Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Мирас Мұратқанов пен Нұрбол Мақтаев домбырада ойнайтын робот құрастырды. Информатика пәнінің мұғалімі Бақытбек Орынбаевтың жетекшілігімен жасалған туындыны өнертапқыштар Абайдың 175 жылдығына арнады.
– Роботқа домбырамен күй тарттыру идеясы біраз уақыт ойда жүрді. Қолға алған жобаны толық жүзеге асыруға толық 1 ай уақыт жұмсадық. Алдымен роботты құрастырып, содан соң олардың пернені басу, ішекті қағу сияқты әрбір бөліктерін жеке-жеке жасадық, – дейді Зияткерлік мектеп мұғалімі, жоба жетекшісі Бақытбек Нұрлыбекұлы.
Күйші роботты құрастырушылардың сөзіне қарағанда, бұған дейін осыған ұқсас робот жасалған. Ол тек бір күйді орындайды екен. Ал жаңа робот домбырадағы барлық пернені еркін басып, ішекті қалауынша қаға алу артықшылығына ие. Егер күйді орындауда қателіктер кезіксе, онда пропорционалды дифференциалдаушы реттегіш арқылы есептеп, реттеуге болады.
Робот күйді компьютерге енгізілген ноталар арқылы орындайды. Құрастырушылар күйдің орындалу жылдамдығын да қалауынша өзгерте алады. Өнертапқыштар туындыларының кез келген шығарманы нота арқылы орындайтынын айтып отыр.