Ranking.kz сайты жүргізген статистикаға сүйенсек, елдегі орташа жалақы мөлшері 191 мыңға жетіпті. Finprom.kz сарапшыларының айтуынша, біржылдық Қазақстанда күнкөріс деңгейі 39 500 теңгеге көбейген. Мұның өзі Маңғыстау облысына тиесілі. Ал кей өңірлерде күнкөріс 28 400 теңгеден аспайды. Осыдан-ақ есептей беріңіз. Сонда 191 мың теңге қайдан шықты?
Жангелді ШЫМШЫҚОВ,
экономист:
– Мұндай көрсеткіш болуы мүмкін емес. Өйткені ең төменгі өмір сүру деңгейі – 29 мың теңге. Сол себепті алдымен халықтың ең төменгі өмір сүру деңгейін есептеп шығару қажет. Ал орташа жалақыны осы деңгейге қарап, анықтауға болады. Бұған дейін статистика бойынша, орташа жалақы мөлшері – 141 мың болған еді. Ол қалайша екі-үш жылдың ішінде 191 мыңға өсіп кетеді? Ленин: «ең үлкен өтірік – статистика. Неге? Өйткені статистика нағыз дәлдікті бере алмайды. Мәселен, Джон мен досы екеуі колбаса жейді деп есептейді. Шындығында, колбасаны Джон ғана жейді. Ал досына ештеңе бұйырмайды» деп айтады. Орташа есеп деген – осы. Мен университетте сабақ беремін. Доцент ретінде алатын жалақым – 160 мың. Сондықтан көрсеткіш осылай деп айта беруге бола-ды.
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтанушы:
– Нақты цифр бойынша, экономистер ғана жауап бере алады. Ал әлеуметтік деңгейі тұрғысынан келсек, соңғы жылдары халықтың көңіл күйі тұрақты. Болашақтан күтері көп. Мұндағы қарама-қайшылық: экономикалық сарапшылар нақты дәлелмен айтатын болса, әлеуметтік зерттеулер мүлдем кереғар пікір білдіруі мүмкін. Өйткені жалақы мөлшерінің аз-көптігі халықтың нағыз көңіл күйін білдірмейді. Мүмкін ол жақсы алып жүріп те, көңілі төмен болуы ғажап емес. Керісінше, төмен жалақымен де емен-жарқын күн кеше алады. Дәл қазір халықтың көңіл күйі тұрақты емес. Сол себепті өзгеріп тұрады.
Сапарбай ЖОБАЕВ,
экономист:
– Расында да, бұл айлық жалақы бір қарағанда халқымыздың көп бөлігінің айлықтарынан жоғары. Статистикалық мәліметтер еліміздегі нақты деректерді көрсетеді. Бұл жерде осы көрсеткіштен зейнетақы төлемдерін, жеке табыс салығын шегеріп, қолға тиетінін есептесек, 150-152 мың теңге қалады. Газ-мұнай, металлургия, химия, құрылыс, қаржы, банк, министрліктер, мемлекеттік компанияларда (Самұрық-Қазына), басшыларда және осы сияқты салаларда жалақы бұл көрсеткіштен жоғары. Содан орта есеппен жалпы алғанда жалақы көрсеткіші бойынша статистикалық дерек дұрыс болады.
1) 191-19,1 (зейнетақы төлемі) = 171,9 мың теңге.
2) 171-17,1 (жеке табыс салығы) = 153,9 мың теңге.
3) 153,9-2-4 (жеке кәсіпкерлік, адвокаттар үшін әлеуметтік және медициналық сақтандыру төлемдері) = 150-152 мың теңге.
Сонымен бірге халқымыздың басым бөлігі 70-90 мың теңге жалақыға жұмыс істейді.
Бұл көрсеткіштердің айырмашылығы елімізде бай-дәулетті адамдар мен қарапайым адамдар арасындағы табыстың айырмашылығы, яғни макроэкономикалық Джинн коэффициенті ұлғайып бара жатқанын көрсетеді. Өкінішке қарай, дәулеттілер одан да бай, қарапайым халық кедейлене беру үрдісі тоқтамай тұр.
Дайындаған Г.ТҰРҒАНБАЙ