Абайда жергілікті ақындардың «Абай жаққан бір сәуле...» атты жинағының тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің әлемнің 18 тіліндегі «Абай жолы» роман-эпопеясының дискілі жинағы ұсынылды. Кітаптарды Шахтинск қаласының орталық кітапханасымен бірлесіп цифрлаған.
Қарағанды облысында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай көрмелер, мәнерлеп оқу байқаулары, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, челлендждер және басқа да іс-шаралар өткізілді. Мерейтойға орайластырылған спектакльдер қойылды.
– Мен әлемнің барлық классик ақындарының шығармаларын оқыдым: Пушкин, Гете және басқалар. Бірақ Абай шығармалары – бөлек шексіз шығармашылық тұңғиық. Бүгінде оның барлық шығармалары орыс тіліне аударылмаған. Абайды білу үшін қазақ тілін үйрену керек», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халықаралық Абай клубы сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы.
Облыста 1 қала, 77 көше және 12 мекеме Абайдың есімімен аталады.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы