Балауыздан жасалған Абай

Балауыздан жасалған Абай

«Қазақконцерт» ұйымы елордада Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның жаңа эксклюзивті мүсінін таныстырды. Балауыз бен силикон материалдарынан жасалған мүсіннің ав­торы – талантты мүсінші Айдос Есмағамбетов.

Айдостың бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Барак Обаманың, Абылай ханның және генерал-полковник Сағадат Нұр­мағамбетовтің гиперреалистік мү­сіндерін жасағанын білеміз. «Биыл ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абайдың 175 жылдығы елімізде кеңінен атап өтілуде. Ақынның баға жетпес еңбектерін дәріптеу – біздің азаматтық парызымыз. Абай­ға деген құрметіміздің бір белгісі, ұлы ақынның тұлғасын дәріптеуге арналған іс-шараның бірі – Абай мүсінінің тұсаукесері. Қазақстанда баламасы жоқ жаңа туындының авторы – гиперреалист мүсінші, «Қазақконцерт» ұйымы­ның суретшісі, 100 жаңа есім жо­ба­сының жеңімпазы Айдос Есма­ғамбетов. Ол бұл мүсінді биыл 60 жылдық мерейтойын атап өткен «Қазақконцерт» ұйымына тарту етіп отыр. Маңызды екі мерей­тойды бір-бірімен осылайша бай­ланыстырып, барша қазақ еліне ерекше сый жасаған Айдосқа алғыс айтамыз. Абайдың тұлғасы осылай жаңа қырынан насихатталуда. Бұл мүсін болашақта Ұлыбританиядағы мадам Тюссо музейінен орын алады деп сенеміз», – дейді «Қа­зақ­концерттің» директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы. Мүсінді жасауға автор төрт ай уақыт жұмсапты. Тіпті, кейбір қажет материалдарды шетелден сатып алуына тура келген.  «Бұл мүсінді жасау үшін Абай суреті­нің түпнұсқасы керек болды. Интер­нетте оның суреттері мен бейнесі көп. Бірақ ол суреттерді ұлғайтқан кезде бұлдырап кетеді де, оны анық қарау мүмкіндігі болмайды. Сондықтан Абай мұражайына хабарласып, Абайдың түпнұсқа су­ре­тін сұрадым. Сондай-ақ сол кезеңмен сәйкес келуі үшін ар­найы шапанға да тапсырыс бер­дім», – дейді ол.

Айым БЕКТҰР