Ерлер ерте көз жұмады

Ерлер ерте көз жұмады

Елімізде ерлерге қара­ған­да әйел адам көп. Әсіресе, 60 жастан асқан ақсақалдарға қарағанда кейуанала­ры­мыз­дың саны анағұрлым артық. Мамандар мұның себебін ер азаматтардың ерте қайтыс болуымен байланыстырады.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін де­ректерді сөйлетейік. Мәселен, «тоғызыншы территорияны» ме­­кендейтін халық саны 18,3 мил­­лионды құраса, оның 8,9 мил­лионы – ерлер, 9,4-і әйел заты екен. Жыл сайын елімізде ша­ма­мен 130 мың адам пәни дүниемен қош­тасады. Бақилық болған ерлер­дің саны әйелдерге қарағанда 10 мың адамға көп. Статистика ко­ми­тетінің осы мәліметтерін тағы қаз­ба­лап көрсек, мынандай ерекше­лік­ті байқаймыз. Ер азаматтар
20 жастан бастап әйелдерге қара­ғанда өмірден екі есе көп озады. Бұған қандай себеп бар?

Біріншіден, бұған әдетте ер азаматтардың қауіпті өндірісте жұмыс істеп, автокөлік, ұшақ сияқ­ты түрлі көлікті көбірек бас­қа­ратыны кері әсерін тигізіп отыр. Мысалы, жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан қаза тапқан ерлер саны әйелдерге қара­ғанда анағұрлым көп. 2018 жылы бұл көрсеткіш ерлер арасында 9 432 адамды құраса, 2 739 әйел оқыс оқиғадан қайтыс болған.

Екіншіден, түрлі ауру себе­бінен пәни дүниемен қоштасатын ер азамат көп. Оған ішімдік пен темекіге құмардың ер­лер ара­сында басым екенін қосы­ңыз. Кейінгі жылдары артық сал­­мақ қосып алған жігіттеріміз бар­шы­­лық. Бұл – қан қысымымен ауыра­тындардың қатарын көбей­тіп, ми инсультіне әкеледі. Оның үстіне артық салмақты ерлер­­­дің көбеюіне қозғалыстың аз­ды­­ғы, дене жұмысының көбін тех­­ника алмастырғаны да әсер етіп отыр. Әлеуметтік жағдайы жақ­са­рып, майлы азық-түліктің қол­жетімділігі де бұған ықпалын тигізеді.

Эпидемиологиялық деректер­ге сүйенсек, вирусты ауруға шал­дық­қандар арасында ер азамат­тар ау­руханаға жиі жатады екен және со­лардың арасында аурудың сал­да­рынан о дүниеге аттанатындар көбірек кездеседі.

Бірнеше жыл бұрын британия­лық ғалымдар мынандай тәжіри­бе жасапты. Ерлер мен әйел­дер арасынан 1 700 еріктіні жи­нап, жедел респираторлық-вирустық инфекцияларын (ЖРВИ) жұқ­тырған. Олардың ауру белгілерін қалай айтып бергенін мұқият қада­ғалаған. Дәрігер жасаған қоры­тын­­ды мен науқас шағымына қа­ра­ғанда, ерлер көбіне сырқатын ауыр деп есептесе, әйелдер жағы қалып­қа сай қабылдайды.

Статистикалық деректерге сүйен­­сек, ерлер тыныс алу орган­дарының асқынған ауруларына көбірек шалдығады. Сондай-ақ суық тию мен тұмаудан жазылуы да ұзаққа созылады. Ерлер ағзасы көкіріңді таяқша – іріңді ісік сыр­қаттарына жақсы қарсы тұрса да, аталған ауруды жұқтырған ерлер әйелдерге қарағанда көбірек өмірмен қоштасады екен.


Түрлі ауру себе­бінен пәни дүниемен қоштасатын ер азамат көп. Оған ішімдік пен темекіге құмардың ер­лер ара­сында басым екенін қосы­ңыз. Кейінгі жылдары артық сал­­мақ қосып алған жігіттеріміз бар­шы­­лық. Бұл – қан қысымымен ауыра­тындардың қатарын көбей­тіп, ми инсультіне әкеледі. 


Ерлер мен әйелдер арасындағы иммунитет айырмашылығы жас ерекшелігіне де байланысты. Өте кішкентай қыздардың өзі ұлдарға қарағанда ана сүті арқылы тыныс алу жолдары инфекциясынан жақ­сы қорғалған. Осы орайда, жапон ғалымдары нәзік жандылардың иммундық жүйесі өте баяу қартая­тынын дәлелдеген. 20 мен 90 жас аралығындағы 356 денсаулығы мық­ты еріктінің қан үлгісін зертте­генде жылдар өте келе ерлерде лим­фоцит саны кеми берсе, ал әйел­дерде керісінше арта түседі екен. Міне, осы себеп те әйелдер­дің көбірек өмір сүруіне әсер етеді.

Өкінішке қарай, өткен жылы елі­міз жұқпалы емес аурулар бойынша ерлер арасында әлем­де өлім көрсеткіші жоғары 10 мем­лекеттің қатарына кірді. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Лондон империялық колледжі мен Жұқпалы емес аурулармен күрес альянсы халықтың жүрек-қан тамырлары ауруы, тыныс алу органдарының созылмалы ау­рулары мен диабеттен қайтыс болуы есебін жариялады. Зерт­теуге сүйенсек, жұқпалы емес ауру­лардан дүниежүзі бойынша жыл сайын шамамен 41 миллион адам көз жұмады екен. Оның 17 миллионы 70-ке толмағандар. Міне, осы көрсеткіш бойынша алғашқы ондыққа еніп отырмыз.

Бір қызығы, жұқпалы емес ау­рулардан көз жұмғандар ерлер мен әйелдер арасында әр елде әрқалай. 30-70 жас аралығындағы әйелдер арасындағы өлімнің төмен көрсеткіші табыс деңгейі жоғары Оңтүстік Корея, Жапония, Испания, Швейцария мен Син­гапур елдеріне тиесілі. Сьерра-Леон, Кот-д'Ивуар, Гвинея, Йемен мен Ауғанстанда жұқпалы емес аурудан қаза табатын әйел саны өте көп. Ал ерлердің өлімі бойынша Исландия, Швейцария, Швеция, Норвегия және Бахрейн елдері төменгі сатыға жайғасқан. Моңғолия, Фиджи, Қазақстан, Түркіменстан, Ресей, Беларусь, Украина, Грузия, Кирибати, Солтүстік Корея жоғары көр­сет­кішке ие.

«Аман-саулық» қоғамдық қо­ры президенті Бақыт Түменова жұқ­палы емес аурулар сал­да­рынан көз жұматын ерлердің қатары көп екенін айтып, да­был қағып жүр­ге­ніне бірнеше жыл­дың жүзі болды.

«Статистикаға қарап, көптеген адам денсаулық сақтау жүйесіне кінә артуы мүмкін. Алайда сыр­қаттардың көбіне ішімдік, майлы тамақ, салауатты өмір салтын ұс­тамау әсер етеді. Бұл жағдайды үнемі айтып келеміз. Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымы енді ғана бұл жағдайды ресми мойындап отыр» дейді ол.

Бақыт Түменованың пікірін­ше, ең әуелі салдармен емес, се­беппен күресу қажет. Жұқпалы емес ау­рулармен күрес және профи­лактика үшін елімізде мемлекеттік деңгейде шаралар қабылданып жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдарының көтерген мәселелері «Денсаулық 2016-2019» мемлекеттік денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасына енген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға шалдыққандар мен аурудың салдарына баға бер­генде олардың жынысына мән беру керегін айтады. Аталған ұйым жүр­гізген зерттеуге сай, ер­лер жағы жағдайының қиынын асы­рып көр­сеткенді жақсы көреді екен. Осыған қарап қазақтың «Әйелдің қырық жаны бар» деген сөзінің жаны бар-ау деген ой келеді.

Ерлер арасында ауру-сырқау мен өлім-жітімнің көп болуын денсаулығына салғырт қарауымен де байланыстыратындар көп. Оның үс­тіне, әйелдер гинеколо­гиялық тек­серулерден жиі өтсе, ер аза­маттардың денсаулығын бақылайтын уролог мамандар тап­шы. Сондықтан ерлер денсау­лы­ғымен айналысатын ар­найы ор­та­лықтар қажет-ақ. Дәрі­гер­дің бақы­лауында неғұрлым ерте бар­са, соғұрлым аурудың ал­дын алуға мүмкіндік туады. Сон­дық­тан «Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» деген қағиданы естен шығармаған жөн.