«Jas Otan» Жастар қанатының белсенділері Jas Otan Cases алаңының қонақтарымен «Жас көшбасшыларға арналған Парламент моделі» тақырыбында жиын өткізді.
Карантин шараларына байланысты кездесу онлайн форматта өтті. Қазақстан бойынша 150-ден астам адам бас қосты. Кездесудің басты қонақтары Парламент Сенаты басшысының орынбасары Максим Споткай мен режиссер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбеков тәжірибелерімен бөлісіп, отырысқа қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Максим өз сөзінде студент кезінен университет өміріне белсенді араласып, кейін Jas Otan Жастар қанатының мүшесі болғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Сенаттың қызметі туралы сұрақтарға да жауап беріп, жастарды еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысуға шақырды. – Кез келген жетістіктің кепілі – күнделікті еңбек. Жастар еліне пайдалы ісімен өз үлесін қосуы керек. Көшбасшылық қасиеттер адамның өмірінде үлкен рөл атқарады және мақсатқа жетуге көп көмектеседі. Өйткені қоғамдық жұмыс ең алдымен, өсу және дамуға бастайды, – деді Максим Споткай. Праймериз қатысушысы, New York Film Academy түлегі Айдие Айдарбеков партия ішіндегі сайлауға қатысқанын айтып, тәжірибесімен бөлісті. – Мен үшін бұл жаңа қадамдардың бірі болды. Кейс шешімдері, сөйлеу және ашық пікірталас тәжірибесі ерекше есте қалды. Мен жастардың назарын Soft skils-ке аударуды мақсат тұттым. Дәл осы қасиеттер өміріңізде шешуші рөл атқара алады және сіздің әлеуетіңізді жүзеге асыруға көмектеседі, – деді ол. Кездесу соңында қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Отырыстың басты кейіпкерлері жастарға алғысын айтып, аталған кездесулердің маңызын ерекше атап өтті.А.ЖАСАНҰЛЫ