Көшелерімізде қаңғырлаған «болт толы шелектер» жүр. Халық осылай дейді. Мұндай көлік техбайқаудан өте алмай қалуы тиіс еді. Бірақ сүзгі-елек істен шығыпты: алаяқ стансалар «техосмотрды» WhatsApp-пен өткізуді жолға қойып алған. Яғни, көлік жүргізушісі өзі келмейді, көлігін де көрсетпейді, тек техникалық байқау операторы нөміріне мессенджер арқылы «темір тұлпарының» фотосын жібереді. Сорақысы сол, кейбір оператор ол фотоны фотошоппен өңдеп, жөндеп те қояды екен.
Есігіңде үлкен құлып, әлі жабық...
Техбайқау – пандемия заманында күйзеліске түскен саланың бірі. Айтпақшы, шенеуніктерге шағымданған көлік иелері техникалық байқау (ТБ) орталықтарының қайта ашылуына рұқсат етуді сұрап жатыр. «Түсіндіріңізші: карантин кезеңінде техбайқауымның мерзімі түгесіліп қалса не істеймін? Пандемия болса ұзап барады. Ал техбайқау орталықтары тегіс жабық тұр. Мысалы, мен қаланың шетінде тұрамын. Автобус көп қатынамайды. Жұмысыма дейін жеке көлігіммен жетемін. Жұмыс процесі компанияда жұмыс уақытында болуымды қажет етеді. Неге техбайқауының мерзімі өтіп кеткен жүргізушілерге көлігін әрі қарай басқара беруіне рұқсат ететін қаулы қабылдамайсыздар? Егер қабылдап қойсаңыздар, халыққа айтыңыздар: полиция тоқтатқанда соған сілтеме жасайық» деп өтінеді атыраулық Денис Валивач. Жұртшылықтан түскен мұндай сұрау билік өкілдерінің таңданысын туғызды. Себебі техбайқау орталықтарының ашылуына мамыр айында-ақ рұқсат етіліпті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлiгiнiң Көлiк комитетiнің төрағасы Самат Ғилымов мұны растады. – Өзге кәсіпорындар сияқты техникалық байқау орталықтарының қызметі елімізде төтенше жағдай енгізілгенде тоқтатылған болатын. Олар 16 наурыздан 11 мамыр аралығында жабық тұрды. Қазір ТБ орталықтары қызметін бұрынғы режимде жалғастырып жатыр. Олардан тек коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және барлық санитарлық нормаларды сақтау талап етіледі. Заңнама бойынша техникалық қарап тексеруден өтпей автокөліктердің жолда жүруіне тыйым салынған, – деді Самат Қуанышұлы. Оның түсіндіруінше, жүргізушілерге мерзімі өтіп кеткен ескі техбайқаумен одан әрі жүре беруіне жол ашатын ешқандай құжат жоқ. Уақыты бітті ме, ТБ-дан өтсін! Сонда неге халық: «бұл стансалардың ашылуына билік мұрша бермей отыр» деп ойлайды? Себептің бір ұшы пандемия мен дағдарысқа тіреледі. Карантинге жабылған біраз кәсіпкерлік нысаны ашыла алмады. Мысалы, қолда бар ресми дерекке жүгінсек, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында техникалық байқау өткізуге маманданған 24 оператор және оның 32 орталығы жұмыс істеуде. Оларда «темір тұлпарды» қарап тексеруге мүмкіндік беретін 37 стационарлық желі және 11 жылжымалы, мобильді желі бар. Елордада 18 оператор жабылып қалған. Еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматыға 88 оператор мен 98 орталық қызмет көрсетеді: олар 107 стационарлық және 45 ұтқыр-мобильді желіге ие. Алатау бөктеріндегі алып шаһарда 59 оператор құрдымға құлап, ойыннан шыққан! Бұл – еліміздегі рекордтық көрсеткіш. Алматы облысына 49 оператор, 56 орталық және 59 желі тиесілі. Өңір нарығы 14 ойыншысынан айырылды. Бүкіл Ақтөбе облысындағы жүргізушілердің енді тек 21 операторға, 21 орталыққа, 12 СЖ мен 13 МЖ-ға ғана күні қарады. Өйткені пандемия мен дағдарыс ауыртпалығына шыдамай, 14 оператордың «омыртқасы опырылды». Осылайша, пандемияның алғашқы толқынының соққысы өңірлерде 257 операторды күйретіп кетті. Алда екінші толқын келе жатыр...Бұл бизнестің шығыны шаш етектен
Салада қалған ойыншылардың ісіне биліктің көңілі толмайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі талапты күшейтпек. Ведомствоның түсіндіруінше, 2012-2015 жылдары ТБ орталықтары өтініш негізінде ашылып келді: оны құрғысы келген кәсіпкер уәкілетті органға өтінішін және жабдығының сертификатын қоса жолдауы тиіс болды. Бұдан бөлек, одан директорының бұйрығы, қызметкерлері дипломдарының көшірмесі, орталық аумағының және ғимараты ішінің фотосуреті, нысанның паспорты талап етілетін. Сала бизнесмендерінің айтуынша, техбайқау орталығын ашу арзан тұрмайды: біріншіден, құрал-жабдық пен орынжайды сатып алуға не жалдауға ақша жұмсайсың. Екіншіден, ТБ-ның тек 1 желісінің жиынтығы орта есеппен кем дегенде 170 мың доллар тұрады. Мысалы, 2012 жылы оған 25 миллион теңгедей шығын кететін. Содан бері бірнеше девальвация жүріп, салдарынан бұл сома 76,5 миллион теңгеге дейін артып шыға келді. Мұның сыртында мемлекеттің қаптаған алым-салығын, қызметкерлер үшін әлеуметтік аударымдарын төлеу керек. 2016 жылы Президенттің тапсырмасына сәйкес, әкімшілік кедергілерді жою және бизнес процестерді жеңілдету мақсатында осындай орталық ашу рәсімі хабарлама тәртібіне көшірілді. Сол кезден бастап, техбайқау стансасын құру үшін қажетті құжаттар сұралмайтын болды. «Бүгінде Қазақстанда 709 техбайқау операторы автокөліктерді техникалық қарап тексеруді жүзеге асырады. Олардың құрамында 1 000-нан астам орталық тіркелген. Техбайқауды бәсекелі ортаға бергелі техникалық жағдайы тексеруден өтпеген көлік құралдарының үлесі үнемі төмендеп келеді. Мысалы, 2012 жылы машиналардың 13%-ы өтпегені анықталса, 2019 жылы бұл үлес 5%-ға дейін кеміді. Техбайқаудан өтпеген көліктердің азаюына біріншіден, ТБ орталықтарын ашу рәсімінің оңайлатылуы ықпал етті. Екіншіден, қадағалау шаралары жұмсартылды, тексерістер азайтылды», – дейді министрлік. Алайда тәртіп-тексерудің босаңсуы кесірінен ниеті таза емес, жосықсыз тұлғалар баю жолында заң талаптарын аяқасты етіп, бұзушылықтарға жол бере бастады. Мысалы, меморган анықтағанындай, кейбір операторлар техникалық қарап тексеру нәтижелерін «фотошоп» арқылы түзететінді шығарыпты. Сонымен қатар бірқатарының техбайқауды көліктің қатысуынсыз-ақ өткізе беретіні әшкереленді. Ел Парламенті 2019 жылғы сәуірде өзгерткен «Жол жүрісі туралы» заңына сәйкес, егер автокөлік иесі көлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ұсынбаса, көлік құралының өзін ұсынбаса, немесе мемтіркеу нөмірі жоқ көлік құралдарын ұсынса, онда оператор техникалық қарап тексеруден бас тартуы тиіс. «Оның орнына бірқатары интернетке қашықтан техбайқау өткізу туралы жарнама беріп, WhatsApp және басқа да мессенджерлер (көлік құралдарының фотосуреттерін жіберу) арқылы техникалық «қарап тексеруден» өткізетін болған. Бұдан бөлек, кей жерде жалғыз бір жабдықты бірнеше орталықтың бір мезгілде пайдаланатыны анықталды», – деді Индустрия министрлігі. Сондықтан келесі жылы бірыңғай ақпараттық жүйе «Нацэкс» АҚ жүйесімен интеграцияланып, тексеру сертификаттарының өзін тексеру жолға қойылады деп жоспарлануда. ТБ операторлары техбайқаудан өтудің диагностикалық карталарының саудасын да жолға қойыпты: соны сатумен айналысатын кеңселер мен бекеттер ашып алған.Байлық іздеп, билікті басынды
Жауапты органның байламынша, егер салада бақылауды күшейтпесе, көшелер мен трассалар жалған не үстірт диагностикалаудан өткен ақаулы көліктерге толады. Оның арты жол-көлік оқиғаларының көбеюіне соқтырады, халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Ал майы аққан көліктер қоршаған ортаға нұқсан келтіреді. Бұған қарсы қауқар қылуға әзірге Көлік комитетінің шамасы жоқ. Себебі ТБ орталығын ашқанда уәкілетті орган бақылау-қадағалау шараларын жүргізе алмайды. Тексеріспен сау ете қалуға құқы жоқ. Көшедегі полицейлер ісіне адал емес орталық берген құжатқа сенуге мәжбүр. Автокөліктердің фотосуретін фотошоп арқылы редакциялағаны, диагностикалау нәтижелерін түзеткені, техникалық қарап тексеруді көліксіз-ақ өткізгені үшін 2019 жылы 135 оператордың ақпараттық жүйеге кіруіне тыйым салынды. Биыл 2020 жылы тағы 151 оператордың қызметі тоқтатылған. Дегенмен кейбірінің аяғына мұның өзі тұсау емес екені байқалады: Алматы қаласында, сондай-ақ Алматы, Қостанай, Түркістан, Жамбыл облыстарында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жүйесіне қолжетімділігінен айырылған кем дегенде 2-3 техбайқау орталығы апта сайын соған қайтадан қосылып отырғаны белгілі болды. Бұған оларға өзге операторлар жәрдемдесетін болса керек. Сондықтан министрлік Парламенттен заңды қатайтуды сұрап отыр. Тиісті заң жобасы әзір. Егер заң қабылданса, тек тиісті ауласы, ғимараты және жабдығы бар ТБ орталықтары ғана техбайқау операторлары реестріне ене алады. Сонымен бірге үстірт, формальді қарап тексерулерге тыйым салынбақ. Ең бастысы, осындай орталықтар ашылмас бұрын «рұқсат алды бақылаудан» өтуге тура келеді. Кезекті реформаның нендей нәтиже әкелері белгісіз. Одан қайыр болмаса, реформа жалғаспақ.