Астанада 18 жастағы қызды тонамақ болған шетелдік ұсталды
Астанада 18 жастағы қызды тонамақ болған шетелдік ұсталды

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі  хабарлады.

Жәбірленушінің айтуынша, оқиға сағат 22.00-де болған. Белгісіз ер адам артынан жүгіріп келіп, жерге құлатып, қолынан ұялы телефонын тартып алмақ болған. Қыздың көмек сұрап айқайлаған даусы өтіп жатқан адамдардың назарын аударған. Күдікті қорыққаннан оқиға орнынан қашып кеткен. Тонау жасауға оқталғаны туралы хабарламаны алғаннан кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына тез арада барды. Жедел іздестіру барысында күдікті ұсталды.

Жапа шеккен қыз полицияға жеткізілген күдіктіні таныды. Тергеу жүргізу барысында күдіктінің бұрын екі әйел адамға шабуыл жасап, оқиға орнынан қашып кеткен тонаушыға ұқсайтыны анықталды.

Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, кешке жақын үйіне келе жатқанда белгісіз адам басынан бірнеше рет ұрып, қолынан ноутбугын, жеке заттары салынған сөмкесін, ұялы телефонын тартып алған. Содан соң белгісіз бағытқа қашып кеткен. Екінші жәбірленушінің айтуынша, үйіне қайтып келе жатқанда қарсы келе жатқан ер адам қасынан өтіп кетіп, кенеттен артқа бұрылып, ұялы телефонын тартып алған. Ұсталған адам – Өзбекстан Республикасының азаматы. Жасаған іс-әрекетін мойындады. Әйелдердің бірінің ноутбугын және жеке заттарын жерге көміп, тығып қойған. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталды.