Қазақстанда алғаш рет саяси қызметшілерді ротациялау институты енгізілмек. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі хабарлады. Ведомствоның түсіндіруінше, бұл жаңалық Президент өткен жұмада, 13 қарашада қол қойған, мемлекеттік қызмет саласындағы кейбір актілерге өзгерістер енгізген Жарлыққа сай өмірге жолдама алды.
Енді елімізде саяси қызметшілерді, яғни әкімдерді, министрлерді, вице-министрлерді, комитет, департамент жетекшілерін және басқа да бастықтарды тұрақты түрде ауыстырып отыру институты алғаш рет енгізілмек: бұрын міндетті ротация тек әкімшілік қызметшілерге қолданылған. «Бұдан былай саяси қызметшілер лауазымына тағайындалған күннен бастап әрбір 4 жыл сайын ротацияланатын болады. Бұл ретте, тиісті меморган басшысының шешімі бойынша саяси қызметшінің атқаратын лауазымында болу мерзімі тағы 2 жылға ұзартылуы мүмкін. Кейіннен 2 жылға ұзарту Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша ғана мүмкін болады. Осылайша, саяси қызметшілердің лауазымда болуының рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі 8 жылдан аспайды», – деді агенттік. Саяси қызметшілерді ротациялау институты 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі. Сондай-ақ осы Жарлықпен «Б» корпусының қызметшілерін ротациялау тәртібіне толықтырулар енгізілді. Мәселен, әкімдіктер басқармаларының басшыларына қатысты «өңіраралық ротациялау» деген енгізілді: бұрын оларды тек бір әкімдік шегінде ғана ауыстыру қолданылатын. Бірақ мұндай ротацияны әкімдер командасымен өзге өңірге көшіп баруға пайдалануы ықтимал. Сондықтан осы ротация тек агенттікпен келісім бойынша ғана жүргізілетін болады. Бұдан басқа, соңғы 3 жыл бойы белгілі бір басшылық лауазымдарды атқаратын, соның ішінде әртүрлі меморгандарда жұмыс істейтін «Б» корпусының қызметшілерін ерікті ротациялау енгізілді. Сонымен қатар мұндай ротация басқа әкімшілік-аумақтық бірлікке ғана мүмкін болады. Зейнеткерлік жасқа толуына 3 және одан аз жыл қалған қызметшілерге ротациядан бас тарту құқығы беріледі.Айхан ШӘРІП