«Техосмотрды» WhatsApp-пен жүргізеді
«Техосмотрды» WhatsApp-пен жүргізеді

Көшелерімізде қаңғырлаған «болт толы шелектер» жүр. Халық осылай дейді. Мұндай көлік техбайқаудан өте алмай қалуы тиіс еді. Бірақ сүзгі-елек істен шығыпты: алаяқ стансалар «техосмотрды» WhatsApp-пен өткізуді жолға қойып алған. Яғни, көлік жүргізушісі өзі келмейді, көлігін де көрсетпейді, тек техникалық байқау операторы нөміріне мессенджер арқылы «темір тұлпарының» фотосын жібереді. Сорақысы сол, кейбір оператор ол фотоны фотошоппен өңдеп, жөндеп те қояды екен.

Есігіңде үлкен құлып, әлі жабық...

Техбайқау – пандемия зама­нында күйзеліске түскен саланың бірі. Айтпақшы, шенеуніктерге шағымданған көлік иелері тех­­­никалық байқау (ТБ) орта­лық­тарының қайта ашылуына рұқсат етуді сұрап жатыр. «Түсіндіріңізші: карантин ке­­зеңінде техбайқауымның мерзімі түгесіліп қалса не істеймін? Пан­­­­­демия болса ұзап барады. Ал тех­­байқау орталықтары тегіс жабық тұр. Мысалы, мен қаланың шетінде тұ­­­­­рамын. Автобус көп қатынамайды. Жұмысыма дейін жеке көлігіммен жетемін. Жұмыс процесі компанияда жұмыс уақытында болуымды қажет етеді. Неге техбайқауының мерзімі өтіп кеткен жүргізушілерге көлігін әрі қарай басқара беруіне рұқсат ететін қаулы қабылдамайсыздар? Егер қабылдап қойсаңыздар, ха­­­лыққа айтыңыздар: полиция тоқ­­­татқанда соған сілтеме жасайық» деп өтінеді атыраулық Денис Ва­ливач. Жұртшылықтан түскен мұндай сұрау билік өкілдерінің таңданысын туғызды. Себебі техбайқау орта­­­лықтарының ашылуына мамыр айында-ақ рұқсат етіліпті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң Көлiк комитетiнің төрағасы Самат Ғилымов мұны растады. – Өзге кәсіпорындар сияқты тех­­никалық байқау орталықтарының қызметі елімізде төтенше жағдай енгізілгенде тоқтатылған болатын. Олар 16 наурыздан 11 мамыр ара­­лығында жабық тұрды. Қазір ТБ орталықтары қызметін бұрынғы режимде жалғастырып жатыр. Олар­дан тек коронавирус инфек­­ция­­сының таралуына жол бермеу және барлық санитарлық норма­­ларды сақтау талап етіледі. Заңнама бойын­ша техникалық қарап тексеруден өтпей автокөліктердің жолда жүруіне тыйым салынған, – деді Самат Қуанышұлы. Оның түсіндіруінше, жүргізу­шілерге мерзімі өтіп кеткен ескі техбайқаумен одан әрі жүре беруіне жол ашатын ешқандай құжат жоқ. Уақыты бітті ме, ТБ-дан өтсін! Сонда неге халық: «бұл стан­салардың ашылуына билік мұрша бермей отыр» деп ойлайды? Себептің бір ұшы пандемия мен дағдарысқа тіреледі. Карантинге жабылған біраз кәсіпкерлік нысаны ашыла алмады. Мысалы, қолда бар ресми дерекке жүгінсек, бүгінде Нұр-Сұлтан қала­­­­сында техникалық байқау өткізуге маманданған 24 оператор және оның 32 орталығы жұмыс істеуде. Оларда «темір тұлпарды» қарап тексеруге мүмкіндік беретін 37 стационарлық желі және 11 жыл­жымалы, мобильді желі бар. Елордада 18 оператор жа­былып қалған. Еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматыға 88 оператор мен 98 орта­лық қызмет көрсетеді: олар 107 стационарлық және 45 ұтқыр-мо­бильді желіге ие. Алатау бөктеріндегі алып шаһарда 59 оператор құрдымға құлап, ойыннан шыққан! Бұл – еліміздегі рекордтық көрсеткіш. Алматы облысына 49 оператор, 56 орталық және 59 желі тиесілі. Өңір нарығы 14 ойыншысынан айы­­рылды. Бүкіл Ақтөбе облысындағы жүргізушілердің енді тек 21 опе­раторға, 21 орталыққа, 12 СЖ мен 13 МЖ-ға ғана күні қарады. Өйткені пандемия мен дағдарыс ауырт­палығына шыдамай, 14 опе­ратордың «омыртқасы опы­­рылды». Осылайша, пандемияның ал­ғашқы толқынының соққысы өңірлерде 257 операторды күйретіп кетті. Алда екінші толқын келе жатыр...

Бұл бизнестің шығыны шаш етектен

Салада қалған ойыншылардың ісіне биліктің көңілі толмайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі талапты кү­шейтпек. Ведомствоның түсін­­­діруінше, 2012-2015 жылдары ТБ орталықтары өтініш негізінде ашылып келді: оны құрғысы келген кәсіпкер уәкілетті органға өтінішін және жабдығының сертификатын қоса жолдауы тиіс болды. Бұдан бөлек, одан директорының бұй­рығы, қызметкерлері дип­лом­­да­рының көшірмесі, орталық ау­­мағының және ғимараты ішінің фотосуреті, нысанның паспорты талап етілетін. Сала бизнесмендерінің ай­­­­туынша, техбайқау орталығын ашу арзан тұрмайды: біріншіден, құрал-жабдық пен орынжайды сатып алуға не жалдауға ақша жұмсайсың. Екіншіден, ТБ-ның тек 1 желісінің жиынтығы орта есеппен кем дегенде 170 мың доллар тұрады. Мысалы, 2012 жылы оған 25 миллион теңгедей шығын кететін. Содан бері бірнеше девальвация жүріп, салдарынан бұл сома 76,5 миллион теңгеге дейін артып шыға келді. Мұның сыртында мемлекеттің қаптаған алым-салы­ғын, қызметкерлер үшін әлеуметтік аударымдарын төлеу керек. 2016 жылы Президенттің тап­сырмасына сәйкес, әкімшілік ке­дергілерді жою және бизнес про­цестерді жеңілдету мақсатында осындай орталық ашу рәсімі хабар­лама тәртібіне көшірілді. Сол кезден бастап, техбайқау стансасын құру үшін қажетті құжаттар сұрал­майтын болды. «Бүгінде Қазақстанда 709 тех­байқау операторы автокөліктерді техникалық қарап тексеруді жүзеге асырады. Олардың құрамында 1 000-нан астам орталық тіркелген. Тех­байқауды бәсекелі ортаға бергелі техникалық жағдайы тексеруден өтпеген көлік құралдарының үлесі үнемі төмендеп келеді. Мысалы, 2012 жылы машиналардың 13%-ы өтпегені анықталса, 2019 жылы бұл үлес 5%-ға дейін кеміді. Техбайқаудан өтпеген көліктердің азаюына бірін­шіден, ТБ орталықтарын ашу рә­сімінің оңайлатылуы ықпал етті. Екіншіден, қадағалау шаралары жұмсартылды, тексерістер азай­тыл­ды», – дейді министрлік. Алайда тәртіп-тексерудің бо­саңсуы кесірінен ниеті таза емес, жо­сықсыз тұлғалар баю жолында заң талаптарын аяқасты етіп, бұзу­шылықтарға жол бере бастады. Мы­салы, меморган анықтағанындай, кейбір операторлар техникалық қарап тексеру нәтижелерін «фото­шоп» арқылы түзететінді шы­ғарыпты. Сонымен қатар бірқатарының техбайқауды көліктің қатысуынсыз-ақ өткізе беретіні әшкереленді. Ел Парламенті 2019 жылғы сәуірде өзгерткен «Жол жүрісі туралы» заңы­на сәйкес, егер автокөлік иесі көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ұсынбаса, көлік құралының өзін ұсынбаса, немесе мемтіркеу нөмірі жоқ көлік құ­ралдарын ұсын­­са, онда оператор техникалық қарап тексеруден бас тартуы тиіс. «Оның орнына бірқатары ин­­­тернетке қашықтан техбайқау өткізу туралы жарнама беріп, WhatsApp және басқа да мессенджерлер (көлік құралдарының фотосуреттерін жі­беру) арқылы техникалық «қарап тексеруден» өткізетін болған. Бұдан бөлек, кей жерде жалғыз бір жабдық­ты бірнеше орталықтың бір мезгілде пайдаланатыны анықталды», – деді Индустрия министрлігі. Сондықтан келесі жылы бірың­­ғай ақпараттық жүйе «Нацэкс» АҚ жүйесімен интеграцияланып, тек­серу сертификаттарының өзін тек­­серу жолға қойылады деп жос­пар­лануда. ТБ операторлары техбайқаудан өтудің диагностикалық карта­ларының саудасын да жолға қойып­­ты: соны сатумен айналысатын кең­селер мен бекеттер ашып алған.

Байлық іздеп, билікті басынды

Жауапты органның байла­­мын­ша, егер салада бақылауды кү­­­­шейтпесе, көшелер мен трассалар жалған не үстірт диагностикалаудан өткен ақаулы көліктерге толады. Оның арты жол-көлік оқиғаларының көбеюіне соқтырады, халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төн­діреді. Ал майы аққан көліктер қоршаған ортаға нұқсан келтіреді. Бұған қарсы қауқар қылуға әзірге Көлік комитетінің шамасы жоқ. Се­­бебі ТБ орталығын ашқанда уәкілетті орган бақылау-қадағалау шараларын жүргізе алмайды. Тек­­­серіспен сау ете қалуға құқы жоқ. Көшедегі поли­цейлер ісіне адал емес орталық бер­ген құжатқа сенуге мәжбүр. Автокөліктердің фотосуретін фотошоп арқылы редакциялағаны, диагностикалау нәтижелерін тү­зеткені, техникалық қарап тексе­руді көліксіз-ақ өткізгені үшін 2019 жылы 135 оператордың ақпараттық жүйеге кіруіне тыйым салынды. Биыл 2020 жылы тағы 151 оператордың қызметі тоқтатылған. Дегенмен кейбірінің аяғына мұның өзі тұсау емес екені бай­­­қалады: Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Қостанай, Түркістан, Жамбыл облыстарында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүйесіне қолжетімділігінен айы­рылған кем дегенде 2-3 техбайқау орталығы апта сайын соған қайтадан қосылып отырғаны белгілі болды. Бұған оларға өзге операторлар жәр­демдесетін болса керек. Сондықтан министрлік Парла­­менттен заңды қатайтуды сұрап отыр. Тиісті заң жобасы әзір. Егер заң қабылданса, тек тиісті ауласы, ғимараты және жабдығы бар ТБ орталықтары ғана техбайқау опера­торлары реестріне ене алады. Со­нымен бірге үстірт, формальді қарап тексерулерге тыйым салынбақ. Ең бастысы, осындай орталықтар ашыл­­­­­­­­­мас бұрын «рұқсат алды бақы­лаудан» өтуге тура келеді. Кезекті реформаның нендей нәтиже әкелері белгісіз. Одан қайыр болмаса, реформа жалғаспақ.

АйханАйхан ШӘРІП