Банк жүйесіндегі қылмыстар
Банк жүйесіндегі қылмыстар

Қазақстанның қаржылық секторын түсіну қиын, бұрын бір құлаған шұңқырына қайта-қайта құлай береді. Елімізде біраз бизнесменнің жобасын, көптеген үлескердің тұрғын үйінің құрылысын қар­­­жы­­­ландырған Tengri Bank банк­рот болды. Оның бірне­­ше топ-менеджері де ұстал­­ды. Тергеу мате­риалдары бойын­­­­ша олар сол баяғы, ескі схеманы қолданған: банк ақшасын қайтарыл­­майтын кредит түрінде үлес­­­­тіріп жіберіпті. 

Бас акционерінің өзі ақша ұрлатқан

Өткен аптада Қаржы министрлі­гінің Қаржы мониторингі комитеті Tengri Bank АҚ басқарма төраға­сының бұрынғы орынбасары Бақ­тияр Ілиясовтың тұтқындалғанын растады. Сондай-ақ осы банктің Алматы филиалы директорының бұрынғы орынбасары Әсет Жа­дықовтың қолына кісен салынғаны мәлім болды. Олар Tengri Bank-тің 8 миллиард теңгеден астам қаржысын өтелмейтін несиелерге таратып беру арқылы ұрлаған деген күдікке ілініп отыр. Бақтияр Ілиясов 2015 жылдан бастап 2020 жылдың қаңтарына дейін Tengri Bank АҚ басқарма мүшесі – басқарма төрағасының орынбасары лауазымын атқарып келді. Биылғы 18 қыркүйекте Қаржы нарығын реттеу агенттігі Tengri Bank-ті банктік және басқа да опера­цияларды жүргізу лицензиясынан айырды. Сондай-ақ оған құнды қағаздар нарығында жұмыс істеуіне тыйым салды. Таяуда, 5 қарашада Алматының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты аталған банкті жою туралы шешім шығарды. Қаржылық ұйым басшылығында келіспеушіліктер туындағанын са­рапшылар біраздан айтып келді. Ақпарат құралдары дәл осы банктің негізін қалаған Тимур Қуанышевтің жанұясы 2020 жылғы 24 тамызда Tengri Bank акционерлерінің құра­мын тастап шыққанын хабарлады. Әйтсе де, Т.Қуанышевтің өзі банктің директорлар кеңесінен біраз бұрын, 15 мамырда кетіп қалыпты. Қазақстан Үкіметі Tengri Bank-тің негізгі акционері – Үндістан үкі­­метіне қарасты ірі банк Punjab National Bank оның ахуалын тұрақ­тандыру шараларын қабылдайды, қосымша қаржы құюға кіріседі деп үміттенді. Үндістандықтар да соған рай танытқан: алдымен қазақ­стандық банктің басшылығын үнді өкілімен алмастырды. «Үлкен төрт­тікке» кіретін шетелдік белді ауди­торлық компанияны сыртқы кеңес­ші ретінде жалдады: ол әзір­лейтін есепке сүйене отырып, Tengri Bank-ті құтқару жоспарын әзірлемекші болған. Бірақ әзір­ле­меді. Bloomberg-тің жазуынша, Үндістанның көлемі бойынша екінші ірі кредиторы болып есептелетін Punjab National Bank қазіргі уақытта жарты мил­лиардқа жуық (492 млн) доллар қа­ра­­жаттың өтелмейтін кредит түрінде ұрлануына қатысты өзіндегі алаяқ­тық оқиғаны тергеумен басы дал болып жатыр.

Бақылау жоқта жемқорлар басынады

Бірде-бір сарапшы биыл Tengri Bank банкрот болады деп болжай алмады. Тіпті, Қаржы нарығын рет­теу агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляковтың өзі 2020 жылғы ақпанда журналистерге мәлімдеме жасап, оның жойы­ла­ты­нын жоққа шығарды. – Тengri Bank банкрот болатынын меңзейтін ешқандай факті де, шешім де жоқ. Уақытша қиындықтарға бай­ланысты банк өз клиенттеріне есеп­шоттарынан ақша алуға шектеу қоюға мәжбүр болды. Біз бұл проб­леманы байқап отырмыз және банк­ті қолдау бірінші кезекте акцио­нерлердің міндеті деп санаймыз. Тengri Bank-тің акционері жеткілікті түрде ірі және рейтингі де жақсы. Сондықтан біз олармен диалог жүргізіп жатырмыз, – деді О.Смо­ляков. Банк саласына жауапты тұлғалар Tengri Bank-тің өткен жылдан бері өз салымшыларына ақшасын бермей жатқанына былқ етпеді. Оны сот арқылы банкрот ету – амалсыздан жасалған амал болса керек. Агенттік басқармасының қаулысында ай­тылғандай, Tengri Bank жүйелі түрде, яғни 12 ай ішінде 3-тен көп рет ұлттық заңнаманы бұзған, Ұлттық банктің пруденциалдық норма­тивтерін орындамаған. Агенттік жа­са­ған ескертпелерді аяқасты ет­кен. Акционерлері банкті қосым­ша капиталдандырмады. Ұлттық банктің дерегінше, Tengri Bank жалпы сомасы 82 миллиард 603 миллион теңге кредит беріп үлгерді. Соның ішінде 51,8 миллиардын немесе 61,9%-ын несиеге алғандар кейінгі кезде төлем төлеуді тоқта­тыпты. Тағы 29,7 миллиарды немесе 35,6%-ы қайтарылмайтын «улы несиеге» айналған. Экономист Арман Бейсембаев банктің ішкі қауіпсіздік жүйесі нашар болғанына назар аудартады. Қарызын қайтармайтын «клиент­терге» миллиардтап несие беріліп жатқанда банктің ішкі бақылау тетіктерінің бірде-бірі дабылдап, акционерлерді құлағдар етпеген. Мол қаражаттың осылай ұрланғанын халықаралық аудиторлар анықтаса керек. Тиісінше, топ-менеджерлерді құзырлы органдар акционерлердің шағымы бойынша ұстағанға ұқ­сайды. «Миллиардтаған ақша әлдеқайда ағып кетіп, ізім-ғайым жоғалып жатқанда ішкі қауіпсіздік тетік­терінің неге іске қосылмай қалғаны түсініксіз. Банктерде ақша ұрлау схемасы бұрыннан белгілі, демек онымен күресті де тиімді жолға қою­ға болады. Банктің қаржы жағдайы­ның қиын екені бұрыннан белгілі болатын. Сәйкесінше, тәртіп пен бақылау да күшейе түсуі тиіс еді. Осының алдын алатын ешқандай шара қабылданбағанына таңым бар», – дейді экономист. Бүгінде Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу­­лер қызметінің басшылы­ғымен ве­­домствоаралық жедел-тергеу тобы Tengri Bank-тің бұрынғы топ-менед­­жментіне қатысты сотқа дейінгі тер­­­геу жүргізуде. Осы орайда, олар­­­дың үстінен Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» деп аталатын 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. Мұндай іс адамдар тобының алдын ала сөз байласып, өзіне сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға сал­­­ған­да ашылады. Бастапқыда 5,4 мил­­­­­лиард теңге ақшаның жымқы­­­рыл­ғаны туралы сөз болды. Енді тер­­­геу­шілер ұрланған қаражат көле­­мі 8 миллиардтан асқанын айтып отыр. «9 қарашада Алматы қаласының тергеу соты Б.Ілиясовты, Ә.Жады­­қовты және Н.Жылқыбаеваны 2 ай мерзімге дейін қамауда ұстау түрін­­дегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін әзірге жария етілмейді» деп хабар­­­лады комитет.

Жемқор банкирдің «қармағы»

Әрине, бұл отандық банктерден ұрланған ең ірі ақша емес. Мысалы, 2006 жылы БТА банкінен 6 миллиард доллар қаражаттың қолды болғаны әш­­­кереленді. Бұл – бүкіл әлемдегі ең ірі ұрлық оқиғаларының бірі. Со­нымен қатар таяуда Алматыда Bank RBK-дан 144 миллиард теңге­­­­нің ұрла­­­нуына қатысты іс тәмам­далды. Сот Ертаевты 11 жылға соттады. Осы қылмысқа қатысқаны үшін Qazaq banki-нің бұрынғы акционері Бақыт Ибрагим де темір торға жабылды. Мемлекеттік ауыптаушы оны 8 жылға абақтыға отырғызуды сұрады. Б.Ибрагим өз кінәсін толық мойындаған, қылмыстық істі тергеу­ге жәрдемдескен және 17,3 миллиард теңгені қайтарды. Тергеу­­шілердің пайымдауынша, қылмыскерлер 2011 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта бармақ басты, көз қысты жолмен банктің қаражатын жымқырып келген. Схема да көне: жалған фирмаларға несие беріледі. Ал қара­­жат сыбайластар арасында бөліске салынады. Биылғы қазан айының соңында Алматыдағы сот Жомарт Ертаевқа қатысты тағы бір істі қарауға кірісті. Экс-банкирге қоса, онда «Әліби» компаниялар тобының негізін қалаушы, бұрын Forbes тізіміне кірген Нұрлан Тілеубаев және осы топ құрамындағы фирмалардың өкілдері сотталуда. Зардап шеккен тарап ретінде 3 банк – Bank RBK, Qazaq Banki және Еуразиялық банк танылды. Ұрлық схемасы келесідей бо­­­лыпты: айыптау актісінде көрсе­­­­­­тілгендей, Н.Тілеубаев құрған «Әлі­би» компаниялар тобы астық нары­ғында жұмыс істейтін 140 компа­­­ниядан тұрыпты. Бизнесмен Bank RBK директорлар кеңесінің кеңес­­­шісі Ж.Ертаевпен танысқан соң бәлеге басын сұққан. Сол тұста бүкіл отандық банк саласына ықпалы мен беделі жүрген Ертаев осы мүмкіндігін теріс пайдаланып, заңсыз баюдың жылпос схемасын ойлап табады. «Әліби» тобындағы компанияларға әртүрлі коммерциялық банкте тиімді шарттармен кредиттер рәсімдейді, бұл ретте кепіл ретінде жалған астық қолхаттары қабылданыпты. Шы­­­­нында, бірде-бір қолхат бидаймен қамтамасыз етілмеген. Соған қара­мастан аса қомақты – 22 миллион доллардан 4 миллиард теңгеге дейінгі көлемде әртүрлі кредит беріледі. Олардың әрқайсысынан Ертаев 10-20% көлемінде өз үлесін алып оты­рыпты. Алаяқтық схема көпке дейін ашылмаған, себебі борыш­­керлер ай сайынғы төлемдерін уақытылы төлеп жүрген. Осы мақ­­­сатта жаңа несиелер рәсімдеген. Кәсіпкер, қаржыгер Марат Төлбасовтың пікірінше, банктер өзіндегі осындай қылмыстарды бүркемелеуге, «жауырды жаба то­қуға» тырысатын кездері де кез­деседі. «Сіз бұған сенбессіз, кейбір банктер қайтарылмайтын ірі кре­диттерді өз ақшасымен жауып, соған өзі қызмет көрсетіп жатады. Бұған банктер қаржылық реттеу­шінің қырына ілікпеу, лицензиясынан айырылмау, status quo сақтау үшін барады. Акционер не топ-менеджер үшін банктің жабылуынан гөрі «улы» (токсичный) несиені банк қаража­­­тына қайта қаржыландырған қо­­лайлы. Сол арқылы банк заемдары қайтарылып жатқандай көзбояушы­­­лық жасайды. Қаржылық реттеу­­шінің NPL (қайтпайтын кредит) үлесінің өскенін байқамай қалатыны да содан болса керек. Мұндай қулық түптің түбінде банкте қаржылық қуыстың пайда болып, ұлғаюына әкеледі», – дейді ол. Заемшы тез банкрот болып, жойылып кетеді. Оның жұртында ешқандай активі қалмайды. Банк мол ақшасын жоғалтады. Клиент­­­терінің салымын уақытылы қайтара алмайды, күнделікті міндеттемелерін және агенттіктің талаптарын орын­­­дауға қауқары жетпейді. Сөйтіп, ақыры бәрібір жабылып тынады. Мұндай банкті өтіне паразит-бауырс­­орғыш түскен, ішін құрт тескен қойға теңеуге болады. Қи­налып, азаптанып, өлмек. Адвокаттық бюро жетекшісі Сергей Егоров өз тәжірибесіне сүйене отырып, әдетте банк топ-менеджерлеріне қатысты қылмыс­тық істер тек лицензияны алып қойған соң немесе банк банкрот болғаннан кейін ғана қозғалатынын жеткізді. «Әйтпесе, егер жұмыс істеп тұр­ған банктің іс басындағы басшы­­­ларына қарсы іс қозғалса, бұл банк­­тің қалыпты ісінің бұзылуына, клиенттердің ол банктен депозит­­­­терін жаппай алып кетуіне соқты­­­­рады деп қауіптенеді. Ал егер қатар­­дағы банк қызметкері ақша ұрласа, оған құзырлы органдар аяушылық танытпайды. Ұрланған ақша мен лауазым неғұрлым ірі болса, жауапты құрылымдардың қимылы да со­­ғұрлым баяу болады. Бәрі де пен­де, қателесуден, ықпалдылардың қы­­сымына ұшыраудан қаймығады», – дейді қорғаушы. Қалай болғанда, банк жүйесіндегі қылмыстар – «жалғыз жортқан жыртқыштың» ісі емес, оны жүзеге асыруға бірнеше лауазымды тұлға жұмылады. Ертаевтың, Әблязовтың және басқасының ондаған, жүздеген сыбайласының анықталуы содан. Ендеше банк саласын жемқорлықтан түбегейлі арылтпай, банк секторы да әзір айықпайтын түрі бар.

Айхан ШӘРІП