Атырау облысының Ресеймен шекаралас жатқан Құрманғазы ауданында жаңа орталық аурухана пайдалануға берілді. Аудандағы 59 000-ға жуық тұрғын енді аудан орталығында ем алып, облыс орталығына баратын уақыт пен қаржысын үнемдей алатын болды.
Халықтың денсаулығы үшін пайдалануға берілген 75 орындық жаңа типті ауруханада 5 бөлім жұмыс істейді. Перзентхана, хирургия, балалар бөлімшесі, инфекциялық және жалпы терапия бөлімдері салаға қажетті соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған. Ал жұқпалы аурулар бөлімшесі өз алдына жеке ғимаратта. Жедел жәрдем көліктері қойылатын жылы бокстар бар. Ас дайындайтын орын, кір жуу және дезинфекциялау бөлімшелері бөлек тұрғызылған. Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Гүлсара Нұрмағанбетқызының айтуынша, бұрын ескі ғимаратта реанимациялық көмекті қажет ететін науқастарды мамандар 2-қабатқа қолмен тасымалдап келген. Жаңа ауруханада арнайы жүк лифті бар. Осының өзі медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетеді. Ота жасайтын бөлме бұрын 1 адамдық болса, жаңа ғимарат күрделі оталарды 2 науқасқа қатарынан жасауға мүмкіндік береді. Ал перзентхана бөлімшесінде қажет жағдайда анаға реанимациялық көмек көрсетуге, нәрестенің жүрек соғысын бақылауға, шала туған нәрестелерді бақылауға арналған кювездер бар. Пандемияның екінші толқынына дайындық барысында жаңа аурухананың хирургия бөлімі провизорлық стационар ретінде жасақталуда. Бөлімшелердің барлығында 63 оттегі нүктесі бар. Оттегін беру процесі енді бір орталықтан басқарылады. Бұрынғыдай ауыр балондар тасудың қажеті жоқ. Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург Нұрғиса Шолпанов пандемияның екінші толқыны бола қалған жағдайда провизорлық бөлімшеге жетекшілік етеді. «Әр палатаға кемінде 3 оттегі нүктесі жүргізіліп отыр. Жалпы, аурухана 9 жасанды тыныс алу аппаратымен қамтамасыз етілді. Реанимациялық 3 кереует бар. Және екі интенсивті терапия кереуеті жасақталды. Реаниматолог дәрігерлеріміз соңғы емдеу хаттамасы бойынша онлайн оқулардан өтті. Қазіргі уақытта аурухананың провизорлық бөлімшесінде 28 кереует дайындалуда. Науқас саны көбейетін болса, оны 40 кереуетке дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар», – дейді дәрігер- хирург Нұрғиса Шолпанов. Аурухананың НКОК компаниясының демеушілігімен салынып отырғанын атап өткен Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов «Нысанға су, газ, жарық сынды ең қажетті инженерлік коммуникация желісі толықтай тартылды», – дейді. Қазіргі уақытта медициналық мекеме қажетті құралдармен жабдықталып жатыр. Қазіргі күні Құрманғазы ауданында орталық аурухана, орталық емхана, 16 амбулатория, 2 селолық аурухана, 8 медициналық пункт бар. Аталған медициналық мекемелерде барлығы 63 дәрігер, 336 орта медициналық орта буын қызметкері еңбек етуде. Оның ішінде Құрманғазы аудандық орталық ауруханасында 13 жоғарғы буын, 49 ортаңғы, 36 кіші буын медицина қызметкерлері бар. Пандемияның алғашқы соққысынан зардап шеккен Атырау өңірінің барлық тұрғыны үшін аудан орталығында емдеу орындарының жан-жақты дайындығы мен дәрігерлердің жеткілікті болуы маңызды.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы