Біз Қазақстанға қайтқымыз келеді
Біз Қазақстанға қайтқымыз келеді
© Сурет ғаламтордан
Уханьда оқып жатқан қазақстандық студенттер оларды отанына қайтаруды сұрайды, деп хабарлайды Today.kz. Олардың айтуынша, қалада дүрбелең басталған. Ал карантинге байланысты алдын-ала сатып алған азық-түліктері бір аптаға әрең жетеді екен. Орталық Қытайдың классикалық университетінің студенті Аружан Бегманова қазақстандық студенттердің атынан көмек көрсетуге шақырды. Қыздың айтуынша, олар вирус жұқтыру қаупі зор болғандықтан жатақханадан шығуға қорқып отыр. «Көшеге шығу қорқынышты да қауіпті. Ауруханалар лық толы. Онда бару өте қауіпті. Жұқтыру ықтималдығы жоғары, өйткені вирус сау адамға да жұғады. Алдын-ала бір аптаға жететін азық-түлік сатып алғанбыз. Бірақ біздің қорымыз қаншаға жетеді? Барлық маркеттер мен дүңгіршектер жабық, Сөреге түскен азық-түлік пен маскаларды талап алып кетеді. Уханьда осындай қиын жағдай орнады», - деді ол. Аружан елшілік Уханадағы қазақстандық студенттердің мәліметтерін сұрағанын, бірақ басқа ешқандай шара қолданбағанын атап өтті. "Мен және мен сияқты қорғансыз студенттер Ухань қаласында қалдық. Біз Қазақстанға ұшып бара алмаймыз: әуежайлар мен ТЖ станциялары, қоғамдық көліктер жабылды, оларға кіруге тыйым салынған. Біз әлі де күтіп отырмыз. Елшілік біздің мәліметтерді сұрады. Ақпаратты жинап бердік, бірақ Қазақстан студенттерінің құқықтарын қорғау және денсаулық сақтау бойынша шаралар әлі күнге дейін қабылданған жоқ. Автобустарды немесе эвакуацияны ешкім ұйымдастырған жоқ", - дейді ол. Оның айтуынша, Ухань университеттерінде жаңа семестрге тіркелу 3 наурызға дейін ұзартылды. "Бірақ бұл сол уақытта індет тоқтайды деген сөз емес қой. Басты сұрағымыз: сол кезге дейін қалай өмір сүруге болады, тамақ сатып алуға, жай ғана далаға қалай шығуға болады? Бізге қатерлі вирус жайлаған қалада осылай отыру не үшін керек? Бізге Қазақстанға қайта оралуға рұқсат беріңдер! Біз қазіргі уақытта Ухань аумағындағы қазақстандық студенттерді көшіруді талап етеміз... Біз туыстарымызбен байланыса алып отырған кезде, инфекция бізге жеткенше құтқарыңдар! Содан кейін кеш болады. Біз үкіметен шұғыл көшіру мен көмек көрсетуін сұраймыз, бізді тағдырдың тәлкегіне тастап кетпеңіздерші!", - деді қазақстандық билікке қыз. Қытай билігінің соңғы мәліметтері бойынша, вирустың салдарынан 56 адам қаза тапты, бүкіл әлем бойынша ауру жұқтырғандардың жалпы саны 2 мыңнан асты. Пекин вирус жұқпалы және инкубациялық кезең кезінде, бір күннен екі аптаға дейін созылады және оның таралу қарқыны өсуі мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, Үкімет Қазақстанда коронавирусты таратпау үшін шаралар қабылдауда. Бұған дейін осы мәселе бойынша ҚР премьер-министрі Асқар Мамин кеңес өткізді. Індетке байланысты республикада Қытаймен шектесетін өткізу пункттері жабылды, аспан астындағы транзиттік жолаушылар үшін визасыз режимнің қолданылуы тоқтатылды, ал медициналық мекемелер эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда халыққа қажетті көмек көрсетуге дайындалуда. Уханьда 98 қазақстандық студент қалып отыр.