Тоқаев қатаң карантин енгізуге қатысты ойын айтты
Тоқаев қатаң карантин енгізуге қатысты ойын айтты
Мемлекет басшысы Үкімет мүшелерімен, бірқатар орган басшыларымен, қалалар мен облыстардың әкімдерімен видеоконференция режимінде кеңес өткізіп, Үкіметке көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтауға тапсырма берді.
– Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Біз мұны ескеруіміз керек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау, – деді Мемлекет басшысы.
Президент кейбір өңірлерде аталған дертпен ауырғандар санының артуына байланысты жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударды. Мемлекет басшысы өз сөзінде  індет жұқтырғандардың барынша нақты есебін алу вируспен күрестің басты талабы екенін айтты.