Nur Otan атынан депутаттыққа кандидаттардың пікірсайысы өңірлерде қалай өтуде?

Nur Otan атынан депутаттыққа кандидаттардың пікірсайысы өңірлерде қалай өтуде?

Қызылорда, Алматы және Қарағанды облыстарында өткен аймақтық конференциялар барысында мәжіліске Nur Otan-ның партиялық тізіміне үміткерлер анықталды. Сондай-ақ, облыстық сайлауалды бағдарламалары бекітіліп, партияның XX съезіне қатысу үшін делегаттар сайланды. Партия Орталық аппаратының баспасөз қызметі хабарлағандай, пікірсайыс қорытындысы бойынша облыстың өкілдік квотасына сәйкес, Мәжілістегі партиялық тізімге үш өңірден 17 адам енгізілді. Атап айтқанда, Алматы облысында пікірсайыс қорытындысы бойынша төрт дауыс басымдықпен көпбалалы ана және праймериздің бірінші кезеңінің жеңімпазы Әлия Әбсеметова бірінші орынға шықты. Партия Жақтастары лигасының мүшесі Әлия Әбсеметованың партияішілік іріктеу басталар алдында ғана «Nur Otan» мүшелігіне өткенін айта кеткен ләзім. Одан кейінгі орындарда 127 дауыс жинаған автожол қызметкері Ержан Жасыбаев пен 123 дауыс жинаған мемлекеттік қызметші Данияр Әлімбаев келеді. Сонымен бірге тізімге білім саласының өкілдері Жанна Телпекбаева мен Дамир Дигай, журналист Мақпал Тәжмағамбетова, кәсіпкер Досан Кәрімов және мәдениет саласының қызметкері Константин Нестеров енді. Қызылорда облысында бірнеше дауыс шешуші рөл атқарды. Мәжілістің қызметтегі депутаты Балайым Кесебаева 114 дауыс жинаса, одан кейінгі «Байқоңыр» ӘКК басшысы Ғалым Әміреевте – 110 дауыс. Үшінші орынды 100 дауыспен жеке сектор өкілі Аида Әбибуллаева иеленді. Ол үздік үштікке және тиісінше Мәжіліске кандидаттар тізіміне де енбей қалған кәсіпкер Асқар Махамбетовтен бар-жоғы 4 дауысқа басым түсті. Қарағанды облысында Парламент төменгі палатасының қызметтегі депутаты Гүлнар Бижанова ең көп дауыс жинады. Екінші орынды 99 дауыспен Ұлытау аудандық партия филиалының төрағасы Берік Әбдіғалиұлы иеленді. Сонымен қатар тізімге ЖОО оқытушысы Аманжол Алтай, партияның Қарағанды қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Юлия Бадина, бизнес өкілдері Сүйіндік Асан және Вадим Басин кірді. Айта кетейік, бұған дейін Мәжілістің партиялық тізіміне елорда, Алматы және Шымкент қалаларынан кандидаттар сайланған болатын. Ертең тағы 11 өңірден үміткерлердің есімдері белгілі болады. Қорытынды тізім 25 қарашада партияның XX съезінде бекітіледі. «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қазірдің өзінде барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа 6253 адамнан тұратын партиялық тізімдер әзірленгенін атап өткен болатын. Әйелдердің үлес саны 22-ден 34%-ке дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24%-ке дейін артты. Қазіргі қызмет етіп отырған мәслихаттардың құрамымен салыстырғанда орташа жасы 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды. Партиялық тізімдердің 24%-ін қызметтегі депутаттар құрайды, ал 76%-і – жаңа тұлғалар. Сонымен қатар партия қатарына 42 мыңнан астам жаңа мүше қосылды. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір 3-шісі «Nur Otan»-ның партиялық тізіміне енді. Электронды дауыс беру нәтижелерімен және кандидаттар тізімімен Primaries.kz сайтынан танысуға болады.