Заңсыз қаруды қолдан жасайды
Заңсыз қаруды қолдан жасайды
155
оқылды

Алматы қаласы полицейлері атыс қаруын қайта жасаумен айналысқандардың жасырын цехын анықтады. Осы іске қатысты Медеу ауданының қос тұрғыны ұс­талды. Күдіктілердің тұрғылықты жерінде көптеген атыс қаруы, оқ-дәрі мен қаруды қайта жасау кезінде пайдаланған заттары табылып, тәркіленді. Олар Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

«Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изо­ляторына қамалды. Қару-жарақ, бөлшектер мен оқ-дәрілер бойынша сот-баллистикалық са­рап­тама тағайындалды», – деді Алматы қа­ласы Полиция де­партаменті бас­шысының орын­­басары, полиция полковнигі Берік Әбіл­беков. Алматы полицейлері сарап­тама­лық зерт­теу­лердің нәти­жесінде арсеналдың кімге тие­сілі екені және олардың шығу тегі белгілі болатынын атап өтті. Біз осы оқиғадан кейін елімізде заңсыз қару-жарақ сақтайтындар жайлы мәліметтер қарастырып көргенбіз. Мұндай оқиғалар ара-тұра болса да кездесіп тұрады екен. Мә­селен, өткен аптада ғана Түркістан облы­сы полицейлері де заңсыз қару сақтаған тұр­ғындарды анықтады. Бұл жергілікті По­ли­ция департаментінің заңсыз, еш жер­де тіркелмеген қаруларды анық­тау мақсатында жүргізілген же­дел-профилактикалық іс-шара­лар барысында анықталған. Нақтырақ айтсақ, Бәйдібек ау­даны бойынша бұрын-соңды ішкі істер органдарында тіркелмеген және құжаттары жоқ алты дана тегіс ұңғылы аңшы қарулары тәр­кіленіп алынды. Оларға қатысты ҚК-нің 482-бабы (Жеке және заң­ды тұлғалардың қаруды заң­сыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, та­сымалдауы) бойынша алты жайт және қару­ды сақтау тәртібін бұзған бір аза­матқа 484-бабы бойынша хаттама толтырылды. Қазіргі таңда сарап­тамалар тағайындалды. Өкінішке қарай, осындай оқыс жағ­дайлардың болып тұратыны жасырын емес. Реті келіп тұрғанда айта кету керек, халықта заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акциялар 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Polisia.kz сайтының мәліметіне қарағанда, бұл кезеңде халықтан 51 мың бірліктен астам қару және 2 млн ойық қару патрондары сатып алынған. Бұл ретте атыс қаруын қол­дана отырып жасалатын қыл­мыстар үш есеге (2012 жылы 694-тен 2019 жылы 238-ге дейін) төмендеді. Биыл қалыптасқан жағдайға байланысты заңсыз сақ­талған атыс қаруын сатып алу ак­циясы онлайн форматта өтуде. Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін қарудың әр бірлігіне оның техникалық жай-күйіне байланысты комиссия шешіміне сәйкес сомасы оннан жүзге дейінгі айлық есеп­тік көр­сеткіш төлем көзделген. Сыйақы төлемі қару-жарақ зат­тарын тапсырған адамдардың шо­тына аудару арқылы жүзеге асырылатын болады. Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрі­лерді және жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершікке тартылудан босатылады. Елі­міз­дегі эпидемиялық ахуалдың күр­де­­ленуін ескере отырып, қол­да бар қару-жарақ заттарын тап­сыруға ниет білдіргендер поли­ция органдарына бармай-ақ, Полиция департаменттерінің сай­тында көрсетілген қауырт желі телефондарына немесе «102» нө­міріне хабарласса жеткілікті. Өтініштерді және халықта заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын қабылдауды ішкі істер органдарының қызметкерлері жүзеге асырады. Бұрын оларды қабылдау аумақтық полиция органдарында жүргізілген болатын. Жарылғыш материалдар мен оқ-дәрілерді тауып алған жағдайда қан­дай да бір іс-әрекет жасамай, тек полиция бө­лімшесінің көрсетілген телефон нөмірлеріне хабарлау қажет. Бұл бастамаға үлес қосып отырған аймақтар баршылық. Мәселен, де­рек­терге қарағанда шілде айында Солтүстік Қазақстан облысы полициясы осындай 724 қарудың көзін жойды.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ