Осы аптада бірқатар атышулы істерге қатысты сот үкімі шықты. Аталған қылмыстық жағдайлар кезінде қоғамда үлкен шу тудырып, елдің назарын аударған болатын.
Осы орайда сол оқиғалардың ішінен екшей қарап, екеуін ғана ел назарына ұсынайық. Әйтпесе, соңғы бірнеше айда үкім шығып, айыптыларға жаза кесілген қылмыстық істер көп-ақ. Біз қараша басталғалы қабылданған шешімдерге көңіл бөліп отырмыз. Мұның алғашқысы – осы көктемде Қордай асуында болған автобус апаты. Оқыс оқиға салдарынан 11 адам қаза тапқан еді. Кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан автобус жүргізушісі 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Апат орын алар сәтте автобус жүргізушісі өзіне қарай қатты келе жатқан жеңіл көліктен қашу мақсатында көлік рөлін қапталға қарай дереу бұрған. Сол кезде салонда болған 49 адамның 8-і сол заматта жан тапсырса, тағы үшеуі кейінірек ауруханада көз жұмған. Автобуста Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары болыпты. Айыпты деп танылған автобус жүргізушісі 5 жыл жазасын өтегеннен кейін тағы 7 жыл көлік рөліне отыра алмайды. Сондай-ақ зардап шегушілердің қорына 40 мың теңге төлеуге міндетті.
Екінші оқиға – Қарағандыдағы «Древний Рим» кафесіндегі кісі өлімі. Жаппай төбелестен соң 23 жастағы қазақ жігітінің көз жұмуы қоғамның наразылығын тудырып, тіпті Фейсбуктің қазақ тілді сегменті бұл оқиғаны бірнеше апта бойы бақылауында ұстаған еді. Оқиға туралы соңыра тарқатайық, әзірге кімнің айыпты екенін, оның қанша уақытқа сотталғанын айтып өтейік. Қылмыстық іс бойынша бір емес, бірнеше адам жауапқа тартылған. Соның ішінде Қарағанды облыстық сотының шешімімен Юсиф Нурулу 19 жылға қамалған. Тағы 4 адам 3 жылға сотталса, 6 адамға шартты түрде жаза кесілген. Екі айыпты тараптардың татуласуы арқасында босатылған. Жалпы, судья Шәріп Сейсембаев 13 адамды айыпты деп таныған. Төбелеске қатысқан 14-і кінәлі Нарек Гурурян қазір Ресейден экстрадицияланады деп күтілуде. Видеода оның пышақ ұстап жүргені байқалады екен. Осыған дейін Гурурян өзін Қазақстан билігіне бермеу туралы Жоғарғы сотқа өтініш ұсынған.
– Видеоматериалдарды қарап отырып, тіпті жағдайдан бейхабар адамдардың өзі оқиғаның қалай өрбігенін біле алады. Иә, ол жерде ештеңе анық көрінбейді деп пікір айтқандар да болды. Бірақ белгілі жағдай: төбелестен кейін барлық 32 адам мейрамхана ішіне қайтып кірген. Мейрамхана камералары арқылы кімнің қалай қарай қашқаны ап-анық көрініп тұр, – дейді судья Шәріп Сейсембаев.
2019 жылдың қаңтар айында болған осы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, бірқатар азаматтық белсенділердің араласуына тура келді. Жаппай болған төбелес кезінде ауыр пышақ жарақатын алған 23 жастағы Рақымжан Жансейіт көз жұмса, тағы үш адам жараланған.
Тіпті, қарағандылықтар кінәлілерге жазасын беруді талап етіп, митингке де шықты. Толқыған топты басу үшін сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошанов халық алдына шығуға мәжбүр болған. Арада бірнеше сағат өтпей жатып оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желіні шарлап кетті де, бұл туралы бүкіл Қазақстан хабардар болып шыға келді. Ары қарай бұл төбелестің қазақтар мен армяндар арасында болған қақтығыс екен деген нұсқасы көбірек айтыла бастады. Кейінірек оқиғаға Ішкі істер министрлігі ресми түсініктеме беріп, төбелеске армян азаматтарының қатысқаны расталды. 6 қаңтар күні Қарағандыдағы армян қауымдастығының төрағасы Артур Навасардян қазақстандықтарға үндеу жолдап, қаза тапқан жігіттің отбасына көңіл айтып, төбелестің тұрмыстық келіспеушіліктен туындағанын, екі ел арасына жік түспеу керегін айтып, татулыққа шақырды. Ал 7 қаңтар күні іздеу жарияланған Нарек Гурурян видеоүндеу жасады. Онда армян жігіті жауапкершілік арқалауға дайын екенін, алайда өзі ешкімді өлтірмегендіктен басқаның күнәсін арқалай алмайтынын айтқан. Ол Қазақстан құқық қорғау органдарын әділ зерттеу жүргізуге шақырған. Гурурянның тағдыры қалай болатыны әзірге дейін белгісіз.
«Древний Рим» ісі бойынша халыққа әділ әрі ашық ақпарат таратқан азаматтық белсенді Айсұлтан Жақыпов әлеуметтік желіде пікір қалдырған.
«Древний Рим» ісі бойынша сот шешімі оқылды. Сот Нурулы Юсифке 19 жыл берді. Кісі өлімімен кетіп тұрған жалғыз адам – осы. Нурулының анасы шешім оқылған сәтте талып қалды. Есін жиған соң «Балам кінәлі емес. Қарғыс атсын сендерді» деп жылап, өз ойын айтты. Бұл кісінің екінші ұлы сот шешімімен бостандыққа шығады. Қалғандары 3-4 жылға кетті. Тергеу барысында отырғандарын есепке алғанда бұлар кемінде 8-9 айда босап шығады.
Шартты түрде 3-4 жыл алып, бүгін босап шығатындар бар. Бұлар – видеода марқұм бауырымыздың қасына жоламағаны анықталғандар. Бұл жерде жапа шеккен тараптың кешірім беріп, шегініп кеткені де үлкен рөл ойнап тұр. «Жыландар жықпылына айналған ба, қырандар бір кездері салған ұя?» – Исрайл ағамыздың осынау өлең жолдарымен аяқтағым келіп тұр» деп жазады ол.