Ұлттық музейде жаңа зал ашылды
Ұлттық музейде жаңа зал ашылды
333
оқылды

Ұлттық музейде «Көне түркі өркениеті» залы ашыл­ды. Ашылу салтанатына  Түр­­кия, Өзбекстан, Әзер­бай­­жан, Түрікменстан, Қыр­ғыз Республикасы ел­ші­лік­те­рінің өкілдері қатысты. Еу­разияның далалық ау­ма­ғында империялық дәре­же­ге жеткен «Көне түркі өрке­ние­тінің» мәдени және ру­хани мұраларын бүгінгі түркі ха­лықтарының мызғымас мұрасы ретінде насихаттау мен сақтау – көрменің басты мақ­саты.

Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ашылу рәсімінде бұл ел үшін елеу­лі оқиға екенін атап өтті. «Ел­басы  Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Ұлы даланың жеті қыры» та­рихи еңбегі аясында көне түркі мә­дениетін дамытуға көңіл бө­лінгенін бәріміз жақсы білеміз. 2-3 жыл ішінде көп жұмыс істел­ді. Бұл көрме – Ұлттық музейге, Қа­зақстанға ғана емес, түркі хал­қына ортақ дүние», – деді ол. «Көне түркі өркениеті» залы ұлы дала төсінде империялық дә­режеге жеткен ортағасырлық түріктердің материалдық, рухани мә­дениет құндылықтарына ар­налған. Бәрімізге белгілі, түрік­тер­дің ресми тарихы көп жағ­дай­да б.д. VI ғасырынан, яғни Түрік қа­ғанатының құрылуынан бас­та­лады. Түрік өркениетінің ал­тын бесігі Алтайдан бастау алып, Орта­лық Азияның далалық ай­ма­ғына, Еуразияның солтүстігі мен батыс өңіріне қарай кеңейе түскен. Зал экспозициясына келсек, ол үш бөліктен тұрады. Алғаш­қы­сы түріктердің жазба мәдение­тіне арналады. Ежелгі түрік ру­никалық жазуларына ерекше мән берілген. Бұл – автохтонды мә­дениеттің дәлме-дәл үлгісі. Олар Орталық Азия, Сібір және Моңғолия мен Қазақстан аумақ­тарында болған тарихи оқиға­лар­ды нақты баяндайтын, тари­хи дәлел екені айқын. Келесі экспозиция тас мү­сіндерге арналады. Бұл – ежелгі түріктердің мәдени және ғұрып­тық кешендерінің негізгі құрам­дас бөлігі. Ол Еуразия даласының ұлы белдеуіндегі түрік халық­тары­ның жерлеу мен еске алу жә­не діни-идеологиялық қағи­даларымен тығыз байланысты. Зал экспозициясының үшінші бөлігіне келсек,  онда ортаға­сыр­лық түрік дәуірі ескерткіштерінен анық­талған ат-әбзелдері мен қару-жарақтары және мате­риал­дық мәдениет көрсеткіштері топ­тастырылған.

 Айбике ЖАНАСЫЛ