Рая... Раечка, Раиса, Раиса Мажитовна, Раиса Мухамедиярова...– Мүсірепова... Ел-жұрт ол кісіні осылай атайтын. Мен ол апайды алғаш кинодан көрдім. Дұрыс-дұрыс...
Иә, сол «Менің атым – Қожадан» Майқанованың рөлінде... Көрдім де иландым... Жек көрдім... Алайда осыншама көркем «апайды» ішімнен жамандыққа қимағам... Кейін «Жаңа фильм» журналының мұқабасынан көрдім. Сосын ол суретті қайшымен қиып алып, көпке дейін сөмкемде сақтап жүрдім. Бір күні біздің ауылдағы мәдениет сарайына бір топ кино артистерінің суретін іліп қойды. Басында береткасы бар Нұрмұхан Жантөрин, Асанәлі Әшімов, Раиса Мухамедиярова, т.б. артистердің суреті болатын. Бота көз, ұзын кірпік, томпақ ерін, аққу мойын... Иә, иә, Раиса сұлулықтың символы еді. Сонау өткен ғасырдың 60, 70, 80, 90-жылдарына дейін Раиса қазақ киносының мақтанышы болды. Театр сахнасында да көптеген әйел бейнесін сомдады. Әлі есімде... Режиссер ұлты кәріс Мен Дон Ук қойған Оразхан Бодықовтың «Отырардың күйреуі» спектаклінде Ханшайым рөлі ерекше болды. Ұзын бойлы, үстінде ақ көйлек, басында алтын тәж, қынама камзол киген патшайым шыға келгенде, көрермен елең ете қалатын. Даусы саңқ-саңқ еткенде әрбір сөзі, әрбір мақамы құлаққа майдай тиюші еді. Әлі есімде, біздер, консерваторияның театр факультетінің студенттері кейде ТЮЗ-ға массовкаға шығатынбыз. Өйткені әрбір шығу – 1 сом болатын. Мен сол кезде Раисаны жақыннан көргенмін. Бір рет ол кісі өз сахнасын ойнап болды да, қараңғыда гримеркасына беттеген. Үстіндегі ұзын ақ көйлек еден сыпырады. Қараңғыда ентелеп, «сұлу апайға «сұқтанып» келе жатқанда аяғымдағы етікпен ақ көйлекті басқанымды байқамаған екенмін. Ол кісі жайлап бұрылып мені көрген. Сосын сыбырмен: «Байқасаңшы, айналайын» – деген. Екі бетім ду ете қалды. Сасқанымнан «кешіріңізді» естілер-естілместей айттым... Жүрегім лүпілдеп, сұлу актрисаның аузынан маған арналған «айналайынын» тағы да естісем дедім. Қандай ғажап актриса... Қандай мәдениетті әйел...
80-жылдары «Қазақфильмге» келгенде, Раиса Мажитовна дубляжға келіп жүр екен. Ол кез қазақ киносының, әсіресе дубляж саласының дәуірлеп тұрған шағы-тын. Режиссерлер Майра Әбусеитова, Қуат Әбусеитов, Дариға Тналина, Фазыл Атушев болса – дубляждың королі. Мұхтар Бақтыгереев, Алтынбек Кенжеков, Мәкіл Құланбаев, Омархан Қалмырзаев, Әнуар Молдабеков, Фарида Шарипова және Раиса Мухамедиярова болатын. 8 март көшесіндегі «Қазақфильмнің» дубляжы 3-қабатта орналасқан. Күнде кешке бар қызық сонда көшіп келетін. Өйткені Раиса Мажитовна да осында болушы еді. Артистер кезек-кезегімен рөлдерін жазады. Ал басқа қолдары бостары карта ойнайды. Топтың ішінде аққудай болып Рая отыратын...
Иә, ол кісімен анда-санда көргенде амандасқаным болмаса, басқа таныстығым жоқ-ты. Сосын көп ұзамай, Мәскеуге оқуға кеттім. Кинорежиссер болсам деген арман алысқа алып кеткен. Ол кезде салт оқыдым. Жолдасым мен үлкен ұлым Алматыда қалды. Бір күні балам Дидар сары ауру (боткин) болды деген хабарды естідім. Кетейін десем, сабақ, кетпейін десем, қолымнан ештеңе келмейді. Әсіресе, табылмайтын дәрі. Осындай қиналған сәтте режиссер Ұлжан Қолдауоваға телефон шалып, бар жағдайды айттым. Мүмкіндік болса, сол дефицит дәріні тауып, Гүлбарамға берші деп жалынғандай болдым. Екі-үш күнде дәрі табылып, кейін баламыз жазылып кетті. Сөйтсем, Ұлжаннан естіген соң, Раиса Мажитовна таныстары арқылы әлгі дәріні алғызып, біздің үйге беріп жіберіпті.
Раиса Мухамедиярова – үлкен жүректі жан еді. Тіпті, ол кезде мені дұрыс танымайтын да. Кейін жазғы каникулға келгенде өткендегі жақсылығы үшін ол кісіге жолығып, рақметімді айттым және дәрінің ақшасын қайтарайын дегенімде, ол кісі ақша алмады. Тағы да ұялып, тағы да риза болып, іштей алғысымды айта бергем...
Раиса Мухамедиярованы алғаш «Қазақфильге» Шәкен Айманов алып келген. Сол жерде өзінің актерлік жолын бастады.
Рөлдері: 1961 ж. Ә.Мәмбетов – «Ән қанатында» – Айгуль, 1961ж. А.Карпов – «Сплав» Камиля, 1962 ж. Э.Файк – «Мальчик мой!» – Бибигул, 1963 ж. А.Қарсақбаев— «Менің атым Қожада» — мұғалім Хадиша Майқанова, 1963 ж. – «И в шутку и всерьëз» – Шолпан, 1968 ж. А.Қарсақбаев – «Балалық шаққа саяхатта» – Күлімбала, 1969 ж. Ш.Айманов – «Найзағайдың етегінде» – Дина.
Осыдан 7-8 жыл бұрын Балалар мен жасөспірімдер театрында басшы болып тұрғанда, Раиса Мажитовна бізге келіп тұратын. Әлі есімде, «Бұлбұлдар түні» қойылымына шақырғанмын. Спектакльден соң Раиса Мажитовна үлкен бота көздері жасқа толып, толқып шықты. Актерлерге рақметін айтып, басты рөлдегі Жанар Мақашева мен Мұхит Шынтаевқа қатты риза болды. Біз сол кеште ұзақ отырдық. Раисамен бірге отыру ғанибет болатын.
Иә, өмір шырмалаң дейміз. Кезінде Ғабең – Ғабит Мүсірепов қайтқан соң, Раиса да біраз теперіш көрді. Оны театрдан жұмысқа кешігіп келді деген сылтаумен шығарып жіберді. Жалғыз емес, Қасым Жәкібаевты да театрдан қуған. Кейін Досхан Жолжақсынов театрға директор боп келген соң екеуін театрға қайта шақырды. Бұл екі дарынның, екі таланттың қайта өрлеу, қайта сахнамен қауышу кезеңі болды. 1995-2002 ж. жортасында Раиса театрда біраз рөл ойнады. Ол Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанындағы» – Ұлпан, Нұрқанат Жақыпбайдың «Желсіз түнде жарық айында» Абайдың шешесі Ұлжанды, «Құнанбай келіні Ділдәнің зарында» – Айгерімді, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Мақпал бейнелерін сомдады. Біз көп жағдайда басшыны бағалай алмаймыз. Әсіресе, қолынан іс келетін талантты, дарынды, ел танитын мінезді болса. Дарынды көре алмайтын іштарлар, күншілдер қашан да бар. Досханды да көре алмады. Ол қолын бір сілтеп, театрдан кетті. Құлагерді аяқтан шалған Батыраштар мәңгілік. Досхан театр директорлығынан кеткенде, Раисаны да аямаған әріптестер табылды. Іші тар, қызғаншақ, пасықтар Раисаның жүрегіне жара салды. Мухамедиярова да театрмен қош айтысқан. Себебі екі қызының әкесі, жары болған Ғабит Мүсіреповтің Солтүстік Қазақстандағы театр фестиваліне оны шақырмады. Өкінішті... Раиса бұған шыдаған жоқ. Сол кеткеннен театр есігін қайта ашпады. Бұл да тектілік, бекзаттықтың белгісі болатын.
Раиса тек сұлулықтың символы ғана емес, сонымен бірге ол сол заманның, сол кездегі моданың, сәннің үлгісі бола білді. Бүкіл қыз-келіншекке үлгі, ер-азаматтың арманы болған асыл жан болатын. Дауысында ерекше бір әуез, еуропалық-қазақи мақам болатын.
Бір басында әйел затының сұлулығы да, ақылдылығы да, бекзаттығы бар еді.
Раиса Мажитовна, қазақ қызы қандай дегенде, осындай деп мақтанатын өзің ең. Ғабеңдей ұлы тұлғаның ұрпағын жалғаған, Гүлнәр мен Гаухардай қыздарына адал ана болды.
Раечка – Ғабеңнің музасы еді. Басқа-басқа «Қыз Жібек» кинофильмінің сценарийі мен өмірге «Ұлпанның» келуіне себепкер болған Раиса болатын. Ғабең жайлы айтқанда бота көздері суланып, күрсініспен, сағынышпен мұңдана айтатын... Сағынушы еді...
Енді міне... Сені бізден алып кеткен де сол Ұлы сағыныш, Ұлы махаббат шығар деймін...
Рая, Раечка, Раиса Мажитовна, бір сөзбен айтқанда, біз сізбен қоштасқымыз келмейді. Өйткені сұлу жандар өлмейді... Сұлулар жоғарылай түседі... Сіз ешқашан сөнбейтін қазақ киносының жарық жұлдызы едіңіз. Бар болғаны – Сіз енді тек жоғарыға ұшып кеттіңіз...
Талғат ТЕМЕНОВ,
Қазақстанның Халық артисі, профессор