Биыл «Егемен Қазақстан» газетінің жарыққа шыққанына 100 жыл толып отыр. Бас басылымның ғасырлық тойы қарсаңында түрлі мерекелік шара ұйымдастырылып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті тарихында Алматының орны бөлек. Өйткені 1929 жылы Қызылордадан толық көшіп келіп, 1999 жылы бас шаһар – Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аударғанға дейінгі 70 жыл осы әсем қалада жарық көріп, халықтың сөзін сөйлеп, бүкіл жаңалықты жеткізді. Шаһарда 1987-1999 жылдары басылым редакциясы орналасқан ғимаратта ескерткіш-тақта ашылды.
«Егемен Қазақстан» республикалық қоғамдық газеті – еліміздегі ең ерте жарыққа шыққан және ең танымал басылымның бірі. Газеттің алғашқы нөмірі 1919 жылы Орынбор қаласында «Ұшқын» атауымен жарық көрді.
«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі: «Бүгін Алматыға арнайы тағзым етуге келдік. Осындай үлкен шараға мұрындық болған әкімдікке терең ризашылық білдіреміз. Себебі таяуда ғана кезінде газетті басқарған Әбіш Кекілбаев ағамызға, жылдық асы қарсаңында Шерхан Мұртаза ағамызға арнап ескерткіш-тақта орнатылды. Олардың бәрі «Егемен Қазақстан» газетіне көрсетілген құрмет деп білеміз. Енді міне, Алматының керемет жерінде бас басылымға арнап ескерткіш-тақта орнатылды. Ақылдаса келе осы жер дұрыс деп таптық. Себебі бас басылымның Нұр-Сұлтан қаласына көш түзеген жері – осы. «Егемен Қазақстан» азаттықты осы жерде отырып жариялады», – дей келе, жиналған қауымға ризашылығын білдірді. Айта кету керек, дәл осы ғимаратта газет редакциясы 1987 жылдан бастап 12 жыл бойы шығып тұрған. «Құрметті халайық, толқығаннан көзіме жас алғым келіп тұр. Менің мекенім, туған жерім десем де болады. Күні-түні осы газетте жұмыс атқарғанбыз. Біздің жұмыс инемен құдық қазғандай еді. Құдай жарылқап, еңбегімізді халқымыз бағалап жатыр. Бұл бүкіл қазақтың тойы деп білемін», – деді басылымның ардагері Тұрысгүл Дайрабаева. Бірғасырлық тарихы бар жылнаманың 100 жылдығына орай өткізетін шаралар мұнымен аяқталмайды.
«Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық тарихында қазақ баспасөзінің талай марқасқалары осы жерде қызмет етті. Ардагерлер атынан Сарбас Ақтаев, Мамадияр Жақып ағаларымыз өз естеліктерімен бөлісіп, игі тілектерін арнады. Мерекелік шара одан ары Ұлттық кітапханада жалғасты.
Аталмыш шараға Egemen Qazaqstan газетінің ардагерлері, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, журналистер мен қала билігі өкілдері қатысты.
«Ұшқыннан» басталған Egemen Qazaqstan атты ғылыми конференцияға жиылған қауым бас басылымды мерейтойымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. «Ғасырлық тарихы бар бұл газетті қолына ұстаған кез келген жан мұндағы әрбір ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыптың маңыздығына кәміл сенеді. Себебі газеттің кәсіби деңгейі, ұстанған бағыты ешқашан өзгерген емес. Әлем мен қоғам, саясат пен экономика, әдебиет пен мәдениет, спорт пен туризм айдарлары бойынша тың ақпарат таратқан басылым парақтарында жаңашылдық пен ұрпақтар сабақтастығының ізі сайрап жатыр» деді жиылғандар.
Бір ғасырлық тарихы бар жылнаманың 100 жылдығына арналған шаралар жалғасын таба бермек.
Гүлнар ТӘЖИЕВА