Алматыда екі бірдей ғимаратқа «бомба қойған» тұрғын сотталды
Алматыда екі бірдей ғимаратқа «бомба қойған» тұрғын сотталды
112
оқылды
Алматы әкімдігінде «бомба бар» деп полицияға жалған хабар берген тұрғынға үкім шықты. Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 сотында Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша қылмыс жасаған М. атты азаматтың ісі қаралды. М. сот үкімімен 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Айта кетейік, М. осы жылдың шілде айында мас күйінде жұмысында отырып, өзінің ұялы телефонынан «112» құтқару қызметіне қоңырау шалған. Сөйтіп әкімдіктің ғимаратына жарылғыш зат қойылғанын хабарлаған. Сонымен қоймай, ол 10 тамыз күні кешкісін тағы да мас күйінде 102 қызметіне хабарласып, Бостандық аудандық полиция бөлімінің ғимаратында бомба бар екенін айтқан. Осылайша, жалған ақпарат берген. М. өзінің заңға қайшы іс-әрекетімен мемлекеттік және құқық қорғау органдарына 124 079 теңге көлемінде материалдық зиян келтірген. Айыпты сот процесінде кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін жеткізді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.