Сұлулықтың символы
Сұлулықтың символы
277
оқылды

Рая... Раечка, Раиса, Раиса Мажитовна, Раиса Муха­ме­дия­рова...– Мүсірепо­ва... Ел-жұрт ол кісіні осылай атай­тын. Мен ол апайды алғаш кино­дан көрдім. Дұрыс-дұрыс...

Иә, сол «Менің атым – Қожадан» Майқанованың рөлінде... Көрдім де иландым... Жек көрдім... Алайда осыншама көркем «апайды» ішімнен жамандыққа қимағам... Кейін «Жаңа фильм» журналының мұқабасынан көрдім. Сосын ол суретті қайшымен қиып алып, көпке дейін сөмкемде сақтап жүрдім. Бір күні біздің ауылдағы мәдениет сарайына бір топ кино ар­тис­терінің суретін іліп қойды. Басын­да береткасы бар Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Раиса Мухамедия­рова, т.б. артистердің суреті болатын. Бота көз, ұзын кірпік, томпақ ерін, аққу мойын... Иә, иә, Раиса сұлулық­тың символы еді. Сонау өткен ғасыр­дың 60, 70, 80, 90-жылдарына дейін Раиса қазақ киносының мақтанышы болды. Театр сахнасында да көптеген әйел бейнесін сомдады. Әлі есімде... Режиссер ұлты кәріс Мен Дон Ук қой­ған Оразхан Бодықовтың «Оты­рар­дың күйреуі» спектаклінде Ханшайым рөлі ерекше болды. Ұзын бойлы, үстінде ақ көйлек, басында алтын тәж, қынама камзол киген патшайым шыға келген­де, көрермен елең ете қалатын. Даусы саңқ-саңқ еткенде әрбір сөзі, әрбір мақамы құлаққа майдай тиюші еді. Әлі есімде, біздер, консерваторияның театр факультетінің студенттері кейде ТЮЗ-ға массовкаға шығатынбыз. Өйткені әрбір шығу – 1 сом болатын. Мен сол кезде Раисаны жақыннан көр­­генмін. Бір рет ол кісі өз сахнасын ойнап болды да, қараңғыда гримерка­сына беттеген. Үстіндегі ұзын ақ көй­лек еден сыпырады. Қараңғыда енте­леп, «сұлу апайға «сұқтанып» келе жатқанда аяғымдағы етікпен ақ көй­лекті басқанымды байқамаған екен­мін. Ол кісі жайлап бұрылып мені көрген. Сосын сыбырмен: «Байқасаң­шы, айналайын» – деген. Екі бетім ду ете қалды. Сасқанымнан «кешіріңізді» естілер-естілместей айттым... Жүрегім лүпілдеп, сұлу актрисаның аузынан маған арналған «айналайынын» тағы да естісем дедім. Қандай ғажап ак­три­са... Қандай мәдениетті әйел...

80-жылдары «Қазақфильмге» кел­ген­де, Раиса Мажитовна дубляжға ке­ліп жүр екен. Ол кез қазақ киносы­ның, әсіресе дубляж саласының дәуір­леп тұрған шағы-тын. Режиссер­лер Май­ра Әбусеитова, Қуат Әбусеитов, Дари­ға Тналина, Фазыл Атушев болса – дубляждың королі. Мұхтар Бақты­гереев, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл Құланбаев, Омархан Қалмырзаев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шарипова және Раиса Мухамедиярова болатын. 8 март көшесіндегі «Қазақфильмнің» дубляжы 3-қабатта орналасқан. Күнде кешке бар қызық сонда көшіп келетін. Өйткені Раиса Мажитовна да осында болушы еді. Артистер кезек-кезегімен рөлдерін жазады. Ал басқа қолдары бостары карта ойнайды. Топтың ішінде аққудай болып Рая отыратын...

Иә, ол кісімен анда-санда көрген­де амандасқаным болмаса, басқа та­ныс­тығым жоқ-ты. Сосын көп ұза­май, Мәскеуге оқуға кеттім. Киноре­жис­сер болсам деген арман алысқа алып кет­кен. Ол кезде салт оқыдым. Жол­да­сым мен үлкен ұлым Алматыда қалды. Бір күні балам Дидар сары ауру (боткин) бол­ды деген хабарды естідім. Кетейін де­сем, сабақ, кетпейін десем, қолым­нан ештеңе келмейді. Әсіресе, табыл­май­тын дәрі. Осындай қиналған сәтте режиссер Ұлжан Қолдауоваға телефон шалып, бар жағдайды айттым. Мүм­кін­­дік болса, сол дефицит дәріні тауып, Гүлбарамға берші деп жалын­ған­­дай болдым. Екі-үш күнде дәрі та­бы­лып, кейін баламыз жазылып кетт­і. Сөйтсем, Ұлжаннан естіген соң, Раиса Мажитовна таныстары арқылы әлгі дәріні алғызып, біздің үйге беріп жіберіпті.

Раиса Мухамедиярова – үлкен жүректі жан еді. Тіпті, ол кезде мені дұрыс танымайтын да. Кейін жазғы кани­кулға келгенде өткендегі жақсы­лы­ғы үшін ол кісіге жолығып, рақме­тім­­ді айттым және дәрінің ақшасын қай­­тарайын дегенімде, ол кісі ақша ал­­­мады. Тағы да ұялып, тағы да риза болып, іштей алғысымды айта бер­гем...

Раиса Мухамедиярованы алғаш «Қазақфильге» Шәкен Айманов алып келген. Сол жерде өзінің актерлік жолын бастады.

Рөлдері: 1961 ж. Ә.Мәмбетов – «Ән қанатында» – Айгуль, 1961ж. А.Кар­пов – «Сплав» Камиля, 1962 ж. Э.Файк – «Мальчик мой!» – Бибигул, 1963 ж. А.Қарсақбаев— «Менің атым Қо­­жада» — мұғалім Хадиша Майқа­нова, 1963 ж. – «И в шутку и всерьëз» – Шолпан, 1968 ж. А.Қарсақбаев – «Балалық шаққа саяхатта» – Күлім­бала, 1969 ж. Ш.Айманов – «Найза­ғай­дың етегінде» – Дина.

Осыдан 7-8 жыл бұрын Балалар мен жасөспірімдер театрында басшы болып тұрғанда, Раиса Мажитовна біз­ге келіп тұратын. Әлі есімде, «Бұл­бұл­дар түні» қойылымына шақыр­ған­мын. Спектакльден соң Раиса Мажи­тов­на үлкен бота көздері жасқа толып, толқып шықты. Актерлерге рақметін айтып, басты рөлдегі Жанар Мақашева мен Мұхит Шынтаевқа қатты риза болды. Біз сол кеште ұзақ отырдық. Раи­самен бірге отыру ғанибет бола­тын.

Иә, өмір шырмалаң дейміз. Кезін­де Ғабең – Ғабит Мүсірепов қайтқан соң, Раиса да біраз теперіш көрді. Оны теа­трдан жұмысқа кешігіп келді деген сыл­таумен шығарып жіберді. Жал­ғыз емес, Қасым Жәкібаевты да театр­дан қуған. Кейін Досхан Жол­жақ­сы­нов театрға директор боп кел­ген соң екеуін театрға қайта шақыр­ды. Бұл екі да­рын­­­ның, екі таланттың қайта өр­леу, қай­та сахнамен қауышу кезеңі болды. 1995-2002 ж. жортасында Раиса театрда біраз рөл ойнады. Ол Ғабит Мү­сіреповтің «Ұлпанындағы» – Ұл­пан, Нұрқанат Жақыпбайдың «Жел­сіз түн­де жарық айында» Абайдың шешесі Ұлжанды, «Құнанбай келіні Ділдәнің зарында» – Айгерімді, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Мақпал бейнелерін сомдады. Біз көп жағдайда басшыны бағалай алмаймыз. Әсіресе, қолы­нан іс келетін талантты, дарын­ды, ел танитын мінезді болса. Дарынды көре алмайтын іштарлар, күншілдер қашан да бар. Досханды да көре алма­ды. Ол қолын бір сілтеп, театрдан кет­­ті. Құлагерді аяқтан шалған Ба­ты­ра­ш­тар мәңгілік. Досхан театр дирек­тор­­лы­ғы­нан кеткенде, Раисаны да ая­­маған әріп­тестер табылды. Іші тар, қыз­ған­шақ, пасықтар Раисаның жүре­гіне жара салды. Мухамедиярова да театр­­мен қош айтысқан. Себебі екі қызы­­ның әкесі, жары болған Ғабит Мүсіре­пов­тің Солтүстік Қазақстанда­ғы театр фестиваліне оны шақырмады. Өкініш­ті... Раиса бұған шыдаған жоқ. Сол кет­кеннен театр есігін қайта ашпады. Бұл да тектілік, бекзаттықтың белгісі болатын.

Раиса тек сұлулықтың символы ғана емес, сонымен бірге ол сол заман­ның, сол кездегі моданың, сәннің үлгісі бола білді. Бүкіл қыз-келіншекке үлгі, ер-азаматтың арманы болған асыл жан болатын. Дауысында ерекше бір әуез, еуропалық-қазақи мақам болатын.

Бір басында әйел затының сұлулы­ғы да, ақылдылығы да, бекзаттығы бар еді.

Раиса Мажитовна, қазақ қызы қан­дай дегенде, осындай деп мақтана­тын өзің ең. Ғабеңдей ұлы тұлғаның ұрпа­ғын жалғаған, Гүлнәр мен Гаухар­дай қыздарына адал ана болды.

Раечка – Ғабеңнің музасы еді. Басқа-басқа «Қыз Жібек» кинофильмі­нің сценарийі мен өмірге «Ұлпанның» ке­луіне себепкер болған Раиса бола­тын. Ғабең жайлы айтқанда бота көз­де­рі суланып, күрсініспен, сағы­ныш­пен мұң­дана айтатын... Сағынушы еді...

Енді міне... Сені бізден алып кет­кен де сол Ұлы сағыныш, Ұлы махаб­бат шығар деймін...

Рая, Раечка, Раиса Мажитовна, бір сөзбен айтқанда, біз сізбен қоштас­қы­мыз келмейді. Өйткені сұлу жандар өлмейді... Сұлулар жоғарылай түседі... Сіз ешқашан сөнбейтін қазақ киносы­ның жарық жұлдызы едіңіз. Бар болға­ны – Сіз енді тек жоғарыға ұшып кет­ті­ңіз...

 

Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның Халық артисі, профессор