Жоғалған жандар аз емес
Жоғалған жандар аз емес

Елімізде жылына орташа есеппен 600-ге жуық адам жоғалса, оның 80% ғана не өлі, не тірі табылады екен. 20%-ы хабарсыз кетеді. Бұл шамамен жылына жүз адам. Сонда да оларды туыстары үмітін үзбей, жылдар бойы іздеуге бар. Еліміздің заңнамасы бойынша, хабар-ошарсыз кеткендерді іздеу 10 жылдан соң тоқтатылып, іс жабылады. Ал оған дейін олар статистикада тұра береді. Сондай-ақ соңғы жылдары жоғал­ғандарды іздеуде волонтерлер үлкен рөл ойнап отырғанын атап өту керек.

Әр дерек – бір тағдыр

2020 жылдың 10 айында елімізде    2 845 адам жоғалса, оның 1 517-сі табылған. 1 191 адам – «мүлдем хабар-ошарсыз кеткендер» қатарында. 137 адамға қатысты түрлі негізде іздестіру шаралары тоқтатылған. Ал 2019 жылғы ұқсас кезеңде бұл көрсеткіш 3 315 адам болыпты. Соның ішінде 1 894-ы табылған. Мамандар соңғы 5 жылда «мүлдем хабар-ошарсыз кетті» делінген 429 адам табылғанын айтады. Яғни, бұл көрсеткіш 2015 жылы 1 660 адамнан 2019 жылы 1231 адамға азайған. Осы бес жылда жалпы саны 13 085 адам жоғалыпты. Соның ішінде 1 066 адамның мүрдесі табылған. Осы орайда, ішкі істер органдарының ақпараттық базасында кім екені анықталмаған адам мүрделері туралы мәліметтер кездесетінін, жеке басы анықталғанша олар «хабар-ошарсыздар» қатарында тұратынын айта кету керек. Әдетте Алматы қаласы, Алматы, ШҚО және Қарағанды облыстарынан адамдар көп жо­ғалады екен. Табылғандардың жоғалу себебі де сан түрлі. Жастары мен әлеуметтік статустары да әр алуан. Бірі – үйінен қашып кеткен жасөспірім болса, бірі – нәпақа іздеп, басқа облысқа немесе елге сапар шеккендер. Енді бірінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан бас сауғалаған әйелдер кездессе, оған керісінше жаңадан махаббат іздеп, бір-бірінен жасырынған ерлі-зайыптылар да болады екен. Олардың арасында ақыл тоқтатпаған бала да, есінен алжасқан қария да бар. Діттеген мақсатына жете алмаған соң өмірден баз кешіп, үйінен кетіп қалып, қаңғыбастық өмірге салынып кететіндер де жолығады. «Бізде адам іздеу жұмыстары екі бағытта жүреді. Бірі – қылмыскерлерді іздеу болса, екіншісі – жоғалғандарды іздеу. Осы ретте, кез келген мүмкіндікті пайдаланамыз. Мә­­­селен, таяуда республика бойынша «Қаң­ғыбас» профилактикалық іс-шарасы өтті. Көшеде үй-күйсіз қаңғып жүрген 5,5 мың адам полиция бөлімшелеріне жет­кізіліп, жеке бастары анықталып, қандай да бір қылмысқа қатыстылығы тексерілді. Соның ішінде бұған дейін хабар-ошарсыз жоғалды деген 72 адамды таптық. Олардың біреуі осыдан 10 жыл бұрын қылмыс жасап, қашып жүргені анықталды. 2009 жылдың қазан айынан бері іздеуде болған ол Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылынан ұс­талды», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаменті Қылмыскерлерді іздестіруді ұйымдастыру басқармасының бастығы, полиция пол­ковнигі Абай Ерғалиев. Осы санаттағы адамдарға талдау жүр­гіз­ген полиция қызметкерлері оларды бір­неше топқа бөлген. Соның ішінде ең көп жоғалатындар – психикалық ауыт­қушылықтары бар адамдар, кемпір-шал мен балалар екен. Мәселен, соңғы 5 жылда 92 жасөспірім хабар-ошарсыз жоғалған. Ба­лалардың жоғалуында киднеппингтен бө­лек көптеген себеп бар. Көбіне олар ішім­дікке салынған, жағдайы төмен отбасынан қашып кетіп жатады. Ал ата-аналары қайтып келетін болар деп ешкімге айтпай күтеді. Осы­лайша, уақыт өтіп кетеді. Олардың ара­сында жетімдер үйінен де қашып кететін ба­ла­лар бар. Жоғалудың тағы бір себебі – ойын­құмарлық. Компьютер клубтарында вир­туалды әлемге еніп кеткені сондай  апта­лап ойнап, уақыттың қалай өтіп кет­кенін білмейтін балалар да болады. Ата-ана­ның баласының оқуына қатты қарауы да осындай жағдайға әкеліп жатады. Төмен баға алып қалып, ұрыс еститінінен қорыққан оқу­шылардың мектептен қашып кетіп, ап­талап жасырынып жүргендері болыпты. Жас­өспірім қыздардың интернетте танысқан жігітпен кездесуге кетіп, ата-анасына айт­­пай, сол адаммен бірге тұрып жатқан оқи­ғалар да бар. жоғалған Құқық қорғау органдары қанша күш салғанымен, посткеңестік аумақта адам­дарды күштеп құлдыққа салу деректері кездесіп жатады. Туыстары оларды іздеп жүргенде олар ауыр жұмысқа жегіліп, қиыр шеттегі шалғай ауылдарда хабарсыз қамалып қалады екен. Сондай-ақ бұл мә­селеде «секс-құлдық» проблемасы да өзек­ті болып отыр. Көп  жағдайда кедей от­басы­лардың қыздары «тірі тауар саудагер­лерінің» құрбаны болады екен. Ал адам саудасы – өз алдына бөлек та­қырып.

 Жоғалғанды іздеу – үзілгенді жалғау

Ішкі істер органдарының регламенті бойынша, жоғалған адамды іздеу хабар түскеннен үш күннен соң басталады екен. Өйткені талай жылғы тәжірибеде осы үш күнде олардың өздері қайта табылған. Бірінің – реніші басылған, бірінің – құ­мары қанған. Осылайша, олар отбасына оралған. Ал егер бала жоғалса, онда іздеу жұ­мыстары бірден басталады. Оларды қа­уіпке ұрынып қалмай тұрғанда тапқан аб­зал. Жоғалған адамды іздеу бойынша полиция қызметкерлері кешенді шаралар жүргізеді. Ауруханаларды, мәйітханаларды және арнайы мекемелерді тексерумен қатар жақын туыстарынан ДНК үлгілерін алады. Бұл жеке басы анықталмаған, қол­дағы мәліметтерге сәйкес келетін адам мәйіт­тері табылған кезде салыстырып тек­­серу үшін керек екен. Егер бастапқы екі ай көлемінде жоғалған адамның қайда жүргені анықталмаса, онда бұл жерде ешқандай криминалдық әрекеттердің белгісі болмаса да, заңға сәйкес, қылмыстық іс қозғалады. Бұл Қылмыстық-процессуалдық кодексте қарастырылған жауап алу, бетпе-бет беттестіру, тінту жүргізу сынды барлық тергеу амалын жүргізуге мүмкіндік беріп, ол адамның қандай жағдайда жоғалғанын анықтауы тездетеді екен. Одан бөлек, іздеу жұмыстарына кинология қызметі, төтенше жағдайлар қызметкерлері және волонтерлер де жұмылдырылады. Соңғыларының бұл жұмыста пайдасы көп болып тұр. Солар­дың бірі – тек жоғалған адамды іздеу­мен айналысатын «LIDER.KZ Астана волон­терлері» қоғамдық бірлестігі. «Біз жоғалған жандарды полицияға арыз тіркелген соң барып іздеуге кірісеміз. Онда да криминалмен байланысы жоғын білеміз. Егер байланысты болса, іздемейміз. Ал балалардың ата-аналарынан хабар түссе, бірден кірісеміз. Өйткені бала жо­ғалды десе, жүрегіміз езіледі. Біздің ұйым­ның құрылуына да 2017 жылғы кішкене бүлдіршіннің жоғалып кетуі себеп болды. Естеріңізде болса, өзен жағасына демалуға бар­ған отбасы дәл үйге қайтар алдында екі жасқа толмаған кішкентай қызын таба ал­май қалған болатын. Сол кезде оны із­деуге еліміздің түкпір-түк­пірінен көптеген волонтер келді. Бірақ таба алмадық. Кейіннен судан оның өлі денесі табылды. Осы оқиғадан кейін сол кезде танысқан волонтерлер бірігіп, ұйым құруға бел будық. Сол бүлдіршіннің қазасы есімізге түскен сайын көкірегіміз қарс айырылады. Бұл біздің осы игілікті ісімізді тастамауға серпін береді», – дейді бірлестік басшысы Ольга Тультаева. Биыл жыл басынан бері LIDER.KZ еріктілер қоғамы республика бойынша 744 адамды іздеуге қатысқан екен. Соның ішінде 295 адамды тірі тапқан. Өкінішке қарай, 40 адам өлі күйінде табылыпты. Солардың соңғысы – Ақмола облысындағы үш балықшының оқиғасы. Екеуі ТЖ қызметінің күшімен аман-есен табылып, үшіншісі екі аптадан соң өлі табылған оқиғаға волонтерлер де куә болған. Негізінен, әйелдерден тұратын командада ер адамдар аз екен. Соңғы оқиғаға да солар қатысқан. Өйткені өзенге жұқа мұз қатқандықтан, оны оятын қара күш көмек керек болған. Ал әйелдер жағы көмекке адам тарту, көлік іздеу, материалдық-қара­жаттық көмек сұрау, азық-түлік жіберу сынды үйлестіру жұмыстарын атқарған. Барлық БАҚ-қа хат жазған, елорданың ТЖ қызметінен қосымша сүңгуір мамандар сұраған. Оқиға қаладан тыс болғандықтан, онда Ақмола облысының ТЖ департаменті жұмыс істеген болатын. Өкінішке қарай, екі апта іздеу жұмыстарының нәтижесінде үшінші балықшының мүрдесі ғана табылды. «Балалардың жоғалуына бірінші кезекте ата-аналары кінәлі. Олар бейқамдық та­нытып, оны қараусыз қалдырады. Сон­дық­тан да қайда тұратынын, ата-ананың фа­милиясы мен телефонын жеті жасқа дейінгі баланың миына құя беру керек. Егер жаттай алмайды десеңіз, қалтасына қағазға жазып салып қойыңыз. Ал бәрі­нен бұрын көзден таса қылмаңыз. Өйт­кені бала ешқашан өліп қаламын деп ой­ламайды, өзін-өзі сақтау инстинкті жоқ. Ал жасөспірімдердің қызық қуып, біреуге бір­деңені дәлелдеймін деп үйден кетіп қалатын кездері аз емес. Тіпті, бір-бірімен бәсекелесіп те үйден кетіп қал­ған жағдайлар болған», – дейді адам із­деуге қатысқан волонтердің бірі Айзада Болатқызы. Жалпы, жақыныңды жоғалтқаннан ауыр ештеңе жоқ. Аласапыран соғыс кезі емес, мамыражай бейбіт күні оның уайымы бөлек. Ал шарқ ұрып іздегендегі жанталаста қаралы хабар жетсе, қайғысы еселене түспек. Волонтерлер бір тиын ақы сұрамай, күн-түн демей сарп еткен еңбегінің қиыншылығы жоғалған  жандардың табысқандағы қуаныш сезімінің бір сәтіне де татымайтынын айта­ды.

Нұрлан ҚОСАЙ