Қарағандыда Nur Otan партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісіне түсетін депутаттар белгілі болды. Пікірсайыс пен дауыс беру қорытындысы бойынша партияның XX съезіне өңірден ұсынылған партиялық тізімге алты адам енді. Сондай-ақ, облыстық мәслихатқа сайлауға Nur Otan партиясының тізімі қалыптастырылды.
Үміткерлерді Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс XXXIV конференциясының делегаттары бекітті.
– Біз праймериздердің бірінші кезеңін сәтті өткіздік. Облыс бойынша барлығы 857 кандидат тіркеліп, 730-ы қатысты, олардың 61%-ы өзін-өзі ұсынушылар және 39%-ы бастауыш партия ұйымдарынан болды. Үміткерлер арасында әйелдер - 32%, 35 жасқа дейінгі жастар - 26% құрады. Барлығы 54 мыңнан астам адамды қамтыған 1 350-ден астам іс-шара, 116 пікірталас өткізілді. Праймериздегі онлайн-дауыс беруге 50 мың партия мүшесі қатысты, - деді партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Конференция барысында Мәжіліске түсетін партиялық тізімге үміткерлер арасында дебаттар өтті. Бірінші раундта қатысушылар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Ал пікірталас раундында бір-біріне сұрақтар қойылды. Пікірталастан кейін дауыс беру «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтті. Нәтижесінде 12 үміткерден 6 үміткер ең көп ұпай жинады.
Конференцияда сондай-ақ Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезіне делегаттар сайланды. Конференция санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды түрде сақтай отырып өтті. Делегаттар әртүрлі залдарда болды, олардың арасында онлайн-байланыс ұйымдастырылды.– Талқылау қорытындысы бойынша 1 553 аманат келіп түсті, олар бағдарламада ескерілді. Жеті басымдық бойынша ТОП-6 мәселе анықталып, оларды шешу жолдары белгіленді, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек.
Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы.