Үлескердегі үмітсіздік
Үлескердегі үмітсіздік
158
оқылды

Қазақстанда баспананың өзі жеке мәселе, ал оны салуды айтпай-ақ қойыңыз. Үлескерлік құрылыс үмітсіздердің ордасына ұқсап барады. Қазақстанда үй аламын деген ниетпен алдын ала қаржы салып, соңында сан соғып қалған үлескерлер көбейіп жатыр. 10 жылдан аса қаңырап тұрған сол үйлерді бітіру үшін мемлекеттік бюджеттен 2017 жылы 450 млрд теңге бөлінген екен. Бұл ақша көлемі одан бері артқаны айдан анық. Бірақ оңала қалған жағдайды көрмей тұрмыз.

Елордадағы үлескерлер өзгеге сабақ болмады

2007-2008 жылғы дағдарыстан кейін Қазақстанда баспана құры­лысына жан бітті. Сол кезден бастап 2014 жылға дейін елордада үлескерлік құрылыс арқылы салынатын бас­паналар қаптап кетті. «Жайлау», «Рим кварталы», «АйсанамДеЛюкс», «21 ғасырдың Арман қаласы», «Жас­тар» секілді тамаша үйлер пайда бол­уы керек еді. Осындай сәнді де жай­лы үйлер салынады деген сан түр­лі жарнамаға сеніп, қаншама адам жиған-терген ақшасын үлескер ре­тінде құйды. Арада 12 жылдан астам уақыт өтіпті, ақша да, үй де жоқ. 2017 жылдың сә­уіріндегі ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан бойынша са­лынбай қалған 121 үлескерлік нысан болған. Соның шамамен 80 пайызы – елордадағы тұрғын үйлер. Бұл мәселе талай рет айтылды. Бірақ үйден үмітті жандар әлі де алданып келеді, сабақ алғандардың қарасы аз сияқты. Енді Ақтауда үлескерлер алданып қалғанын айтып, наразылыққа шығып жатыр. Тұрғындар құрылысқа миллиондап ақша салған, алайда үй бірнеше жыл бойы пайдалануға берілмеген екен. Ашуға булыққан олар құрылыс салушыларды жазалауды сұрап отыр. Одан бөлек мұнда бір пәтерді бірнеше клиентке сатқаны анықталған. «Гаухар ТАС» тұрғын үй кешенінің орнына үлескерлер бірнеше жыл бойы сырты қоршалған төртқабатты ғимарат тұр­ғанын, алайда сол күйі қолдануға бе­рілмегенін жеткізген. Құрылыс са­лу­шы нысанды өткен жылы өткізуге уәде беріпті. Үлескерлер компания бірде пан­демияны, бірде блок жоқ­тығын се­беп етіп, сол күйі үнсіз қалған. Ал ше­неуніктер баяғыша құжаттарды жөн­ді тексермеген тұрғындардың өзін кінәлап отыр. Ақтау қаласы әкім­­­­дігінің сәулет және қала құ­ры­лыс бөлімінің басшысы Бекнұр Ба­лиұлының айтуынша, құзырлы органдар компанияны бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан. – Құжаттар сотқа жіберілді. Бұл заңнамамен қарастырылатын мак­сималды шара. Полиция құрылыс салушыға «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Қазір компания басшысы ешқайда кет­пеу туралы қолхатпен жүр. Сон­дықтан қоныс аудару немесе ақшаны қайтару мәселесі әлі де өзекті, – дейді ол. Жоғарыда айтып өткен 300-ге жуық үлескерді алдаған құрылыс ком­паниясының аты – «Тастемір - ЛТД». Бір қызығы, компания басшысының есімі аталмай отыр. Соған қарағанда алданған үлескерлердің шенеуніктерді компания басшысымен сыбайлас деп кінәлар жөні бар сынды.

Алдау – өзгермейтін әдіс

2010 жылы үлескерлер алдана бер­ген соң құрылыс компаниялары лицензия алуға міндеттеліп, үлес­керлердің ақшасын тартуға тыйым салынған еді. Дегенмен түрлі схеманы тәсіл еткен алаяқтар заңды айналып өтіп, алдау әдісі жаңа сипатта өрби бастады. Яғни, бұрынғы үлескерлер – инвесторға айналып шыға келді, олармен әрекет бірлескен қызмет ретінде саналады. Оның зардабын енді бүгін қайта тартып отырмыз. Сол баяғы үлескер – бүгінгі инвестор, ақшасынан қағылады. Ал 2016 жылы бастап арақатынасқа бірыңғай опе­ратор ретінде мемлекеттің өзі араласа бастады. Құрылыс компанияларынан үйдің қаңқасын тұрғызып алмай үлес­­керлерден қаржы тартуға тыйым салынды, қаржы айналымы екінші деңгейлі банктер арқылы жүруі тиіс болды, үлескерлік келісімшартын жергілікті атқарушы органда есепке қою және құрылыстың әр кезеңіне жергілікті әкімдікке есеп беру мін­деттелді. Осының арқасында бұл са­ла­дағы қарым-қатынас заң аясында реттеліп келе жатқандай көрінген. Сонда да құрылыс салушылар соңғы өзгерістердің осал тұстарын тіміскілеп іздеуін қояр емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс жүргізіп жатқан 28 компания әкімдіктен үлескерлердің ақшасын тартуға рұқ­сат алмаса да, өз нысандарын жар­намалауға көшіп үлгерген. Бұл «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу» заңының 23-бабына қайшы. Бұған дейінгі жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, мемлекет қанша ты­рыс­са да, ең бірінші кезекте сақтық үлес­керлердің өз еншісінде екенін меңзейді. Үлескерлерді алдаймын деп жү­р­іп ұсталған алпауыт алаяқтар да аз емес. Мәселен, 2014 жылы «Әл-Баракат» құрылыс компаниясы ел­ордада «Жайлау» тұрғын үй ке­шенінің құрылысын бастап, со­ңын­да үлескерлерді баспанасыз қал­дырды. Компания директоры бол­ған Бақытжан Тойымбетов 8 жыл­ға сотталып тынған. 2015 жылы «Аз­бука жилья» компаниясының құ­рылтайшысы Ерқанат Тайжанов сол уақыттарда салынып жатқан «Жеті-Жол», «Гарант», «Комсомольский», «Са­довые кварталы», «Экспо Сити», Expo Town, «Айсанам De Luxe», «Ком­форт De Luxe», «Династия» сынды тұрғын үй кешендерінің 3 мыңнан астам үлескерінің жиналып тұрған 14 миллиард теңгеден астам ақшасын алып, Аустрияға қашып кеткенін білеміз. Оның 10 сыбайласы 2016 жылы бас бостандығынан айырылып, қамалды. Әлгі айтқан 2017 жылы мемлекет қорынан 450 млрд теңге бөлінген кезде, соның алдында ғана мемлекет үлескерлер қамы үшін Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорын құр­ды. Көп ұзамай жымқырылған қаржы әділ иесіне өте ме деген дәме болған. Десек те, құрылыс компаниялары алдауын, алданған үлескерлер алаяқ­тарды «қолдауын» тияр емес. Демек, үлескерлер мәселесі еліміз үшін әлі де бас ауыртар дүние болып қала бермек.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ